Баласыз отбасылар үшін робот-сәби жасап шығарылды

04.10.2016 2669
Сезімге бай Kirobo Mini ең алдымен жалғызбасты жапондарға қолғабыс көрсететін болады.

Жапонияда баласы жоқ адамдар үшін робот-сәби жасап шығарылды. Құртақандай ойыншық өзін бес жасар баладай ұстайды.

1990 жылдардың ортасынан бастап Жапония демографиялық дағдарысқа тап болды. Ғалымдар мұның негізгі себебі – мансап қуу, бала тәрбиелеудің қымбатшылығы мен некеге кеш тұрудан дейді. Осы себепті елде тұрмыс құрмаған, баласыз жалғызілікті әйелдер көбейіп кеткен.

Ата-аналық мейірімін дамытқысы келетіндер үшін бес жасар бала жақын күндері сатылымға шықпақ. Бойы 34 см болатын робот Киробоның есімі «үміт» («кибо») және «робот» деген мағынаны береді.

Киробо дыбысты айыра алады, ымдау, сөйлеу, дыбыс синтезаторы, бет-жүзді тану, видео жазу жүйесі сияқты қасиеттерге ие. Ал ақыл қабілеті бес жасар баланың деңгейіне сәйкестендірілген.

Робот-бала Жапония нарығына 2017 жылы шығады және бағасы 390 АҚШ доллары деп белгіленген. «Kirobo Mini ең алдымен жалғызбасты жапондарға қолғабыс көрсететін болады» дейді құрастырушылар. Асырап алушы ата-аналар смартфоннан арнайы нұсқаулықты көшіріп алған соң, кішкентай сәбиді өзімен бірге алып жүре береді. Роботтың ең басты ерекшелігі адам эмоциясын сезініп, жауап қайтара алады.


Фото: toyota-europe.com

Ая КЕРЕЙ

Ұқсас материалдар