Қандастар Ассамблея

Байғазин балалар арасында кастинг жариялады

13.09.2016 3086
Кастинг! Кастинг!

Қазақстандық режиссер Эмир Байғазин жасөспірімдердің өміріне арналған трилогиясының үшінші бөлімін түсірмекші. Бүгін аталған фильмдегі рөлдерге кастинг жарияланды.

«Өзен» (уақытша атауы) картинасында ерте есеюге мәжбүр болған Асланның тағдыры баяндалады. Шалғайда жатқан ауылда тұратын әке өзінің тұңғыш ұлын қалған 4 баласына үлгі болғанын қалап, қатал тәрбиелейді.  

Кастингке 5 жас пен 12 жас аралығындағы қазақша сөйлейтін балалар қатыса алады. Сонымен қатар, сырт келбеті азиялықтарға келетін, орысша білетін, 10-12 жас аралығындағы балалар шақырылады. Кастингке бір үйдің бес ұлы қатысса, тіпті жақсы. Бұл туралы толық ақпаратты картинаның әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан білуге болады.

Эмир Байғазин – өзінің дебюті Берлин халықаралық кинофестиваліне қатысқан алғашқы қазақстандық режиссер. Ол түсірген трилогияның алғашқы бөлімі – «Асланның сабақтары» осыдан үш жыл бұрын Берлинде таныстырылып, «Күміс аю» сыйлығы мен «Моргенпост» газетінің жүлдесін жеңіп алған болатын. Ал, трилогияның екінші бөлімі – «Жаралы періште» биыл ақпан айында Берлинде алғаш рет көрермен назарына ұсынылды. Ол қазірдің өзінде Сараевода өткен ХХ халықаралық кинофестивальде «Work in Progress» арнайы бағдарламасының басты сыйлығын жеңіп, Кошицада өткен «Art Film Fest» халықаралық фестивалінің «Ең үздік режиссер» аталымында жеңіске жетті. Сонымен қатар, туынды Тайвань және Оклендте өткен кинофестивальдардың халықаралық байқау бағдарламасында бақ сынады.  «Жаралы періште» Германия кинотеатрларында 3 қарашадан бастап көрсетіле бастайды.


Әзірлеген: Жансая ТӨЛЕГЕН

 

Ұқсас материалдар