Қандастар Ассамблея

Батырхан Шүкенов: «Шынайы музыкаға деген сұраныс азайса, бұл өнердің тоқырауы емес, әлеуметтік проблема»

05.05.2015 2841
29 сәуір күні 52 жасында дүниеден өткен әнші Батырхан Шүкеновтың сұхбаттарынан үзінді жариялап отырмыз.

29 сәуір күні 52 жасында дүниеден өткен әнші Батырхан Шүкеновтың сұхбаттарынан үзінді жариялап отырмыз.

Батырхан Шүкенов 1962 жылы 18 мамырда Қызылордада дүниеге келген. Өнердегі жолын әнші Роза Рымбаеваның саксафоншысы болудан бастаған. 1988 жылы «Джулия» әнімен жарқырап шыққан әнші «А'Студио» тобының фронтмені болып сайланады. «А'Студио» тобынан 2000 жылы бөлініп шығып, жеке шығармашылық жұмыстарымен айналысты. Халықтың жүрегінде қалатын әндер жазды. Әншінің бұрын басылым беттерінде жарияланған сұхбаттарынан қысқаша үзінді келтіруді жөн көріп отырмыз.

Мен вокалмен кәсіби түрде айналысқан жоқпын. Ең бастысы музыкаға деген құмарлығым бар.
Шынымды айтайын, байқауды жаным қаламайды. Мен үшін байқау көп күш жұмсайтын, жүйкеге жүк салатын жағдай. Бірақ байқауда барлық қырыңнан көрінуге талпынып, әдеттегіден ерекшеленуге тырысасың, маған осынысымен ұнайды.
Қазір барлық дүние қолжетімді болған заманда ерекше композиторлар, орындаушылар, музыкалық аспапта ойнайтын мықтылардың қатары азайып кетті.
Менің әке-шешем қаржыгерлер, сондықтан олар ақшаны қалай жұмсауды жақсы білетін. Бірақ, солар балаларына ақшаны қалай дұрыс жұмсауды үйретпеген сияқты. Мен ақшаны оңды-солды босқа шашатынның бірімін (күліп).
Ұлы Отан соғысы туралы жанның қылын шертетін үздік картиналардың бірі – гүржі фильмі «Солдаттың әкесі» («Отец солдата»). Мен сол фильмді жақында қайталап көрдім, көзімнен жас шықты.
Бұрынғы әртістер жоғары деңгейге көтерілу үшін, танымалдылыққа ие болу үшін үлкен қиындықтар көрді, көп тер төкті. Ол кезде қазіргідей жағдай болған жоқ. Бірақ сол қиындықтар әртістерді шыңдады, үлкен тәжірибе берді.  Қазіргі жағдайды алып қарасаңыз, жақсы да, жаман жақтары қатар кездеседі. Өйткені, телеарналар бар, әлеуметтік желілер бар, бір мезетте танымал болуға болады. Көп жағдайда қазіргі әртістер жарқ етіп жанғанмен, жалп етіп тез сөнеді. Талантты болумен қатар қажырлы еңбек қажет. Қазір танылу да, ұмытылу да оңай. Биігін сақтап қалатындар өте аз.
Бибігүл Төлегенова мен ата-анамның арасындағы достық бұрыннан бар. Бала кезімнен жақсы білемін, Бибігүл Төлегенова гастрольмен Қызылордаға келгенде қонақ үйге емес, біздің үйге түсетін. Оның еріксіз өзіне баурап алатын дауысын да бала кезімнен жақсы білемін. Менің өміріме әсері өте үлкен. Алматыдағы консерваторияның жанынан саксофон сыныбын ашып, мен соның алғашқы түлегі болдым.
Той-бизнес деген бар. «Той» деген сөз «мереке» ғой. Мерекелер әсіресе шығыс елдерінде музыкамен сүймелденеді. Мұнда әрине билеуге ыңғайлы, көңілді музыкалар орындалады. Егер той-бизнес дамып, шынайы музыкаға деген сұраныс азайды десек, бұл музыканың тоқырауы емес, керісінше әлеуметтік проблема.  
Шамамен бес жасар кезімде Лата Мангешкар атты керемен әнші мені баурап алды, оның даусы үнді фильмдеріндегйдей керемет әсер беретін. Жеті жасымда Батыр Закиров, Валерий Ободзинский мен Том Джонстың әндеріне қызықтым. Он үш жасымда әйгілі Ермек Серкебаевтың орындауындағы халық әндері мен «Наш милый доктор» фильмінде орындайтын әнін тыңдадым. Содан кейін бұлбұл әнші Бибігүл Төлегенованың әндерін ұнаттым. 17 жасымда Стиви Уандер есімді керемет әнші менің жүрегіді баулап алды.  


Фотолар мен деректер әншінің ресми сайтынан алынды.

Ұқсас материалдар