Бүгін Сатаевтың аналарға арналған фильмі прокатқа шықты

03.10.2016 5074
Қазақ киносы

Бүгіннен бастап еліміздің барлық кинотеатрларында Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» атты драмасы көрсетіле бастайды. Таяуда Алматыдағы Республика сарайында фильмнің тұсауы кесіліп, 3 мың көрерменнің назарына ұсынылды.

Тұсаукесерге режиссер Ақан Сатаев, фильмнің бас продюсері Әлия Назарбаева, негізгі рөлдерде ойнаған әртістер – Әділ Ахметов, Алтынай Нөгербек, Аружан Жазылбекова, Еркебұлан Дайыров, Берік Айтжанов, Азамат Сатыбалдылар келді. Фильмнің алдын-ала көрсетілімі биыл 1 наурызда Астанада ұйымдастырылып, оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан болатын.

Алматыда өткен премьерада

Режиссер Ақан Сатаев түсірген картинаның негізгі тақырыбы – ана махаббаты. Басты кейіпкер Ілияс (актер Әділ Ахметов) пен анасының (актриса Алтынай Нөгербек) арасындағы ұлы сезім олардың басына туған барлық қиын күндерді артқа тастап, қайта қауышуына себепші болады.

Фильм 1930 жылдан бастап қазірге дейін аралықты қамтиды. Мұнда халықтың басынан өткен қиын-қыстау кезеңдер (ұжымдастыру, жұт, соғыс жылдары) басты кейіпкерлердің тұрмыс-тіршілігі арқылы беріліп отырады. Картинаға жалпы саны 2 мыңнан астам адам қатысқан. Ал, басты рөлдерді Әділ Ахметов, Алтынай Нөгербек пен Аружан Жазылбекова алып шықты. Басқа да салмақты рөлдер Болат Әбділманов, Берік Айтжанов, Азамат Сатыбалды, Еркебұлан Дайыров, Асылбек Боранбайларға тиесілі.

«Анаға апарар жолдың» сценарийін бұдан бұрын да Сатаевпен бірге бірнеше картинада жұмыс істеген Тимур Жақсылықов жазған. Туындыны әуенмен әрлеген – Әлім Зайыров. Ақан Сатаев «драмада кейіпкерлердің 45 жылға жуық өмірін қамтыдық. ХХ ғасырда ел өмірінде болған ең күрделі жағдайларды сол уақыт аралығына сыйғызуға тырыстық» дейді.

Режиссер Ақан Сатаев жұбайымен бірге

Режиссер бұл драманың осыған дейін өзі түсірген фильмдердің арасындағы ең ерекше фильм екенін айтады:

– «Анаға апарар жолды» біз барша аналарымызға арнаймыз. Фильм ертеректе маған әке-шешем айтып берген оқиғаның желісімен түсірілді. Сондықтан болар, бұл туындым маған ыстық көрінеді. Менің шығармашылық потенциалымды дамытуыма, жалпы қазіргі деңгейге жетуіме анам көп ықпал еткен еді. Сондықтан да, мен анама қарыздармын. Бұл фильмімді оның көре алмайтыны өкінішті...

«Анаға апарар жол» 2012 жылы жарыққа шыққан «Жаужүрек мың баланың» жетістігін қайталайды деп үміттенемін. Өйткені, біз бұрынғы Кеңес одағындағы елдерді қамти отырып, көрермен аудиториясын кеңейттік. Сол себепті, фильм ТМД басқа елдерінде де көрсетіледі деп ойлаймыз. Осы бір жып-жылы туындымызды біз бүкіл әлемдегі аяулы аналарға арнаймыз.

Әділ Ахметов, актер:

– Анаға апарар жол» –­ небір қиыншылықтарға мойымай өткен ата-бабаларымыздың рухына тағзым. Біз осы фильмді көру арқылы бүгінгі бейбіт күнімізге шүкіршілік айтамыз.  

Тарихи драма Қазақстан, Әзербайжан және Беларусь елдерінде түсірілген. Ал, соңғы кадрлары былтыр маусым айында Алматы облысындағы Шамалған бекетінде түсірілді. Дәл сол түсірілімге бас продюсер Әлия Назарбаева арнайы келіп, шығармашылық топтың жұмысымен танысқан болатын.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Ақан Сатаев «Адасқандар», «Ликвидатор», «Рэкетир -1,2», «Жаужүрек мың бала» фильмдері мен «Ағайынды», «Бауыржан Момышұлы» сериалдарын түсірген.


Роза СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ

 

 

 

 

Ұқсас материалдар