Қандастар Ассамблея

Білім көшімен бірге қозғалайық

27.04.2016 3628
Мектеп оқушыларының үш тұғырлы тілге қатысты ойларын сұрап білдік.

Үш тұғырлы тіл мәселесі халық арасында қызу талқылануда. Өткен санымызда мектеп мұғалімдерінің білім беру жүйесіндегі өзгерістер туралы пікірін жариялаған болатынбыз. Ендігі кезекте мектеп оқушыларының  өзекті мәселеге қатысты ойларын сұрап білдік.

Нұржан Қымбат, №66 мектеп-лицей, 10 «В» сынып оқушысы

 Оқушы ретінде үш тұғырлы тіл мәселесіне қатысты ойың қандай?

  «Үш тұғырлы тіл» мәселесі қазіргі уақытта ҚР-ның ең басты мәселелерінің бірі болып саналады. Президентіміз айтқандай, үш тілдің ішінде қазақ тіліне басымдық беріліп, қалған екі тіл (ағылшын және орыс тілдері) сол ана тілімізге бағынышты күйде болады. Әрине, дамыған өркениетті 30 елдің қатарына қосылу мақсатында жүргізіліп отырған «Үш тұғырлы тіл» саясаты, шын мәнінде, елдің ертеңі үшін керек нәрсе. Яғни, елімізге үш тілді меңгерген, кез келген жерден ақпарат ала алатын, өз ісін бар ынтасымен жасайтын мамандар қажет. Болашақ ұрпақтың өте білімді, ақылды, жан-жақты болып өсуіне көп көмегін тигізеді. Қорытындылай келе, мен осы мәселені жақтап, тек оң нәтиже береді деп ойлаймын.

– Жаңа бағдарламаға сәйкес 10-11 сыныптан бастап химия, биология және физика пәндерін ағылшын тілінде оқудың артықшылықтары қандай деп ойлайсың?

 Негізі 10-11 сыныптан бастап химия, биология, физика пәндерін ағылшын тілінде оқыту біраз қиыншылықтар әкеледі. Себебі, төменгі сыныптарда қазақ тілінде оқып, қазақ тіліндегі терминдерді қолданып келіп, ағылшын тіліне көшу, оқушыларға қиын болады. Онымен қоса, оқушыларға білім беріп жатқан мұғалімдер де, үш тілді жетік меңгеруі керек. Бірақ оқушыларға білім беретін мұғалімдер дайын болса, оқушылар да дайын. Осының бәріне уақыт керек болады, себебі осы жүйелерді мектептерге кіргізудің өзі бірталай еңбекті қажет етеді. Берілген пәндерді ағылшын тілінде тек қана мектепте емес, жоғары оқу орындарында да оқыту керек. Соның ішінде педагогтер даярлайтын мамандықтарға көп көңіл беру керек. Сонда ғана оң нәтиже береді деп ойлаймын.

– Үш тілді жетік меңгеру сен үшін  неліктен маңызды?

 Мен үшін үш тілді жетік меңгеру болашақта өз мақсаттарыма жетуіме септігін тигізеді. Қазіргі уақытта тіл білу-заман талабы болып саналады. Тіл білмесең, шетелге шығу мүмкіндігің болмайды. Ал шетелге адам өз білімін жетілдіру үшін шығады. Болашағыңның жарқын болуы үшін, жұмыс істеуің керек, ал қазіргі уақытта жұмысқа тұру үшін өте көп талаптар қойылуда. Соның бірі ол - үш тілде еркін сөйлеу. Егер де болашақта өз мақсаттарыңа жетіп, ҚР-ның дамуына өз үлесіңді қосқың келсе, қазірден бастап тілдерді меңгеруің жөн деп есептеймін.

 Каирбекова Айдана, № 66 мектеп –лицей, 11 «в» сынып оқушысы 

 Оқушы ретінде үш тұғырлы тіл мәселесіне қатысты ойың қандай?

– Білім дегеніміз – ұшы-қиыры жоқ теңіз іспетті. Біз де білім көшінен қалыспауымыз керек деп ойлаймын. Себебі қазіргі заман көшіне байланысты мектеп бітірген оқушы жан-жақты болу керек. Негізгі білім мектепте қаланатындықтан, оқушының жан-жақты білімді болып шығуы оның болашағына жол ашады.

– Жаңа бағдарламаға сәйкес 10-11 сыныптан бастап химия, биология және физика пәндерін ағылшын тілінде оқудың артықшылықтары қандай деп ойлайсың?

– 10-11 сыныптарда химия, биология, физика пәндерін ағылшын тілінде оқытудың артықшылығы – терминдердің, биологияға қатысты өсімдік атаулының атауларын ағылшын тілінде білу заман талабына сай талап деп ұғынамын. Бұл тек 10-11 сыныптарда ғана оқытылса, бастауыш сыныптан бастап оқытудың қажеті жоқ. Себебі, бала бастауыш сыныпта тек өзінің ана тілінде ғана білім алу керек. Біз өзіміздің ана тілімізді ең жоғарғы орынға қоюымыз керек.

– Үш тілді жетік меңгеру сен үшін  неліктен маңызды?

– Үш тілді жетік меңгерудің маңыздылығы – болашақта кез келген ортада өзіңнің қандай білімді, дарынды екендігіңді таныту. Яғни, дарынды оқушы өзіне қажеттісін кез келген ортада меңгеріп алады. Бұл дегеніміз барлық оқушы бірдей емес, кейбір қазақтың балалары өзінің ана тілін жетік біле бермейді, ана тілінде өз ойын толық жеткізе алмайды. Сол балаға ағылшын тілінде сабақ өтсе, әрине, тілімізді құртамыз. Ол дегеніміз –ұлтымызға төнген қауіп. Сондықтан бұл мәселеге үстірт қарауға болмайды.


Айгүл ШЕРНИЯЗОВА

Суреттерді түсірген Нұрбек Әлманбетов

Ұқсас материалдар