Қандастар Ассамблея

Бүгін "ақынның ақыны" Мағжан туған күн

25.06.2015 11457
Бүгін Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі Мағжан Жұмабаевтың туған күні.

Бүгін Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі Мағжан Жұмабаевтың туған күні. 

Аяулы ақын 1893 жылы туып, 1938 жылы дүниеден озды. Ол – ең алдымен рухты поэзияның өкілі. Оның азаматтық лирикасын, табиғат лирикасын не махаббат лирикасын жекелеп алып зерттеуге болады. Сентиментализм, символизм, романтизм, декаденс елестері... Ол қазақ поэзиясына көп жаңалық әкелді. Бірақ Мағжанның молалық лирикасы – қайталанбас құбылыс, әлі күнге жалғасын таппаған жаңалық деп білеміз.

"Мағжанның жазығы – жаңа ғасырдың көкжиегінен зор ақындық қуатпен жарқ етіп көрінуі еді. Мағжан тұрғанда, оның өлеңі ел құлағында жүргенде ақынмын деп, өлең жазамын деп айту әркімге оңай болмаған... Демек, "терезеден қараймын, қарындашты жалаймындардың" бағы жанбайтын еді. Олар, Мағжанның мүрдесін басып қана, оның өлі денесін итеріп тастап қана орнын иелену мүмкін еді". "Мағжанның түбіне жеткен Кеңес өкіметі емес, өз қандастары" дейтін зерттеуші З.Сыздықұлының сөзі.

Атаулы күнге орай ақын туралы айтылған ой-пікірлерді топтастыруды жөн көрдік.

Мұхтар Әуезов, жазушы:
"Қазақ жазушыларынан, әрине, Абайды сүйемін. Менің бала күнімнен ішкен асым, алған нәрімнің барлығы да Абайда... Бұдан соң Мағжанды сүйемін. Еуропалығын, жарқырағын, әшекейін сүйемін. Бүгінгі күннің бар жазушыларының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз – Мағжанның сөзі. Одан басқамыздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін".
Сәбит Мұқанов, жазушы:
"Абай – ақылдың ақыны, ал Мағжан – ақынның ақыны. Мағжан ақын ретінде Абайдан күштірек, Біз Мағжаннан үйренуіміз керек".
Жүсіпбек Аймауытов, жазушы:
"Мағжан – сыршылдығымен, суретшілдігімен, сөзге еркіндігімен, тапқыштығымен күшті. Маржандай тізілген, торғындай үлбіреген нәзік үнді күйімен, шерлі мұңды зарымен күшті". 
«Дыбыспен сурет жасауда, сөздің сыртқы түрін әдемілеуде Мағжанға жеткен қазақ ақыны жоқ».


Зейнолла Қабдолов, академик-жазушы: "Қазақ өлеңінің Абайдан кейінгі алыптарының, айтулы алтын діңгектерінің бірі ғана емес, бірегейі – Мағжан Жұмабаев".

Әлкей Марғұлан, ғалым:
"Ағылшындар үшін Шекспирдің, орыстар үшін Пушкиннің ролі қандай болса, қазақ халқы үшін Мағжанның ролі сондай".

Ілияс Омаров, мемлекет және қоғам қайраткері:
"Мағжан – қазақ поэзиясының жарық күні. Күн нұр шашса, кейбір «әдебиеттің жұлдызы боламыз» деп жүргендер сөніп қалады".

Әлихан Бөкейханов, Алаш қозғалысының көсемі:
"Мағжандай ақыны бар, бір жерде тізе қосып отырған 5 миллион қазақтың тілі қалай жоқ болады?!"

Әзірлеген: Досжан Мейірім.

Ұқсас материалдар