Қандастар Ассамблея

БАТУДЫҢ РУСЬ ПЕН ШЫҒЫС ЕУРОПАҒА ЖОРЫҒЫ

28.08.2014 3399
БАТУДЫҢ РУСЬ ПЕН ШЫҒЫС ЕУРОПАҒА ЖОРЫҒЫ

БАТУДЫҢ РУСЬ ПЕН ШЫҒЫС ЕУРОПАҒА ЖОРЫҒЫ — Шыңғыс хан империясы біріккен әскерлерінің 1236 — 42 ж. аралығында жасаған жаугершілік жорығы. Бұл жорықты ұйымдастыру жоспары 1235 ж. Құрылтай жиналысында арнайы талқыланып, оған бір жылдан астам уақыт дайындық жұмыстары жүргізілді. Жорыққа Батудан басқа Шыңғыс хан әулетінен Үгедейдің ұлы Күйік, Төлейдің ұлы Мөңке, Шағатайдың ұлы Байдар (Бандар) және Батудың өз бауырлары Орда Ежен, Тоқа Темір, т.б. қатысты. Олардың қатарында Шыңғыс ханның әйгілі қолбасшыларының бірі ретінде танылған Сүбедей де болды. 150 мыңға жуық адамнан тұратын әскер жорыққа Бат. Алтай өңірінен 1236 ж. көктемде аттанып, маусым айында Еділ бұлғарларының жеріне келіп жетті. Бату Еділ бұлғарларын бағындыруды Сүбедейге тапсырды. Сүбедей Еділ бұлғарларымен соғысып жатқанда Бату әскердің басым күшімен қыпшақтардың, буртастардың, мордвалардың жерін жаулап алды. Сүбедей бұлғарлардың Керпек, Сувар, Биляр, т.б. қалаларын бірінің артынан бірін жаулап алып, 1237 ж. көктемде басты қаласы — Бұлғарды бағындырды. Мөңке бастаған әскер Кавказға ішкерілей еніп, ондағы көптеген қалалар мен Аланияны бағындырып қайтты. 1237 ж. күзде Бату әскерлері Рязань князьдігіне шабуыл жасап, Происк, Белгород, Ижеславец, Ожск, Ольгов, Переславль-Рязанский, Боршов-Глебов қ-ларын басып алды. Рязань қ-н қорғаушылар алты күндік қоршаудан кейін 21 желтоқсанда тізе бүкті. Мұның артынша Коломна қ. түбінде орыс князьдіктерінің біріккен әскерін талқандады. 1238 ж. қаңтарда Мәскеуді жаулап, оның князі Владимир Юрьевичті тұтқындады. 3 қаңтарда Владимир қ-н қоршауға алып, оны 7 ақпанда бағындырды. Осы жылы наурызда орыс князьдіктерінің дені жеңілді де, Бату әскерлері үшін Новгородқа жол ашылды. Бірақ көктемгі лайсаңға байланысты оған 65 км жетпей тоқтады. Бату оңт-ке оралуға шешім қабылдады. Оңт-ке бет алған әскерлер жол-жөнекей Торжок, Подеснья, Курск қ-ларын талқандады. Дон өз. бойында қыпшақ ханы Қотанның әскерімен кезікті. Жеңіліс тапқан Қотан өзінің әскерімен Мажарстан (қазіргі Венгрия) жеріне өтіп кетті. Бату 1239 ж. көктемде Переяславль, күзде Чернигов князьдігін жаулап алып, Днепр өз. бойына жетті.   1240 ж. 6 желтоқсанда Киевті алды. Бату Киев жерінен Мажарстанға, Польша мен Далмацияға (Балқан түбегіне) жорық ұйымдастырды. Мажарстанды барып паналаған қыпшақтарды бағындыру үшін Бату мажар королі Беладан оларды тұтқындап ұстап беруді талап етті. Бірақ Бела бұл талапты орындаудан бас тартты. Бұл Мажарстанға шапқыншылық жасауды тездетуге түрткі болды. Бату әскерінің жасақтары 1241 ж. наурызда Польшаның Люблин, Сандомир, Краков қ-ларына жорық жасады. Шағатайдың ұлы Байдар басқарған әскер 9 сәуірде Лигниц қ. түбінде 30 мыңнан астам адамнан тұратын поляк-неміс әскери жасағымен шайқасып, үлкен жеңіске жетті. Бұл шайқас азиялық соғыс өнері еуропалықтардан анағұрлым жоғары екендігін көрсетіп берді.  Бұл мезгілде Бату әскердің басым бөлігімен Мажарстан жеріне кіріп, Сити өз. бойында біріккен мажар-хорват әскери күшін талқандады. Шайқаста 65 мың адамнан тұратын мажар-хорват әскерінің 56 мыңы өлді. Мажар королі Далмацияға қашып кетті. Хорват герцогы Коломан шайқаста алған жарақатынан қайтыс болды. Будапешт қ. Бату әскерлерінің тонауына түсті. Дунай өз-нен өтуді Бату өзі басқарып, әскерін Жерорта  т-нің жағалауына дейін  жеткізді. Острогон, Стольни Биоград (Белград), Весперим, Джур қ-ларын бағындырды. Бату әскерінің екінші қанаты Нейштад қ-н алып, Венаға тақап келді. 1241 ж. желтоқсанда ұлы хан Үгедейдің өлгені туралы хабар жеткеннен кейін Бату Балқанды тастап, Жошы ұлысына, Еділ өз-нің төм. ағысындағы ордасына аттанды. Бату жаулап алынған жерлерді Алтын Орда құрамына қосты.

Әдеб.: Греков Б.Д., Якубовский Л.Ю., Золотая Орда и ее падение, М.—Л., 1950; Полное собрание русских летописей, т. 1, М., 1962;  Федоров Г.А., Кочевники Восточной Европы под властью золотоординских ханов, М., 1966; Хара Даван Э., Чингис-хан как полководец и его наследие, А.-А., 1992.

А. Махаева

Қазақстан Энциклопедиясы

Ұқсас материалдар