Қандастар Ассамблея

Билікті легитимдеудің әдістері

26.11.2015 2041
Саяси биліктің легитимділігін қамтамасыз ету өте күрделі мәселе.

Саяси биліктің легитимділігін қамтамасыз ету өте күрделі мәселе. М.Вебер бойынша, саяси билікті легитимдеудің үш түрлі әдісі бар.

Бірінші әдіс – «дәстүрлі» - биліктік қатынастар мен саяси билік сакралданады да, саяси лидер «Құдайдың жердегі көлеңкесі» ретінде қарастырылады; Құдайдың қаһарынан қорқып, адамдар билікке қарсы бармайды.

Екінші – «заңдық-рационалдық» - ақылға, мүдделерге негізделеді; хаос пен анархиядан қорқып, адамдар саяси биліктің «формальды-бюрократиялық» қызмет етушілік нормаларын бұзбайды; олар қазіргі саяси тәртіпті ең тиімді деп ойлайды. (Бұл әдіс У. Черчилдің мына бір сөздерінде өзінің шынайы бейнесін тапты «демократия – басқаларын қоспағанда, барлық басқару формаларының ішіндегі ең нашары»).

Үшінші әдіс – «харизматикалық» - саяси биліктің қоғамды тығырықтан шығара алатынына сенеді; саяси билікті легитимдеудің бұл әдісіне әдеттегідей қиын-қыстау уақытта арқа сүйейді, әсіресе, «революциялық» кезеңде.

Саяси билікті легитимдеудің әрбір жоғарыда аты аталынған әдісі өзінің әлсіз және күшті жақтарына ие.

Мысалыға, легитимділіктің дәстүрлі әдісінің күшті жағы оны сенім ретінде қабылдап, оған күмән келтірмейді және биліктің қызметтік нормаларын дәстүр, әдет-ғұрып ретінде сақтайды. Алайда, бұл әдіс иррационалды бастауларға негізделгендіктен, саяси жүйені дәстүршілдендіріп, дер кезінде жаңартулар мен өзгертулер енгізуге, оның әлсіздігін қоғамда ашық талқылауға салуға кедергі келтіреді және т.б.

Легитимділіктің заңдық-рационалдық әдісі, керісінше, білімге, адамдардың келісіміне сүйенеді, өзінің рационалдылығымен және прагматикалылығымен күшті.

Дегенмен, біріншіден, белгілі бір мәселелер бойынша жалпы мәмілеге келу өте күрделі, қай нәтиже рационалды, тиімді деген мәселелерді таңдауда дағдарып қалады; екіншіден, рационалдылықпен қазіргі қоғамда мүлде азшылық басқарылады; үшіншіден, экстремалды жағдайда рационалдылық күмән астында қалып қояды. Сондықтан таза рационалдылық әдіске сирек жүгінеді.

Легитимділіктің харизматикалық әдісі – саяси биліктің құдіреттілігін қамтамасыз етеді, мұндай жағдайда, халықтың басым бөлігі саяси билікті қолдайды, оны «өзінікі» сияқты қарастырады; ол үлкен деңгейде «несиелік сенімге» ие болады, бұқара халықтың ынтасына сенім артуы мүмкін.

Алайда, сонымен бір мезетте, біріншіден, осы «несиелік сенім» өте жылдам бұзылуы мүмкін, сол кезде, Вебердің айтуы бойынша, харизма «ескіріп қалады» және билік легитимділіктің басқа әдісіне жүгінуіне тура келеді, екіншіден, биліктің қызметі мен тиімділігі тұтасымен жалғыз лидердің қабілетіне тәуелді, т.б. мұндай әдіс жағдайында жаңа саяси тәртіптің қалыптасуына мүмкіндіктер қалыптасып қана қоймайды, сонымен бірге, тиранияның орнығуы немесе түгелімен құрдымға кетуіне тәуелділік пайда болады.

Көріп отырғанымыздай, қандай да бір мемлекетке қай әдістің тиімді, жақсырақ екенін дәл тауып, анығын басып айту қиын. Бұл көптеген жағдайлармен байланысты. Жекелей алғанда, легитмділіктің дәстүрлі әдісі дәстүрлі байланыстар қатаң сақталған, қоғамның секуляризациясы мен білім деңгейі төмен елдерде нәтижелірек болады.

Екінші жағынан, адамдар саяси билікке қатысты мәселелерді ашық қоғамдық талқылауларға әлі үйренбегендіктен мұндай елдерде заңдық-рационалды әдісті жүзеге асыру мүмкін емес. Дамыған елдерде сенімге емес, білімге негізделетін заңдық-рационалдық әдіс тиімдірек саналады, алайда, бұрын айтып өткеніміздей, адамзат дамуының қазіргі кезеңінде оны қамтамасыз ету шектен тыс күрделі. Заңдық-рационалдық әдіс, қоғам келісімге келе алуы үшін, заңдарды бұзбау үшін қоғамда заңдарға құрметпен қарауды талап етеді. Иррационалды элементтер (сенім, дәстүр, әдет-ғұрып және т.б.) мифологиялық күшін жоғалтқан, заңдар аз қанағаттандырылған қоғамда легитимділіктің харизматикалық әдісі жүзеге асырылады.

Тарихи практика көрсетіп бергендей, қазіргі индустриалдық елдерде саяси билікті легитимдеудің мынадай әдісі көбірек тиімді, ол бойынша дәстүрлі элементтер сақталып, заңдық-рационалдық (мысалы, биліктің символикалық мұрагерлігі сақталатын парламенттік монархия, алайда, монарх іс-жүзінде ештенені шешпейді) әдіс басты рөл атқарады.


Дәурен Өмірәлі

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Философия және саясаттану факультеті, Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының магистранты