Қандастар Ассамблея

БҮГІНГІ ҚАЗАҚТЫ ҚҰРАҒАН ТАЙПАЛАР ТОБЫНЫҢ БІРІ – ҮЙСІН. Нəсіл немесе тұқым

23.08.2014 4421
БҮГІНГІ ҚАЗАҚТЫ ҚҰРАҒАН ТАЙПАЛАР ТОБЫНЫҢ БІРІ – ҮЙСІН. Нəсіл немесе тұқым

Нəсіл немесе тұқым - адамзаттың алғашқы сатысында қалыптасқан, дене бітімінде кейбір (тұқым қуалайтын, терісі мен шашының реңі, шашының формасы, бет əлпеті, көзі, бойы жақтарындағы) ортақ генетикалық нышандары бар, биологиялық мағынадағы кісілер тобы. Сары (моңғолоид), ақ (еуропеоид), қара (экваторлық яки негроид) дегендер осыдан барып шығады. Бұлардың отызға тарта тармағы тағы бар деген едік.

Қайталап айтайын, Бүгінгі ғылыми жетістіктер қазіргі адамзат, бір атадан тарамады деген күнде де, бір регионнан (солтүстік-шығыс африкадан) тарады- дегенге сеніп отыр. Ең жаңа жетістік бойынша айтқанда Эфиопия аумағынан тараған болып шығады. Жер шарының өзге тұсында өскен адамсымақтар əр алуан себептен құрып кеткен сықылды. Тек қана осы айтылған региондағы (Солтүстік-шығыс Африкадағы) адамзат тобы ғана өсе, көбейе келе жаһанға тарапты. Олардың алғашқы бір көші Азияның оңтүстігіндегі мұхитты жағалай тарап қазіргі оңтүстік Қытай аумағына дейін жетсе, енді бір алғашқы көші Орталық Азияны кіндік еткен Ұлы Далаға жеткен көрінеді.

Кезіндегі қоғамның ең негізгі шаруашылық бірлігі болған рулық (қауымдық) құрылыс матриархаттық (əйел үстемдігі) жəне патриархаттық (ақсақал үстемдігі) дейтін екі кезеңнен өтті. Ол қандастықты арқау ететін, жат рулармен құдаласуды дəріптейтін.

Уақыт өте келе, қандастығы таяу бірнеше рулардан өзіндік жер аумағы, аты, тілдік диалекті, діни нанымы, ғұрпы, басқаруы бар тайпалар қалыптасты.

Алғашқы қоғамның аяғына таман келгенде, өндірістің өркендеуі, халық санының көбеюі, əсіресе толассыз əскери қақтығыстар туыс не іргелес тайпаларды уақытша не мəңгілік тайпалық одаққа бірігуге мəжбүр етті. Мұның да өз аты, өз жер аумағы, өз тілі, т. б. болды. Тайпалық одақ, ұлтқа таяғанымен, ұлтқа түп мəні жағынан ұқсамаушы еді. Ру да, тайпа да қандастықты арқау ететін. Б. з. б. ІІ ғасырда шаңырақ көтерген жəне ұлы ғалым Сыма Чянның «Тарихи жазбаларына» енген Үйсін ұлысы тайпалық одақ болатын жəне таптық қоғамға өткендігі үшін өз заманының мемлекеті де еді.

Ұлт - қандастықты арқау етпеген, өзге тайпаны, тіпті бөтен нəсілді де қосып алған, ұзақ тарих барысында ортақ тіл, ортақ аумақ, ортақ шаруашылық, ортақ психология сықылдыларға ие болған адамдар тобын білдіретін тарихи категория. Демек ұлт дəрежесіне көтерілген кез-келген адамдар тобы - таза қанды емес, метис топ. Олар əр алуан тайпадан (демек тіпті нəсілі, тілі,басқа адамзат топтарынан да) құралады. Оның білімді жандары, шежірені мəдениет қатарында санаса да, тайпашылдық пен рушылдық атаулыдан аулақ болады əмбе жікшілдік пен топшылдықты мұндаймен байланыстырмай, өзімшілдікке жатқыза біледі. Əрине қазақ ұлты да сондай. Ғылыми көзқараспен реал шындық бойынша қазаққа, ежелгі үйсіндер түгіл, одан да жат тайпалардың қосылғанын мойындаған, оны табиғи да тарихи болмыс санаған жөн.

 

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

Ұқсас материалдар