Қандастар Ассамблея

Білім саласындағы жаңа жүйе – эксперимент емес

27.04.2016 2322
Министрмен кездесу

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев көпшілік қауыммен кездесіп, көптің көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді.

Осы кездесуде министрге жұртшылық тарапынан: «Мектептерде оқытылатын пәндердің санын қысқарту, білімнің сапасына әсер етеді дегенге қаншалықты сенесіз? Білім жүйесінің сапасын жоғарылату үшін осы экспериментті енгізу дұрыс па?», – деген сауал қойылды.

Сұраққа министр Ерлан Сағадиев: «Бұл біріншіден эксперимент емес. Эксперимент бұған дейін 15 жыл бұрын Президенттің тапсырмасына орай енгізіліп, өз нәтижесін беріп үлгерді. 10 000 бала жаңа білім жүйесі бойынша білім мекемелерін тәмамдап, оң нәтижесін берді. Нәтиже тамаша екенін уақыт көрсетіп отыр. Енді еліміздегі 70 мыңнан астам орта білім беру мектептері жаңа жүйеге көшеді. Пәндердің саны қысқартылатын болады. Бұрын білім ошақтарында 18-19 пән оқытылса, енді олардың саны 13-14-ке дейін қысқарады. Бұл оқытушылар үшін де жақсы. Салыстырып қарасақ, Назарбаев зияткерлік мектептерін тәмамдаған оқушылардың білім көрсеткіші көңілге қонымды. Олардың ЖОО қабылдануы, тіл білуі, оқу үлгерімі қалыпты мектептерде білім алған балалардікінен көш ілгері», – деп жауап берді.

Кездесуде сондай-ақ оқулықтардың сапасын көтеру мәселесі де қозғалды. Ведомоство басшысының айтуынша, бұл бағытта екі жаңашылдық енгізіледі. Бірінші – оқу құралдары біркелкі жүйеге көшеді. Екінші – бұдан былай оқулықтарды жазған, әзірлеген авторлардың авторлық құқығы қорғалатын болады. Заңды түрде құжат әзірленіп, желтоқсанға дейін даярланатыны айтылды. Оқулықтардың сапасы жақсарту мақсатында барынша жетілдірілетіні сөз болды. 2015 жылы 500-ден астам мектеп бой көтерді.

Министрдің есептік кездесуі www.bnews.kz ақпараттық интернет порталы арқылы тікелей трансляцияда көрсетілді. Бүгінгі кездесуде министр мырза жұртшылық тарапынан жолданған 24 сұраққа жауап берді. Бұдан өзге де көптің көкейінде жүрген сауалдарды vopros@bnews.kz. электрондық поштасына жолдауға болатындығы айтылып, жауапсыз қалған сұрақтарды нақты құжат түрінде даярлап, министрге жолдауын өтінді.


Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ 

   

Ұқсас материалдар