Қандастар Ассамблея

БЕКЕТ АТА –ҰЛТТЫҚ САНА ҚОРҒАНЫ (1750-1813)

27.08.2014 2778
БЕКЕТ АТА –ҰЛТТЫҚ САНА ҚОРҒАНЫ (1750-1813)

Пір Бекет Қазақ даласы мен Орта Азия елдерінде кеңінен танылған түркі қоғамының рухани жетекші тұлғасы, Қожа Ахмет Яссауи мектебінің жалғастырушы ағартушысы, батыр, сəулетші, данагөй, асыл азамат. 2011 жылы Бекет атаның тұлғасын бұрынғыдан да тереңірек таныстыру шаралары кең көлемде қолға алынып, республикалық жəне халықаралық деңгейде ғылыми- теориялық конференциялар ұйымдастырылды. Бекет атаның 260 жылдығына орай думанды тойлар да өткізілді. Аталған шаралар Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісай қаласынан басталып, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары мен Алматы жəне Астана қалаларында өтіп, оңтүстік өңірінің орталық қаласы Шымкент шаһарында жалғасын тауып, сонда аяқталды.

Бекет ата есімі жүрегіміздің түкпірінен ұлылықтың самал лебіндей есіп, санамыздың таным дүниесіне қозғау салып тұрғандай сезіледі. Сонда ойлайсың, ұлылық не? Шарапат не? Шынында бір тұлғада қаншалық рухани күш бола алады? Ғасырлар тереңінен адамдарға өмір кептелісінде ашық жол көрсететіндей шамшыраққа айналған нендей құдірет? Біздің аталарымыз 1929-1932 жылдары Советтік зұлмат кесірінен амалсыз туған өлкесі Маңғыстаудан иран жеріне қоныс ауда- рып жат-жерде жүргенде сағыныштан туған жан күйзелісін емдеу үшін, əуелі Алладан жалбарына тілейтін, сосын Бекет атаны тілге тиек етіп, қиындықтарының түйінін шешуге араша түсуін сұрайтын. Аталар тілегі, Аллаға деген сенім мен Бекет атаға деген құрмет, одан күткен медеті де жадымызда мықтап қалғанын бүгіндері əбден сезіп жүрміз. Сəбилік пəк заман əрбір адамның жүрегіне таза наным ұялатуға ең қолайлы шақ екенін түсінесің. Тəрбие үшін сəбилік шақ ең əсерлі кез, ыңғайлы уақ болатынын ұғасың. Аллаға иманды, тақуа жандарды өмір өнеге етіп, жан серік ететұғын заман қашанда балалықтың мөлдір санасы екенін Бекет атаның мерейтойларына қатысып жүргенде сезгендей болдым. Өйткені Бекет ата менің балалық дəуірімнің аталардан қалған жадымен ұштасып, жаңа көкжиегін тауып жатты. Аталарымыз Бекет Атаның кереметінен, достыққа адал пейілінен əңгіме айтатын. Соның бірі – «Бекеттің сырлас досы болыпты. Ол кісі ылғи қалжыңдасып жүретінін көпшілік жақсы біледі екен. Күндердің күнінде аталған досы көшіп бара жатқанда бір құздың биігінен төмен қарай түйесімен құлайды. Сонда еріксіз аузына атаның есімі түсіп: «я, Бекет!» – деп медет сұрағандай болады. Сөйтіп, өзі де, түйесі де аман-есен жерге табан тірейді. Бұл оқиғадан біршама уақыт өткен соң жаңағы кісі Бекетпен кездеседі. Ол бұрынғыша қалжыңдап: «Бекет, сенің əулиелік кереметің болса, мен құздан құлағанымда неге кереметіңді маған көрсетпедің?» – депті. Сонда Бекет сырт бұрылып, көйлегін жоғары түріп, арқасындағы түйе аяғының қалдырған дағын көрсете отырып, досына «сені құтқарып қалу оңай болған жоқ» – деп жауап қайырыпты. Сол күннен бастап əлгі досы Бекеттің қасиетін мойындап қалжыңдауын қойыпты» – дейді Бекеттің кереметтері тура- лы аңыз əңгімеде. Бұл аңыз əңгімені мен елге оралған соң Маңғыстау сапарларымның бірінде естігенімде таң қалған жоқпын. Өйткені біз Иран жеріне қоныс аударған аталардан қалған ұрпақ едік. Бағымызға орай бұл əңгіме жадымызда көмескіленбей жатып, екіге бөлінген ағайындар арасындағы рухани алшақтық тереңдемеген кезде еліміздің тəуелсіздік туы желбіреді. Жадымыздағы жайттар қайта жаңғырды. Сосын Бекет атаны тарих қойнауының қыртыстарынан аршып алдық. Құдайға шүкір, Бекет ата ел санасында, ғалымдардың зерттеулерінде орын алып келе жатыр. Олардың рухани қазнасы одан əрі ұрпақ тəрбиесінде іске асып жатарына да сенеміз.

Ислам Жеменей "Иран және иран қазақтары"

Ұқсас материалдар