Бауыржан Момышұлының 30 томдығына 10 жыл толды

16.02.2015 9932
Осыдан 10 жыл бұрын дәл осы күні, яғни 13 ақпан күні «Мемлекет қайраткерлерін мәңгі есте сақтау» бағдарламасының аясында аты аңызға айналған Қазақстанның жазушы-жауынгері Бауыржан Момышұлының 30 томдық шығармалар жинағы жарық көрді.

Осыдан 10 жыл бұрын дәл осы күні, яғни 13 ақпан күні «Мемлекет қайраткерлерін мәңгі есте сақтау» бағдарламасының аясында аты аңызға айналған Қазақстанның жазушы-жауынгері Бауыржан Момышұлының 30 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Жинақты «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының негізін қалаушысы, әрі жетекшісі профессор Мекемтас Мырзахметов әзірледі.

«Әдебиеттің негізгі мақсаты – адамдарға білім беру, мейірбан болуға тәрбиелеу, ар-ұятына әсер ету, намысын ояту, ақыл-ойын дамыту және ең бастысы  борыштылық сезімін тудыру»

Бауыржан Момышұлы

Баукеңнің бұл көлемді жинағына ҚР Орталық мұрағаты мен Мәскеудегі арнайы әскери мұрағаттан алынған деректер және батырдың ұлы Бақытжан Момышұлының үйінде сақталған ақпараттар кірген. Сонымен қатар, әртүрлі жекелеген адамдардың мұрағаттарында жатқан Б.Момышұлының өз қолымен жазған деректі жазбалары да қамтылған.

Бауыржан Момышұлының 1958 жылы жарық көрген «Артымызда Мәскеу» романынан Отанға және қатардағы сарбаздарға деген ерекше махаббат байқалады. Роман Панфилов дивизиясының әскери ерліктеріне арналған болатын. Ол фронтта жүрген кезінде өз басынан өткерген дүниелері жайында жазады. Бұл шығарманы жазуға арқау болғаны оның 38 дәптерден тұратын күнделігі. Ол бұл күнделікті тұрақты түрде фронттың барлық өмірінде жазып отырды: шабуылда, окопта, қар мен жаңбырда, тіпті қоршауда да. Романда Мәскеу түбіндегі шайқас баяндалады. Кітап неміс, чех, еврей, ағылшын, француз және өзге де әлем тілдеріне аударылған.

1944 жылы Бауыржан Момышұлы Қазақстан және Ресей шығармашылық элитасының шағын тобының алдында 4 күндік дәріс жүргізді. Дәріс стенографияға түсіріліп, тек 1990 жылы ғана өңделіп, бір-екі жері қысқартылып «Қазақстан» баспасы оны кітап етіп шығарды. Кейіннен шығарманы Мұхтар Қазбеков қазақ тіліне аударды. Редакциялық коллегия кітапты түпнұсқамен салыстырып, қысқартылған жерлерді толықтырып, оған қосымша пікірлер жазып, 30 томдыққа кіргізді.

«Біздің жанұя» автобиографиялық кітабында Бауыржан Момышұлы отбасылық тәрбиенің, ата-ана өсиетінің маңыздылығы жайлы айтады. Ол сондай-ақ әжесінің, әкесінің, ағасы мен әпкелерінің және өзге туыстарының қиын өмірі туралы жазады. Осылар арқылы сол кезде елімізде болып жатқан оқиғаларға да баға беруге болады. Кейіннен оны өзінің ата-тегі (әкесі Момыналы Имашұлы әзірлеген) қызықтыра бастайды. Бұл материалдар «Шежіре» атты арнайы том болып жарық көрді.

Бауыржан Момышұлының мұрағатында батырмен араласқан көптеген адамдардың хаты бар. Бұл хаттардың мазмұны көбіне: ой-толғау, еңбектеріне рецензия, естелік-хаттар, өсиет-хаттар... Сонымен қатар, жинаққа Баукеңнің өзі жазған хаттары (таныстарына, мекемелерге) да кірген.

Әйелдерден келген хатта арнайы томға жинақталған. Оларды біріктіретін бір нәрсе – Бауыржанға деген олардың махаббаты.


Дәурен Омаров

Ұқсас материалдар