Қандастар Ассамблея

Бүгін – ұлы ақынның туғанына 170 жыл

10.08.2015 8668
Бүгін – ұлы ақынның туғанына 170 жыл

ШҚО-да қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 170 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Хәкім Абайдың туғанына 170 жыл толуына арналған шаралар республикамыздың барлық өңірлерінде өтіп жатыр.

Осыдан тураы 170 жыл бұрын (1845-1904) ұлы ақын, философ, ағартушы, композитор, қазақтың жазба әдебиетінің негізін салушы Абай ҚҰНАНБАЙҰЛЫ дүниеге келді.

Қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында туған. Ол ауылдағы Ғабитхан молдадан сауат ашып, 10 жасында Семей қаласындағы Ахмет Риза медресіне оқуға барған. Мұнда араб, парсы тілдерін үйреніп, дін сабақтарын оқумен қатар Низами, Науаи, Сағди, Хафиз, Физули, т.б. шығыс классиктерінің шығармаларымен танысады. Медресенің үшінші жылында Семейдегі «Приходьская школаға» түсіп, 3 ай оқиды.

Сол кезден бастап А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Л.Н.Толстой, И.А.Крылов, Ф.М.Достоевский, М.Е.Салтыков-Щедрин шығармаларын оқып, Гете, Дж. Байрон мұраларына ден қояды. 13 жасында әке ықпалымен оқудан қол үзіп, әкімшілік билікке араласады. Отаршыл Ресейдің қол астындағы халқының ауыр тағдырын көріп өседі. 1875 жылы Қоңыркөкше елінде өткен сайлауда жеңіске жетіп, 1878 жылға дейін болыс болды. Қазақ халқының дәстүрлі ел билеу жоралғыларын, әдеп-ғұрып заңдарын жетік білетін Абай ел ішіндегі әр алуан әкімшілік-құқықтық реформаларға белсене араласады. Егде тартқан шағында әкімқара биліктен, атқамінерліктен іргесін аулақ салып, шығармашылықпен ғана шұғылданған.

Оның көптеген шығармаларында Адам, Болмыс және Ғалам тақырыбы, сондай-ақ, абсолюттік ақиқат сыры тұрақты орын алады. Ол терең ғибратты ой-толғамдарға толы өлеңдермен қатар жастық ауан, ғашықтық сезімді, табиғат көріністерін, адамның жан дүниесін көркем тіл, бейнелі теңеу, психологиялық шендестіру арқылы шеберлікпен, төгілте жырлаған ақын. Ол дәстүрлі қазақ поэзиясына құрылымдық, стильдік және көркемдік тұрғыдан сонылық алып келді. Әсіресе, оның ғақлиялары - «Қара сөздеріндегі» көркемдік шеберлік пен ғылыми пайымдарды астастырған философиялық ой-толғамдары жалпы адамзаттық гуманистік-әлеуметтік мұраттарға ұласып жатады. Абай - қазақтың музыкалық өнеріне де мол мұра қалдырған тұлға. «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, қаламқас», «Көзімнің қарасы», «Сегіз аяқ», «Қараңғы түнде тау қалғып», т.б. әндері арқылы ұлттық әуен-сазға жаңа түр, тың ырғақ, өзгеше өлшем қосты.

Абайдың мазмұны терең, көркемдігі жоғары өлеңдері мен поэмалары («Масғұт», «Ескендір», «Әзім»), қара сөздері мен аудармалары сан рет жарық көріп, қазақ еліне тарады, көптеген шетел тілдеріне аударылды.

Елімізде ұлы ақынға жасалған құрмет ерекше. Абай атында қала, аудан, Семей, Қарқаралы қалаларында, Жидебайда әдеби-мемориалдық мұражайлар бар. Астанада, Алматыда және тағы басқа да қалаларда театрларға, көшелерге ақын аты беріліп, ескерткіштер орнатылған. Абай атындағы шың, асу бар. Сонымен қатар Абай қоры жұмыс істейді. Фильмдер, көркем шығармалар, зерттеулер жазылған. Қазақтың классик жазушысы М.Әуезовтың бас кітабы - «Абай жолы» ұлы ақынға арналған. Бұл эпопея дүниежүзі халықтарының 116 тіліне аударылған.

Ұқсас материалдар