Қандастар Ассамблея

Бекзат Саттарханов биыл 35 жасқа толар еді...

28.04.2015 19957
"Менің жеңісім – қазақтың жеңісі!" деп атой салған бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановтың 4 сәуір туған күні.

"Менің жеңісім – қазақтың жеңісі!" деп атой салған бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановтың 4 сәуір туған күні. Қазақтың батыр ұлы тірі болғанда 35 жасқа толар еді...

2012 жылы Олимпиада чемпионы туралы режиссер Ермек Шахмет көркем фильм түсіріп жатыр деген ақпар тараған еді. Тіпті, ол фильмнің тизері де интернетке тарап үлгерді. Батырдың туған күні қарсаңында Ермек Шахметке арнайы хабарласып, осы туралы білмек болдық.

Ермек Шахмет:

– 31 наурыз күні Түркістанда жергілікті әкімдіктің ұйымдастыруымен, Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сәпиев сынды Олимпиада чемпиондары, Бекзат Саттархановтың ата-анасы, туған-туыстарының қатысуымен Бекзат туралы деректі фильмнің тұсауы кесілді. Ал, "Бекзат" фильміне келетін болсақ, түсірілім жалғасып жатыр, алда бұл туралы хабарлайтын боламыз, – деп жауап берді. 

Бүгін біз бар-жоғы 20 жасында әлемді мойындатқан халқымыздың маңдайына біткен арыс ұлы – Бекзат Саттархановтың әр түрлі басылым беттеріне айтқан сөздерінен үзінді келтіргелі отырмыз. Өйткені, Олимпиада чемпионы арамызда болғанда 4 сәуір күні 35 жасқа толар еді...

– 1995 жылы теледидардан қазақтың былғары қолғап шеберлері Ермахан Ыбырайымов, Қанат Шағатаев, Болат Жұмаділов, Нұржан Смановтай ағаларымның шаршы алаңдағы өнерін тамашалап отырып, бір ой келген. Ол – «Неге маған осындай саңлақтардың жолын қумасқа» дейтін ой болатын. Ұлы Абай «болмасаң да ұқсап бақ» деген ғой, Содан, осы 1995 жылғы қарашаның тоғызыншы жұлдызында бокс үйірмесінің табалдырығын аттадым. Бұл күн – менің ғұмыр жылнамамдағы алтынмен жазылған тарихтың бір парағы еді.

– Әуел бастан-ақ техникалық әдіс-айласы, сұлу қимылы шөліңді қандыратын саңлақ боксшы Серік Қонақбаевты өзімнің спорттағы пірім санадым.

– Мен туған жерім Түркістанды кие тұтамын. Қасиетті жерде туып-өсу маған Алланың берген бақыты шығар.

– Құдайға қатты сенемін. Қол жеткізген атақ-даңқтың барлығы, алдымен Алланың назары ауғаны, ата-бабаларымның аруағы желеп-жебегені деп бағалаймын. Ішімдіктен аулақпын. Мешітке жиі барамын. Алла жазса, тұрақты түрде намазға жығылсам деген ниетім бар.

– Аустралияға аттанарда Түркістандағы өзім оқыған мектептің директоры қасиетті Құран кітабын тарту етті. Сол кітап Сиднейде жатсам да, тұрсам да жанымда болды.

– Мен бас жүлдемен ораламын. Менен алтын күтіңдер… Мен әлі үш дүркін Олимпиада чемпионы боламын!

– Менің жеңісім – қазақтың жеңісі!


Әзірлеген: Жандос Смайлов.

Ұқсас материалдар