Қандастар Ассамблея

Баян мен Сары батырлар жайлы деректер

03.09.2014 2721
Сары батырдың Баянның ағасы екенiн Шоқан Уәлиханов та растайды.

Сары батырдың Баянның ағасы екенiн Шоқан Уәлиханов та растайды. «Исторические предания о батырах ХVIII века» деген еңбегiнде Баянға түсiнiк бере отырып былай деп жазған: «Это любимец Абылая и первый храбрец того времени. Родом был из рода Уак­Керей и был убит в одном из набегов на калмыков с братом своим батыром – Сары: от чего часто называют их вместе Сары­Баян» (Ч. Валиханов. Избр. произведения. – Алматы, 1958 г. – С. 122).

Сары (Ерсары) 1690 жылы туып, 81 жасында қайтыс болған екен. Оның зираты Солтүстiк Қазақстан облысының Докучаев селосынан 4­5 шақырымдай жерде. Сары және Сүгiр батырлар жерленген қос оба алыстан көрiнедi.

Сары батыр (көзсiз ерлiгiне риза болған жұрт «Ерсары» деп құрметтеп, кейбiр әңгiмелерде осы атымен белгiлi) Баяннан екi мүшелден де артық үлкендiгi бар екен. Қазақ әскерiнiң 28 жылдай ордабасысы болған атақты Қожаберген жыраудың «Елiм­ ай» дастанында:

Бөгенбай, Ерсары, Асқап, Жабай, Көшек

Қалмақты қойша қырар, зар еңіретер, – деп Ерсарыны атайды да, Баян батыр туралы айтпайды. Оның сыры мынада: «Елiм­ай» дастаны туғанда (1723 жылдары) Баян батыр 9 жаста ғана, көзге түсiп, ерлiк жасайтын жасқа толған жоқ едi. Ал Ерсары орда бұзар 30 жасты еңсерiп тастаған, Уақ жасағының қолбасшысы болатын. Сары батыр ұзын бойлы, екi иығына екi кiсi мiнгендей зор денелi адам болыпты. Жас кезiнде атақты балуан болды деп те кәрiкөз қариялар айтып отыратын едi. Оның жорыққа мiнетiн тортөбелi есiк пен төрдей, басқа аттар тортөбелдiң қасында тайдай ғана болып көрiнетiн едi деген де әңгiмелер есiмiзде. Қару­жарағы да өзiне сай болса керек, белiне қыстырып жүретiн шоқпарын екi кiсi көтере алмайтын едi деген әңгiменi жас кезiмiзде естiгенiмiз бар.

Сары батыр жау көргенде екi көзi қанталап, жоңғар әскерiнiң қалың тобына кiрiп кететiнiн өзi де бiлмейтiн әдетi болса керек. Ержетiп, жау түсiре бастаған батыр Баян жауға жақындағанда ағасының тортөбелiн шылбырынан ұстап алып дұшпан әскерiнiң бiр шетiнен ұрысқа кiргiзетiн көрiнедi. Содан тiзе айырмай тиiскен ағайынды қос батыр қойға шапқан қос бөрiдей қалмақтарды жапыра қуып отырса керек. Ақиық ақынымыз Мағжан Жұмабаев:

Баянның ер ағасы – Батыр Сары,

Қос қыран тiзе қосып жауын қуған, – дейтiнi содан. Сары батыр Баян өлгеннен кейiн 80 жасқа келсе де, Едiл бойындағы қалмақтармен соғысқа қатынасқан көрiнедi («Қазақ батырлары». №11, 2002 ж.). Осы жорық туралы ертеректе үлкендерден естiген  әңгiме бар. Қалмақтармен кескiлескен бiр ұрыста (шылбырынан ұстап, тiзерлесе соғысар Баян жоқ) Сары батыр көзi қанталап, жау тобының ордасында қалып қояды. Жараланғанына қарамай, оңды­солды шоқпар сiлтегенiмен, көптiң аты – көп, батырды әлсiретiп­ақ тастайды. Сол кезде «Жаубасарлап» ұрандатып бiр топ қазақтың сарбаздары лап қойып, қалмақтарды тықсырып тастайды. Көз тоқтатып, жан­жағына қарап тұрған қарт батыр «Жаубасар» деп ұрандатып, бiр топ сарбаздарды бастап келген жiгiт өзiнiң баласы – Қыстаубай (Ноян) екен. Баласын танып қалған Сары батыр иығынан қаны сорғалап тұрып: «Әй, арамсiдiк, сен әлi тiрi ме едiң, кет жолымнан!» – деп бұрылып жүре берген екен.

«Есімдері ел есінде», құрастырған Абай Тасболатов

Ұқсас материалдар