Қандастар Ассамблея

Байырғы түріктердің мемлекеттілігі және басқару жүйесі

24.08.2015 17070
Түркітанушы Қаржаубай Сартқожаұлының авторлық мақаласы

Түрік әлемінің соның ішінде ежелгі және байырғы түріктердің қарашаңырағы атанған қазақ хандығының мемлекеттілігіне байланысты ақпараттық шабуылдар кейінгі кездері күш алып барып бәсеңсіді.

Алайда бұл қазақ халқының мемлекеттілігіне байланысты мәселе күнтәртібінен түсті деген сөз емес. Бұл мәселе мәңгілік тақырып.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев Ұлытауда берген сұхбатында, соңғы Ұлы дала өркениетіне байланысты сөйлеген сөзінде және басқадай сұхбаттарында Қазақ халқының мемлекеттілігі ежелгі сақ (скиф), хунну (ғұн), Көк Түріктерден бермен қарай сабақтастығы үзілмей жалғасып келе жатқан жанды процесс екенін қайталаумен, естір құлақ болса айтудай-ақ айтумен келеді.

Біздің мемлекеттігімізді куәландыратын ұлтымыздың ұлтанды тарихымыз бұдан 2000 жыл бұрын өмір сүрген сюнну (ғұн) дәуірінен басталады. Ол туралы тарихшылары не айтты?

Әлемнің белгілі тарихшылары Орталық және Орта Азияда алғашқы мыңжылдықта мемлекет құрған сюннулер, жужандар, түріктер Шыңғыс хан, Жошы-қыпшақ империясының және қазақ хандығының мемлекеттілігінің үш түрін төмендегідей жолмен қарастырып келді. Онда:

- С.И. Руденко (Ресей) «Қосындық (әскери) демократия» деген тұжырым жасаған.

- Ресейлік В.С. Плетнева, Е.И.Кычанов, С.Г.Кляшторный, Т.Султанов, жапондық Н.Ямада, америкалық Т.Барфилд сияқты ғалымдар «Билікті бір қолға ұстаған хандық мемлекет» деген тұжырым жасаған.

-  Америкалық О. Латтимор, Л. Квантен, жапондық Вен Иен Цао, ресейлік А.М.Хазанов, А.И.Фурсов, П.Б. Голден, Н.Н. Крадин, Р.Гроусс (Франция) сияқты әлемге белгілі ғалымдар «Империялық мемлекет» деген тұжырым жасаған.

- А.И.Мартынов далалық өркениетті «Хандық мемлекет» десе, жыл санаудан бұрынғы (ары қарай – ж.с.б.) Қытай тарихының атасы аталған Сыма Цяннің еңбегінде «Көшпелілер мемлекеті» (синго) деп атап, Қытай тарихына таңбалап қорытынды жасап кеткен.

Осылайша, бұдан 2000 жыл бұрын біздің ата-бабаларымыз мемлекет орнатып әлемге билігін жүргізгенін паш еткен.

Аталмыш зерттеушілер неге мұндай айырым қорытындылар жасағанын нақты тарихи деректер арқылы қарастыралық.

Сюнну (хунну) империясы орнамай тұрған заманда сюннуліктер (ғұндар) тайпалық жүйедегі тарихи-әлеуметтік дамудың ежелгі сатысын басып өткен екен. Бұл туралы Қытай тарихшысы Ван Го-Вэй, жапондық К.Сираторилар жыл санаудан бұрын өмір сүрген қытайдың Инь (ХІV – ХІ ғ.ғ), Чжау (ХІ – ІІІ ғ.ғ) мемлекеттері дәуіріндегі сюннуге байланысты тарихи деректерді ғылыми айналымға енгізді.

Қытайдың ежелгі Ся, Чжау патшалығын орнатушылар хуннулар тиветтіктер болғанын Ф. Хирт, Е. Шаваннес, В.Эберхард, О.Франко, Б.Өгел іспетті аса үлкен беделді ғалымдар соңғы жүз жыл (бір ғасыр) бойы дәлелдеп келді.

Хан, Чжау, Вэй, Янь, Ци сияқты хандықтары ж.с.б. 318 жылы Сюннумен бірігіп қытайдың Цинь патшалығына соғыс жариялап, шабуыл жасағаны туралы жазба қалдырған. Ж.с.б. 307 жылы қытайдың Чжау мемлекетінің жауласқан бектіктер дәуірінде патша У Лин қытайдың сол дәуірдегі әскери қару-жарағын өзгертіп, сюнну (ғұн) қосындарының үлгісімен садақ атуды үйреніп, көшпелілердің киім үлгісін қытайлардың пайдалануына жарлық түсірген. Сюннулер қатал тәртіпті, ұйымдасқан қуатты қандас-қоғамдық жүйесі болғанын қытай деректерінде жазып қалдырған. Бұл тарихи дерек сюнну (хунну) империясы құрылудан 100 жыл (бір ғасыр) бұрын мемлекет үлгісін жасақтап үлгергендігін паш етеді. Ол С.И.Руденконың айтқанындай «Қосындық (әскери) демократиялық хандықтың алғашқы кезеңі еді.

Сюнну империясының басшысы Түмен Шаньюйдің аты (мұнда лауазым) 10 000 (он мың) деген мағына береді. Түмен шаньюй он мың әскер ұстағандықтан осындай лауазыммен аталған сияқты.

Ал біздің тарихшылардың Мөде деп жазып жүрген атауы көне қытай тілінде «Моудун» деп оқылады екен. Көне түрік тілінің «b» дыбысын ежелгі қытайлықтар «m» дыбысымен жазып, оқып келгенін тарихшылар әлдеқашан дәлелдеген. Өйтсе бұл атау «Модун» деп емес «boudun» деп оқылуға тиісті. «Boudun» сөзі түрік бітігте «bumyn» деп жазылған. Ежелгі қытай жылнамашылары сөз ортасындағы «m» дыбысын «d» -ға ауыстырып белгілеген сияқты. Өйтсе Модун шаньюйдің лауазымы «bumyn» болмақ. Тарихи дерек біздің бұл ұсынысымызды төмендегідей дәлелдейді.

Сюнну империясының қоғамдық құрылымына назар аударалық. Қытайдың «Шицзи», «Цянь хань шу», «Хоу Хань шу», «Цзинь шу» жылнамаларында Сюннулардың билік жүйесін былайша көрсеткен.

 1. Сол қанат Білге уаң = 10 000 (түмен) әскерлі

 2. Оң қанат Білге уаң= 10 000 (түмен) әскерлі

 3. Сол қанат Жанақ уаң = 10 000 (түмен) әскерлі

4. Оң қанат Шанақ уаң = 10 000 (түмен) әскерлі

Бұл төртеуін «төрт мүйіз» деп атаған. бұлардан иерархиясы сәл төмен «алты мүйіз» деп аталған, уаң дәрежесіндегі түмендер болған. Олар:

1. Сол қанат сардар уаң = 10 000 (түмен) әскерлі

2. Оң қанат сардар уаң = 10 000 (түмен) әскерлі

3. Сол қанат жасауыл уаң = 10 000 (түмен) әскерлі

4. Оң қанат жасауыл уаң = 10 000 (түмен) әскерлі

5. Сол қанат аға даңға = 10 000 (түмен) әскерлі

6. Оң қанат аға даңға = 10 000 (түмен) әскерлі

Аталмыш он мүйіздің (4+6) әрқайсысы түмен (10 000) әскерден жүз мың әскер болған. Ертеорта ғасырларда соғдылар жүз мыңды «бун» деп атаса, түріктер «бум» деп атаған. Жүз мыңды санын көне және бүгінгі Моңғол тілінде «bumyn» деп атайды. Бұл атау түркі тілінде ұмытылып моңғол тілінде мағынасы өзгермей сақталғанын көрсетеді.

Аталмыш тарихи дерек бойынша, Моудун шаньюй жүз мың (бұмын) әскер жасақтап, мемлекет құрғандықтан қаған тағына отырғаннан кейінгі есімі Бумын (bumyn = жүз мыңдық) деп аталған сияқты.

Кейінгі Көк Түрік хандығын орнатқан алғашқы хан Бұмын да осылай аталған болуы әбден мүмкін. Қытайдың жаңа Таңнамасының 215 бума дерегінде Бұмын қаған хуннулардың Шаньюй атағы сияқты «қаған» деген атақты алған деген дерек сақталған. Өйтсе Моудун атының түрік тіліндегі Бұмын деп аталатын атымен Көк Түріктің алғашқы қағаны таққа отырған кезде ежелгі Хунну Шаньюі Бұмынның атын алған сияқты.

Міне бұл тарихи деректер ежелгі Сюннудан (хунну) бастап Жужан, Көк Түрік хандықтары алғашқы кезеңдерінде әскери демократиялық мемлекет болғанын дәлелдейді.

Ал екінші кезеңі Хандықтар, үшінші кезеңі Империялар. Қосындық (әскери), хандық, монорхиялық, парламенттік, президенттік, биліктер – мемлекет басқарудың жүйесі. Сондықтан мемлекеттілік пен оны басқару жүйесін шатастыруға болмайды. Биліктің бұл жүйелері қақында кейін арнайы қарастырамыз.

Біздің бұл тұжырымдамамыз жоғарыдағы зерттеушілердің пікіріне қосымша дәлел бола алады.

Демек, көшпелілер мемлекеті дегеніміз территориялық тұтастықтағы биосоциалдық құрылымды, әлеуметтік-экономикалық қатынасын орталықтандырған әкімшілік үрдісі қалыптасқан билік жүйесі болмақ.

Көшпелілердің мемлекеттілігінің тұғыры жер, халық, мал және аң, қолөнер кәсіп шаруашылығы. Оған биліктің басқару жүйесін қосыңыз. Билік жүйесіндегі негізгі фактор тұрақты әскер, салық. Еуроөктем идеолог ғалымдар бүгінге дейін көшпелілердің қолөнер кәсібі шаруашылық саласына қоспаған. Ондай өнер болмағандай елемей келген. Қытайдың сүй, тан дәуіріндегі тарихи түпнұсқаларда көшпелілерге қолөнер кәсібі болғанын, оны 手工业 (Шоу гоң ие) деп атағанын тайға таңба басқандай жазып қалдырған. Осының барлығы 2000 жыл бұрын қалыптасып тарих сынағынан сүрінбей өткен жүйе.

Еуразия құрлығындағы Сюнну (ғұн), Көк Түрік империялары сол дәуірдің өзінде қытай іспетті шетелдіктермен мемлекеттік шекарасын белгілеп мойындатып отырған. Соның бір айғағы қытайдың Хань империясының патшасы ж.с.б. 162 жылы «...Ұлы қорғанның арғы жағындағы садақ тартып, қорамсақ асынған халық Тәңір құттың (Шаньюй) жарлығын тұтсын. Ал, Ұлы қорғанның оңтүстік шығыс бетін (ішкі жағын) қоныстанған там жастанып, малақай киіп, шарпы белдік буынған халық менің жарлығымды тұтсын» деп Хань мен Сюнну империяларының шекарасын бұдан 2160 жыл бұрын мойындап жарлық шығарыпты. Еуропалықтар бұл дәуірде мұндай жетістікке жете қоймаған еді. Мемлекеттің шекарасын белгілеп, шекаралық әскер орнатып, тор тартып бекіту ХІХ ғасырдың олжасы. Осыны түсінбеген кейбір басшылар шекара болмаған еді, сондықтан мемлекет болмаған деген шолақ түсінікте жүр.

Бабаларымыз шекара мәселесіне соншама мән берген. Сюнну (Хунну) дәуірінде Хань империясы мен көршілес Дун ху (шығыс ху) хандықтары шекараларына «O-Wato» (Oymo) деп аталатын шекаралық қарауыл орнатқан.

Ал Көк Түрік дәуірінде «Ұлы қорғанның оң жағы Сүй жауымыздың Қағандығының жері»  деп ұстын тасқа қашап жазып қалдырған.

Шыңғыс хан империясының заманында елдің шығыс шекарасын белгілеп Манжулердің Алтын хандығының шекарасына «Утку» деген атпен тұрақты күзет қойған. Бұл шекара күзет атауы Ғұн дәуіріндегі «oymo» атауымен мың жылдан кейін де өзгеріссіз сол баяғы атауымен сақталған.

Шекара күзетінің бір ұшы Амур дариясында болса екінші ұшы Манжур мұхитына тіреліп жатты. «Oymo», «Утку» дегеннің негізгі мағынасы – от жағу. Шекараға от жағып күзет қою. Түркілердің от жаққан жері – оның меншігі болып аталады. Сондықтан да түркілер психологиясында «кіндік кесіп, от жаққан жер» – туған жер болып аталады. Оны көзінің қарашығындай сақтап қорғайды.

Ежелгі және байырғы көшпелілер отырықшы елдермен тең дәрежелі бейбіт қатар өмір сүру мақсатында дипломатиялық қатынасын жақсы қалыптастырған. Мемлекет, хандық құру, оны ұстап тұру үшін қуатты экономикасы болу қажет.

Мұндай мүмкіндік ертеорта ғасыр мен орта ғасырда көшпелі мемлекеттер тұрмақ отырықшы елдерде де үнемі бола бермеген. Ел экономикасын көтеру, хандықты ұстап тұру үшін қай-қайсысыда, әлдісі әлсізін басып алып, салық алу немесе «алыстан арбалау» саясатын жүргізіп, сырттан олжа түсіріп, байлық жинап отырған. Сол мүмкіндікке қолжеткізу үшін ғылым мен техникасы жетілген бүгінгі күні континент атаған алпауыт компаниялар әлсіздердің жерінің байлығын сорып отырғанын көріп отырмыз. Еуропалық зерттеушілер көшпелілерді «отырықшы елдерді тонаушылар», «өздері малдан басқа ешқандай шаруашылықпен айналыспайтын жабайылар», «отырықшыларды тонау арқылы өмір сүрген арам тамақтар» деуден бүгінге дейін жалыққан жоқ.

Көшпелілерде қолөнер кәсібі өз деңгейінде дамығанын еуропалық ғалымдар еске алмайды. Көшпелілердің қолөнер кәсібін – «мерзімдік/уақытша» деп көріп шаруашылық құрлымына енгізбейді. Сол дәуірдегі отырықшы халықтардың бау-бақшамен айналысуы, егін егу, құрлыс салуы да сезондық шаруашылық екеніне мән бермеген.

Көшпелілер қола, темір, алтын, күміс өндіріп кен игеру ежелгі дәуірден бастап қолға алғанын дәлелдейтін материалдық деректері археологиялық қазбалар арқылы дәлелденуде. Өздерін отырықшымыз деп атайтын елдер қола, темір, өндіруді көшпелілер арқылы үйренгенін ұмытып қалған сияқты

Сауыт – сайман, әскери қару – жарақ, қолданбалы шаруашылық жабдықтарын, алтын, күміс әшекейлері мен қолданбалы қолөнер кәсібін дамытуға пайдаланған метальдің небір түрін көбінде көшпелілер өздері өндіріп келген. Көшпелілердің қолөнер кәсібі көшпелі өмірге сай жылжымалы болған. Бұл әлемде отырықшы халықпен көшпелілер бір парақтың екі беті сияқты. Бірінсіз бірінің күні жоқ. Бірінің кемшілігін екіншісі толықтырып отырған. Сондықтан алым – берімді қатынасы тұрақты жүріп жатты. Бұл кәсіпті жүргізу мерзімдік болғанымен қыс, жазына қарамай ұсталық өнермен, айналысқан адамдар тобы көшпелілерде мол болды. Осы жағын еуропалықтар назарда ұстағаны дұрыс сияқты.

Ал Сюннулер (ғұн) мен қытайлар қатынасындағы саясат көшпелілер мен отырықшы елдің арасындағы саясаттың классикалық үлгісі болмақ.

Осындай қатынас болып жатқан үрдісте қытайлар мен көшпелілер арасындағы конфликт алуан түрлі болды. Қытайлар көшпелілерге саяси қысым көрсету, сауда жасамау, сауда-саттықта адалдық болмау, немесе еркіндік аңсаған қытай азаматтары ұлы далаға қашу, керісінше көшпелі өмірден жалыққан дала аристократтары қытай ішіне кіріп тыныш өмір сүру деген сияқты мәселелерден болып ортадағы конфликт үзілмей келді. Осы іспетті конфликт күшейіп мемлекет қатынасына зардабын тигізген кезде көшпелілер төмендегі дипломатиялық қатынас жүргізген. Онда:

І кезең: Сюнну, Хань тәжірибесімен қарастырсақ (ж.с.б. 200-133 жж).

- Ең әуелі көшпелілер елші аттандырып өзара қатынастағы келіспеушілікті арылту;

- Оған көнбесе шабуыл жасау;

- Одан соң «арбасу» саясатын жүргізген. Арбасуда, Қытай патшалығына елші аттандырып «құда құдандалы болу», келісім жасау шараларына барған.

-  Керісінше, шабуылдан кейін қытай патшалықтары көшпелі хандықтарға елші аттандырады. Келісім жасап көшпелілерге «тарту - жаралғы» (помник) беріп отырған. Сол кезде көшпелілер шабуылы бәсеңсиді. Шекаралық сауда жүйесі қалыпты жүріле бастайды.

-  Біраз жылдар өткен соң Қытайлардың жағдай түзелген кезде көшпелілерге тұрақты беріп тұрған тарту-таралғы, шекаралық саудасын қиындатады.

-  Қайтадан көшпелілер тарапынан кезекті шабуыл басталады.

ІІ Кезең. (ж.с.б. 129-58 жж):

- Хань патшалығы сюннулармен тең дәрежелі келісім жасауға қарсы болады. Қытайлықтардың бұл саясаты сюннуларға ұнамайды.

- Сюннулер қайтадан шабуылға шығады.

Міне осы тарихи процесс дәл осылай екі мың жыл бойы жалғасқан. Бұл тек ғана қытайларға ғана емес, ж.с.б. сақтар (скиф) еуропалықтарға, хазарлар славияндарға, Жошы-қыпшақ ұлысы (Алтын-Орда) Жібек жолы елдеріне, Қырым хандығы Орыстарға, Моңғолдар қытайларға, Орта Азияға, Кидандар Манжурларға, Шығыс Түркістанға шабуылдар жасап отырған.

Көшпелілер бірден шабуылға шықпаған. Әуелі келісім, содан соң шабуыл. Әр шабуыл, әр соғыс өзінің ситуациясы, күтпеген себебі, жағдайы болады. Бәрі де тонаушылық, аюандық, мейірімсіздіктен емес, сол кезеңдегі саяси жағдайдан болып отырған. Мемлекеттер қатынасындағы келеңсіздікті, конфликтіні жеңу үшін көшпелілер әлемі осыншама күш салып дипломатияға, бейбіт келісімге жол беріп келген.

Байырғы түрік тарихи-мәдени мұраларының дереккөзін зерттеген жат жұрттық тілші ғалымдар Еуразияның ежелгі және орта ғасырдағы мемлекеттерінде мемлекеттік, әкімшілік басқару жүйесі болғанын көңіл аудармай жоққа шығарып келді. Олар көшпелілерде «мемлекет» дейтін түсініктің болғанына сенбеді. Соның салдарынан байырғы деректегі «мемлекет», «үкімет» деген ұғымдарды беретін атаулардың тонын аударып, өзгертіп, қалың оқырман қауым мен ғылыми ортаны адастырып келгенін айта кеткеніміз жөн болар.

Байырғы түркілердің өз қолымен жазып қалдырған Орхон бойындағы Білге қаған, Күлтегін, Күлі-чор, Тұй-ұқұқ, Ел-етміш білге-қаған ескерткіштерінің мәтінінде Түркі қағанатының мемлекетіне, атқарушы үкіметіне, ел басқару әкімшілік жүйесіне, әскери ісіне, оның құрылымына, түркілердің дүние танымына алым-салыққа, мемлекеттің қазыналық қорына байланысты қанағаттанарлық дерек мол.

Әуелі 1270-1250 жыл бұрын тас бетіне мәңгі өшпестей қашап қалдырған дерек көздерін, жоғарыдағы атауларды түріктанудың негізін салушылардың қалай аударып келгенін алып көрелік.

Бұдан бұрын еңбектерімізде Орхон мәтіндерінің түпнұсқасымен жұмыс жасаған В.В.Радлов, В.Томсен, П.Мелиоранский, В.Рамстедт тұжырымдары қамтылғандықтан, бұл ретте оқырман көп пайдаланатын Сергей Ефимович Маловтың аудармасы қатар берілді.

Байырғы түрік мәтінінде «мемлекет» деген атау «ел», «іл» деген сөзбен берген. Демек, еуроөктем идеологиясын ұстанушы зерттеушілер бұл атауды

«племенной  союз»,  «конфедерация»  деп,  мемлекет  емес  әншейін  бір тайпалар бірлестігі, жабайы тайпалардың қатардағы одағы ретінде түсініп, осылайша аударған. Көне түркілерде «мемлекет» деген болды-ау деген ойға бармаған. Ал осы атаумен қатар аталып, көбіне бірге жазылып келген «төр» деген атауды жоғарыдағы ғалымдар өзінің тура мағынасымен аударудан ат-тонын ала қашып, «установление», «закон», «порядок», «суд» деп аударса, кейде ол атауды аудармастан тастап кетіп отырған. Көне түркі мәтініндегі мағынасы тайға таңба басқандай айқайлап тұрған соң кейде амалсыздан мойындап «ел», «іл» атауын «государство-мемлекет», «төр-власть» деп аударуға тура келген. Осылайша 1200-1270 жыл бойы өшпеген, өзгермеген мәтіндер өзін мойындамайтын зерттеушілерін де мойндатқан. Өзгелер басқа жаққа бұра тартып, бұлан құйрыққа салса да, шыңғырып тұрған шындықтан қашып құтыла алмаған.

Күлтегін мәтінінде:

«Жоғарыда Көк Тәңірі, Төменде қара жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған. Адам баласы үстіне ата-бабам Бұмын қаған, Істемі қаған (хан болып) отырған. (Хан) отырып, түрік халқының мемлекетін (eл), үкіметін (төр) орнатып берді, қалыптастырып берді.

Бұл не қылған құдіретті рух! Түркі ұрпағының кеудесіне жер мен көктің арасы тарлық етіп тұр. Жердегі адам атты пенденің түрік ұрпағына мемлекет құрып, үкіметін (төр) орнатып қалыптастырып берген.

 Содан соң тағы сол Күлтегін мәтінінде:

- Еліг тұтып, төрү ітміс = мемлекетін орнатып, үкіметін құрды.

- Ол төрүде үзе ечім қаған олурты = ол үкіметтің (төр) үстіне қаған ағам отырды.

- Түрік, оғуз беглері бодун есідің! Үзе теңрі басмасар, асыра иер тілінмесер түрк бодун еліңін, төрүңін кім ыртады – Түрік, оғуз бектері, тыңдаңдар! Үсте тәңір баспаса, астыңда (төменде) қара жер тілінбесе (айырылмаса), түрк халқы сенің еліңді (мемлекет), үкіметіңді кім бұзады (жояды)?  

Бұдан артық қандай дерек керек? Бұдан асырып айту мүмкін бе?

Байырғы түркілер үкіметтікке табына сеніммен қарағаны соншалық, «төр» (үкімет) сөзінің алдына «ер теңү ұлұғ» сөзін қосып, «Ер теңү ұлұғ төр» (Ер теңдігі ұлы төр - үкімет) деп бүкіл әлемге жар салып, үндеу (манифест) етіп жазып қалдырған.

Ерге теңдік – елге теңдік. Елде теңдік болса – халықта теңдік бар. «Дала демократиясы» деп еуропалықтардың таңдай қағатын дүниесі осы. Әрі ол төрді (өкіметті) «ұлы» деп атаған. Сөйте тұра «ел», «іл», «қағанат» деген сөздің алдына «ұлы» деген анықтаманы қолданбаған. Төр (үкімет) әділ болса, басында отырған төрбасы – атқарушы өкіметтің иесі адал болады. Адал басшы, әділ төр (үкімет) қағанатты, елді, халқын көтереді. Иә, төр (үкімет) ұлылығы осында жатыр. Сондықтан да бабаларымыз «Ер теңү ұлұғ төр» деп манифест ретінде тас шежіресіне қашап жазып қалдырған. Мемлекетті «ел», «іл», билікті (үкімет) «төр» деп атағандығына көздеріңіз жеткен болар. Оқырманнан «халық» деген сөзді «іл» демес пе деген сұрақ туар. Байырғы түрік мәтіндерінде «халық» деген атауды «bodun» деп атаған. Мысалы: Түргеш бодун, Аз бодун, Қарлұқ бодун. Құдайға шүкір, «мемлекет» деген араб атауының орнына «ел» сөзін қоса қолданып жүрміз ғой. Ал «үкімет», «һүкмет» деген араб сөзінің орнына қолданатын «төр» деген атауымызды ұмытып қалыппыз.

Жұрнағы санамызда, тарихымызда сақталғанын көріп отырсыздар.  

Қазақ халқында: «Төбесіз жер, төресіз ел болмайды» деген мақал бар. бұл мақал ту баста «төбесіз жер, төрсіз ел болмайды» деп қалыптасқан болса керек. Шыңғыс дәуірінде оның ұрпақтары ел басқарып чиновник болу дәстүрге айналды.

Үйдің төрін «төр» дейміз. Үй иісі «төр иесі», «төр басы» деп атайды қазақ халқы. Билік иесі Шыңғыс әулеті болды. Сондықтан оларды «Төре» деп атады. Сол кезде көнеден жалғасқан төр (власть) атауы «төре»-ге айналды. Шыңғыс дәуірінен (Алтын Орда) жалғасқан «төре» атауының мәні үкіметтік чиновник. Төрелер келеді» десе үкіметтік чиновник келгенін білдіреді. Ал, моңғолдар күні бүгінге дейін «үкімет» дегенді «төр» деп атайды.

Моңғолдардың Шыңғыс империясы құрылған алғашқы күннен бастап, көне түркі үкіметінің ел басқару құрылымын, әкімшілік жүйесін өзгертпестен, сол қалпымен пайдаланғаны қақында бұдан бұрын жарық көрген еңбектерімізден нақты дерекпен дәлелдеп келгендіктен, бұл жолы қайталамауды жөн көрдік. Елдің мемлекеттің күнделікті ісін атқарушы тетігі – үкімет «төр».

Әрине, байырғы түркі мемлекеттерінің ең жоғарғы билік иесі – Тәңір текті Ұлы Қаған. Үкіметтің (власть) де, өкіметтің (правительство) де жарлығын, үкімін, шешімін қабылдаушы бірінші адам – Қаған. Ал, оны іске асырып атқарушы әкімшілік аппараты.

Далалық көшпелілер мемлекетінің әкімшілік атқару аппараты отырықшы елдікінен түбірімен өзгеше. Отырықшы елдердің бюрократиясы ауыр да зілді, іс-қимылдың іске асуы тым баяу болса, көшпенділердің әкімшілік аппараты далалық демократияға сай ілкімді де жеңіл, сатылық жүйесі ықшам екенін ескерте кеткеніміз жөн.

Көшпелі түркі қағанатының ел басқару құрылымы үштік жүйеге негізделген. Олар қағанатты тардуш (оң қанат), төлес (сол қанат) және ічрекі (орталық) деп үшке бөлген. Бұл жүйе сонау скифтерде (ičγuz ~ ~ ič – oγuz – ічоғуз іш - оғуз) орталық, сыртоғуз (оң және сол қанат) боп үшке бөлінсе, іш – оғуз (скиф)- дардың өздері бөлек мемлекет болған кезде скиф – патша (хан тұқымы), скиф – көшпелілер (мал шаруашылығындағылар), скиф – жер жыртушы (егінші) деп бөлінеді. Скифтердің арғы атасы Таргытайдан да үшеу (Липоксай ~, Арпоксай~, Колоксай~), ал Гераклдің үш ұлы Агафрис (агачер), Гелон (жылан - иылан), Скиф (іч-оғуз) тағы да үшеу. Хуннулар да осы үштік құрылымды пайдаланған. Олар да батыс, шығыс жүкилер және ханор да болып келеді.

Күлтегін мәтініне жүгінелік:

«Ілгеріге (оңтүстікке), сыртқа (солтүстікке) аттанып төрін, басын қосты (жинақтады).

Барлығы жеті жүз ер (сарбаз) болды. Жеті жүз ер бас қосқанда елін аңсаған, қағанын аңсаған халыққа, құлданған, күңденген халыққа, Түрік төрінен (билігінен) айырылған халыққа, Ата – бабам төрін (билігін) құрып, орнықтырды. Төлес, Тардуш қанатқа (бөліп), жабғу, шад (ат) берді».

Қағанатты Тардуш, Төлес қанатқа бөліп, басшыларына жабғу, шад лауазымы сыйланғанын мәлімдеген. Кейінгі Біріккен Түрік қағанатының Ел – етміш білге қағанның екінші ескерткіші Теркін мәтінінде: Қағанатты Тардуш (оң), Төлес (сол), ічрекі (орталық) деп үшке бөлгені, Тардуш қанатының   жазып қалдырған. Ал сонымен қатар ічреки (орталық) қанатты Ел – етміш білге – қаған өзінің үлесіне қалдырған. Оған басшысына Құтлұғ Білге Жабғу, Төлес қанатының басшысына шад лауазымын бергені туралы тек қана оғуз тайпалары кірген. Мәтінде: «qan uruq oguzyγ alty» - хан ұрық оғуздарды қарамағына алды.

Далалық көшпелі қағанаттарының ел басқару жүйесін отырықшы елдердің жүйесімен салыстыруға келмейді. Екеуі екі бөлек әлем. Әрине, бірінен бірінің үйренгені, алғаны, кіріккені бар болар. Неге бұлай?

Еуразия құрлығының қақ ортасын көктей тіліп орналасқан көшпелілер империясы шығысы Қянган жотасынан, батысы Жерорта теңізіне дейін, оңтүстігі Тибеттен, солтүстігі Сібірге дейінгі өлкені алып жатты. Бұлардың шаруашылығының негізгі кәсібі айтсақ үш мың жыл бойы мал және егін, сезондық қолөнер кәсібі болды. Бір текті этникалық басым тұғыры әрине мал шаруашылығы. Ол әлемдегі түркі тектес халықтардың этникалық жаратылысын қалыптастырған негізгі фактор. Мал шаруашылығымен қоса оңтүстікте егін, солтүстігінде аң шаруашылықтары айтарлықтай өрістенгенмен, оның үлесі мал шаруашылығының үштен бірінен аспады. Экономикалық осы тұғырға негізделген көшпелілер дүние танымы, наным-сенімі, этникалық дәстүрі (қандас-туыстық жалғастығы) сол мал шаруашылығы құрылымымен үш мың жыл бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғаса отырып, дәстүрге айналып, қанға сіңген. Сөйтіп, көшпелілер қоғамының рухани азығы болушы таным-түсінік, наным-сенім, этностық дәстүрлік тәрбие ежелгі заманнан ұрпақтан ұрпаққа мұралық сабақтастықта беріліп, жетілдіріліп отырды. Осылайша көшпелілер ғұмыр кешкен Еуразия құрлығы табиғатының, оған бейімделіп қалыптасқан шаруашылық құрлымдарының көшпелі, жылжымалы ерекшелігі нәтижесінде далалық көшпелілер аталмыш үштік жүйені қалыптастырғанын жоғарда сөз еттік. Өйткені, ұлыстың біртұтас әлеуметтік-экономикалық және саяси-рухани мүддесі үштік жүйені қалыптастыруға мәжбүр етті. Бұл – талай ғасырлар бойы шыңдалып жетілген далалық империяның ел басқарудағы классикалық жүйесі.

Далалық көшпелілердің алғашқы кезеңдегі атқарушы өкімет жүйесі мен қосындық (әскери) басшылығы мидай араласып кеткен. Өйткені, көшпелі өмір салты, шаруашылықты жүргізу, ұйымдастыру, кеңістік пен уақытты игеру ерекшелігі осыған бейімделген. Сондықтан да Еуропа зерттеушілері Еуразия көшпелілерінің мемлекетін қосындық (әскери) демократия деп атаған. Кейін Сюнну (хунну), Жужан, Көк Түрік дәуірінде мемлекеттің қуаты бір қалыпқа келгеннен кейін хандық, империялық жүйеге көшіп, өсіп өркендеп дамыған.

Деректерді алға тартсақ, Біріккен Түркі қағанатының ічреки (Ордалық) деп аталған орталығы Ел-етміш білге қағанның үлес-еншісі (құтлығы). Бірақ оның барлық ісін Бойла Баға Тарқан лауазымды іч-Буйруқ (орталық қанаттың қолбасшысы) жүргізіп отырған. Ол бейбіт өмірде шаруашылығын жүргізсе, соғыс уақытында бүкіл қолды бастаған. Тардуш, Төлес қанатының жабғұ, шад лауазымды көсемдері (басшылары) әкімшілік ісімен айналысса, бұйрықтар әскери қызметті жүргізіп отырған.

Осы қанаттарға тайпалар мен тайпалар одағын бөліп орналастырып, оларды жоғарыдағы Ічрекі, Тардуш, Төлес қанат қолбасшыларының үлесіне бөліп берген. Бұл жүйе биоәлеуметтік (туыстық, қандастық) тұтастықты пайда болдырды. Қанаттардың қол астындағы тайпалар қаласа да, қаламаса да басыбайлы (крепостной) болған. Оның себебі, шаруашылықты игеру ерекшелігіне байланысты, әр үкіметті басқару жүйесі көшпелілер ортасында осылайша қалыптасқан. Егер қандай бір адам өз тайпасынан шығып басқа тайпаға баратын болса, олардың ішіне сіңіп өмір сүретін болмыс та, орын да жоқ. Өйткені «кірме» деген атпен адами психология жағынан да, өмір сүру, тірі жүріп тіршілік ету көзі болған шаруашылық – экономика жағынан да қысым көріп отыратын болған. Ешкім кірменің, жаттың жоғын жоқтап, құқығын қорғамайды, «Өзіне сйымаған адам өзгеге барып қарық қылмайды», «Өз өлтірмейді, жат жарылқамайды», «Өзім дегенде өгіз қара күшім бар», «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген нақылдар осыдан қалған. Түркілер дәуірінде қандай адам болмасын өз тайпасынан шығып кетуге құқылы. Бірақ жат тайпаның ішіне кіріп өмір сүру мүмкіндігі жоқ. Далалық басқару жүйесі осылай құрылған. Міне, сондықтан да қаласаң да, қаламасаң да тағдырдың жазған жазмышы бойынша өз тайпасының ішінде өзегі талмай күн көріп жүруге мәжбүр. Көшпелілердегі бұл табиғи басыбайлылықты қытайлар, еуропалықтар «құл» деп атаған. Бұл жүйені толық түсінбегендіктен, ерте орта ғасырлық түркі мемлекеттерін құл иеленушілер деп атаған. Тайпа мүшелері құл емес. Үйленуге, шаруашылығын игеруге, лауазым иесі болуға, басқаны жалдауға, жалдануға, қандай бір өкіметтік істі атқаруға толық құқылы. Кедейі кедей, байы бай боп өмір сүреді. Даладық демократияны толық тұтынады. Міне, сондықтан да далалық көшпелілердің басыбайлылығы отырықшы елдікінен мүлдем басқа.

Тағы да дерекке жүгінелік:

«qan uruq oγyzyγ alty juz seŋüt, bir tumen bodun ... – хан ұрық оғыздарды [қарамағына] алды. Жүз сеңүн бір түмен (бір түмен – он мың) халық бөлініп берілді».

Тағы да сол Теркін ескерткішінде:

Оң қанатқа (тардуш) «Тәңірім әкем ұлы Тардуш құтлұғ Білге Жабғу = үлесіне (құтлұғы) Ыстықжер аттылары, Сегіз – байырқу халқы, Аз-ашпа Тай-сеңгүн халқы, Тоңра (тайпасы) үч Қарлұқ осыншама халық Жабғу халқы».

Ал,  Төлес  (сол)  қанатқа  төмендегідей  тайпаларды  бөлгендігін  жария етеді.

«Тәңірім әкем ұлы Білге Төлес Ұлығ Білге шад үлесіне Одырған бұйрықтары, Чабыш Тай – сеңгүн халқы, тоғыз – байырқу, тоғыз – татар осыншама халық шад халқы» – деп әр қанатқа тайпаларды енші үлес ретінде бөліп беріп отырған. Содан кейін қағанатты орнатуға ерекше еңбек сіңіргендердің еңбегін бағалап, жаулап алған елдерді, тайпаларды жерімен қоса еншіге берген. Бұл дәстүр сонау скиф (іч - оғуз), сақ, хунну, алғашқы түркі қағанатынан бері Абылай ханға дейін жалғасқан ата дәстүр, ата жол.

Тас бетіне қашалып жазылған мәтінде: «Отыз татарды жарлық жазбама жазып, Білге, Құтлұғ Тархан Сеңүнге бұнша халық ата жолымен берілсін! Ата жолымен Яғма, Әлім, шігіл екі жұртты Құтлұғ Тарқан Сеңүн, Урсу Құтлұғ Тархан сеңүндерге екі жұртты беруге жарлық етілсін» [Теркін. 29] деп көрсетілген. Бұлар осы құрметті адамдарға үлес, еншіге берілген ел. Қаған тарапынан үкіметтік құрылым бойынша бөлініп берілген енші. Сонау ерте заманнан дәстүр боп жалғасқан ата жолы бойынша берілген енші ел иелігі қол астындағы елін, жұртын бейбіт кезде де, соғыс кезде де басқарып, әкімшілік және әскери істі қатар жүргізіп отырған.

Осылайша қағанат ішіндегі қанаттар биоәлеуметтік жүйе бойынша ары қарай тайпаға, тайпа ішінен руға, ру мен ру арасынан біріктіріп ебке (курень = лагерге) бөліп әкімшілік атқару жұмыстарын жүргізіп, халықтан алатын салықты алып, жер бөлісін жолға қойып, адам күшін ілкімді ұйымдастырып, өкімет аппаратын іске жегіп келген. Мұнда қандас – туыстық жүйе мықты қалыптасқан. Мемлекеттің хандық басқару жүйесі осы биоәлеуметтік үрдісті жақсы пайдалана білген.

Жоғарыдағы жүйені көрсетсек:


 

 

Еб –оғландар (курень=лагерь)

Еб –оғландар (курень=лагерь)

Бұл схемадағы байырғы түркілердің еб жүйесі қақында кейінгі мақалаларымызда арнайы тоқталамыз.

Қағанат төрі (өкіметі) халықтан арнайы тоқтам бойынша алым – салық алып отырған. Қанаттар, тайпа көсемдерінің, ру басшыларының салығының сыртында қаған салығын рудан бастап оң, сол қанат көсемдеріне дейін төлеп келген. Егер кімде кім салығын төлемесе, төр (өкімет) тарапынан жаза жүктелетін болған. Демек «уч оғулы берімі уруғысын иок қылмыс өліртміс -үш тайпа ел салық астығын (егінін) жоқ қылды, өлімге кесілді.  Бұл арада өкімет (төр) астықты халықтан салықты астықпен алғандығын айтумен қатар, оған өкімет тарапынан ерекше мән беретіндігі айқын көрініп тұр. Әрі сол өкімет тарапынан қабылданған салық төленбесе жазаланатынын көрсетіп отыр.

Қағанат қалыптасып өмір сүру, ішкі ісін жүргізу үшін экономикалық фактор шешуші рөл атқаратыны түсінікті. Мемлекет қазынасын құрушы бір компонент халықтан түсетін салық. Міне, осындай салықты байырғы түркілер «берім» (берешек, беретін дүниесі) деп атаған. Сондай-ақ салық төлемінің сыртында ішкі-сыртқы соғыс, қақтығыс кезінде көптеген дүниелерді олжалап, хан қазынасына қосып отырған. Бұл туралы тас шежіреден тағы бір дерек келтірелік:

«Сү башы бен иүз тебе, бың йонт, түмен қоң бен қылышдым» - Әскер басы (қол басы) мен жүз түйе, мың жылқы, түмен (он мың) қойды мен тәркілеп алдым. Бір жолғы соғыста тайпа елден осындай мал түсірсе, енді қарлуқ түргештермен болған бір реткі соғыста жеңгеннен кейін не алғанына назар салайық. Дерек көзінде «Күн шыға соғыстым. Онда Түргеш, Қарлұқтардың табарын тәркілеп алып, ебін сонда жойып кеттік (қазынаны) өз ебіме түсірдім».

Бұндағы тас бетіне қашап жазып отырған мәліметтегі салық жай бір азғантай болымсыз дүние емес. Қарлұқ, Түргештердің хан қазынасы болған алтын, күміс, асыл тастар, қымбат дүние мүліктер болмақ. Оның бәрі хан сарайындағы қазынаға қосылады. Мұндай асыл қазынаны ертеорта ғасырдағы түріктер «büntüg» деп атаған. Тұй-ұқұқ мәтінінде «қазынасы мол болса, халықта қандай мұң болмақ». Байырғы түркілер қол астындағы тайпалар мен тайпалық одақтардан олардың айналысатын шаруашылық кәсібіне байланысты заттай салық алып отырған. Салық жинау Қаған қазынасына салу сияқты жауапты істің барлығын жергілікті жердегі өкіметтің (төр) қол – аяғы болған атқарушы әкімшіліктер іске асырып отырған.

Байырғы түркілердің ел басқару жүйесі алғашқы кезеңде қосындық (әскери) – әкімшілік жүйесі болғанын ғалымдар мойындап келді дегенді жоғарыда айттық.

Байырғы түркілер, қосынға ондық жүйені мықтап енгізді. Ондық жүйе қағанат ішіндегі байып дәулеттеніп бара жатқан дәулеттілер мен қоғамның жоғарғы сатыдағы лауазым иелерінің құқын қорғаумен қатар қол астындағыларды өкімет тарапынан қозғалтпай ұстап отыруға тым ілкімді болды.

Жоғарыдағы әкімшілікке берілген үш қанат ішіндегі тайпалар мен тайпалар одағындағы әскери құрлымын түмен (он мыңдық), бес мыңдық, мыңдық, бесжүздік, жүздікке бөліп жасақтады. Олар бұл жерде тайпалық құрлымды бұзбады. Бір тайпаның ішінде бірнеше жүздік ұйымдастырғанда толмай қалған кезде екінші бір тайпаның адамдарын алып келіп қоспады. Тайпалық құрамды қатаң ұстады. Ал, 13 ғасырдағы Шыңғысхан үкіметі Моңғолдардың тайпалық құрамын әдейі бұзуды үкіметтік саясат етіп, тайпаларды мидай араластырып жіберді. Сөйтіп, түріктер тайпа ішіндегі жүз басы болған ру басшыларына қосын сеңүндеріне Ұлұғ Өз-Ынанчу деген әрі қосындық (әскери) шен, әрі әкімшілік лауазым беріп отырды. Бір ғажабы сол үкіметтік ең жоғарғы қосындық (әскер) орталық кеңеске жүз басшылардың ішіндегі ең сенімді де құрметті ұлығ Өз-Ынанчулардың бірін сайлап, қатыстырып отырған. Жүздік бесжүздікке, ол мыңдыққа, мыңдық бесмыңдыққа, бесмыңдық түменге бағынды.

Түркі мемлекетінің ішкі әлеуметтік ерекшелігіне байланысты ирархия мықты орын алған. Ел ішіндегі тайпалардың қоғамда иеленген орнын қатаң белгілеп берген. Қоғамдағы орын алған сол иерархияға байланысты әкімшілік іс жүргізген өкімет (төр) адамдарының лауазым шені, оның дәрежесі үкімет тарапынан қатаң белгіленген. Мәселен, Төлес бектері, Төлес мыңдығы Тардуш бектері мен мыңдығының дәрежесін иеленбейді.

Қағанат қосынын (қолын) төмендегідей ондық жүйемен жасаған. Мыңдықтар: Қаған Өрүгесін (хан орда) қорғайтын Қағас Атачук мыңдығы, қаған сарайы мен ордасына күнделікті қызмет көрсетіп, шаруашылығын жүргізіп отыратын Тойқан Бұқұғ мыңдығы, Тардуш қанатының Күлүк қосындар (сарбаздар) мыңдығы, Тардуш қанатының Ышбара бес мыңдығы, Алып Ышбара Сеңүн басқаратын Яғлақар мыңдығы, Төлес қанатының бұйрықтары басқаратын Ұлұғ Ұрұңұ мыңдығы, Төлес қосындар мыңдығы.

Түмендер: Қағанның атты сарбаздар қосындары түменге топтастырылған. Тас шежіреге қарағанда, оларды ішінен жүздікке бөліп, жүз басына сенгүрдерді тағайындаған.

Байырғы түріктердің осы жүйесі бір қарағанда құрлымы, міндеті, мақсаты бүгінгі ҚХР-ның жанұялық әскеріне де ұқсайды. Олар бейбіт уақытта шаруашылығын жүргізіп, отбасын асырап, салығын төлеумен қатар қаған қазынасын молайтуға күш жұмсайды. Ал егер ел ішінде тынышсыздық пайда болса, ел шетіне жау тисе, немесе басқа қағанатқа соғыс жарияласа, билік бұл қосындарды (әскери) –алдын ала жасақталып қалыптасқан тіртіп бойынша қаруын асынып дайын тұрады. Ешқандай ауыртпалықсыз-ақ міндетін атқарып жүре беретін болған.

Жүздік, бесжүздік, мыңдық, бесмыңдық, түмендердің орналасу құрлымын көне түркілерже «еб» деп атаған. Бұны Шыңғыс империясы «курень» (доға жасап шеңберлену) деп аударып қолданған. Түркілердің ел басқару жүйесі осылайша темірдей тәртіп ұстанған. Түркілер бұл тәртіпті тас бетіне «tenrim qanym temir teg elig tutu berti» – Тәңірі мен ханым темірдей тәртіп орнатып ел (мемлекет) тұтты – деп қашап жазып қалдырған.


Қаржаубай Сартқожаұлы
ф.ғ.д., профессор,
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің
Түріктану және алтайтану Ғылыми зерттеу орталығының директоры

Ұқсас материалдар