Қандастар Ассамблея

Батыр бабалар

03.09.2014 2219
Хименко Андрей Максимович 1915 жылы Солтүстiк Қазақстан облысы Кеңес ауданындағы Елизаветское селосында туды.

Хименко Андрей Максимович 1915 жылы Солтүстiк Қазақстан облысы Кеңес ауданындағы Елизаветское селосында туды. 1927 жылы ата­анасымен бiрге Фрунзе қаласына көшiп кеттi. Хат тасушы, «Союзпечать» мекемесiнiң бухгалтерi болып iстеген. 1939 жылы СОКП мүшелiгiне кiрген.

...Полк бөлiмшелерi Висла өзенiне таяп келдi. 2­-батальонның командирi гвардия аға лейтенанты Карнушенко 5­-рота командирі Данилянцты командалық пунктке шақыртып алды.

– Жолдас лейтенант, осы әлгiнде ғана полк командирiнің бұйрығын алдық. Бiздiң батальон Висладан өтіп, плацдармды басып алуға және оны қайткен күнде де қолда ұстап тұруға тиiс. Сiздiң рота бiрiншi болып аттанады.

Iске шұғыл кiрiстi. Артиллерия жиырма минут бойы оқ жаудырып, жауды жасқап алды. 5­рота өзге қарулар мен пулеметтерден оқ борап жатқанда өзенге бет қойды. Рота парторгi, гвардияның қатардағы жауынгерi Андрей Максимович Хименко төрт жауынгермен бiрге суға түстi. Жаудың оқты қарша боратуына қарамастан олар өзеннен сәтiн салып өттi. Олардың соңынан Висланың батыс жағалауына ротаның өзге жауынгерлерi де шықты.

Жағадан бiрнеше метр жерде немiстер үлкен бөген салыпты. Сол бөгеннің биiк бiр тұсынан iрi калибрлi пулемет жақ жаппастан оқты боратады. Бiздiң жауынгерлер бұқпантайлауға мәжбүр болды. Парторг Хименко пулеметпен екi араны көзбен мөлшерлеп алды. Өзiне пулеметшi Ардашевтi шақырып алды да, жаудың атыс ошағын құртуды тапсырды.

Чеботарев Василий Михайлович 1918 жылы 25 маусымда Солтүстік Қазақстан облысы Целинный (қазіргі Ғ. Мүсірепов) ауданындағы Гавриловка селосында туған. Ұжымшарда тракторшы болған, одан кейін Ақмола облысында рудникте забойщик болып істеген. 1938 жылдан Қызыл Армия қатарында болған.

ІІІ Белорус майданы 19­гвардиялық танк бригадасының «Смерш» контрбарлау бөлімінің жедел өкілі, гвардия лейтенанты В.М. Чеботарев жаулармен батылдықпен, жанқиярлықпен шайқасты. Әсіресе Бобр өзенінен өту үшін болған ұрыста ерекше көзге түсті. 1944 жылы 27 маусымда батальон құрамында В. Чеботарев Минск облысы Крупский ауданындағы Бобр селосының маңындағы жаудың тылына өтіп, ондаған гитлершілерді құртып, бір офицерді тұтқынға алды. Бірақ осы жаумен шайқаста Чеботаревтің патроны таусылып, фашистердің қоршауында қалып, жекпе­жек ұрыста қаза тапты.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылғы 29 маусымдағы Жарлығымен Василий Михайлович Чеботаревке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ленин және Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталған. Рузаевка және Гавриловка селоларында батырдың атында көшелер бар. Бобр елді мекенінде ескерткіш орнатылды. Минскінің Чеботарев атындағы көшеге ескерткіш тақта қойылды.

Чепрасов Михаил Максимович 1924 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Целинный (қазіргі Ғ. Мүсірепов) ауданындағы Шалқар селосында туған. Ұжымшарда тракторшы болып істеген. 1942 жылдан Қызыл Армия қатарына алынған. Гвардия қатарындағы жауынгер Чепрасов Орталық майданның 13-­Әскерінде 75-­гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамында 1943 жылдың 6 шілдесінде Курск облысы Поныров ауданы Поныр теміржол стансасы маңында болған шайқаста жаудың 4 танкін және ондаған солдаттар мен офицерлерінің көзін жойды. Осы ұрыста ол қаза тапты.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1943 жылғы 7 тамыздағы Жарлығымен Михаил Максимович Чепрасовқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Поныров ауданындағы Ольховатка селосында жерленген. Алматы облысындағы Сарқант қаласында бір көше мен мектепке батырдың есімі берілген.

«Есімдері ел есінде», құрастырған Абай Тасболатов