Қандастар Ассамблея

Бұқаралық және элиталық мәдениет арасындағы қарым-қатынас өзгерді!

17.11.2014 10075
Бұқаралық және элиталық мәдениет арасындағы қарым-қатынас өзгерді!

Адамдарға ақпарат жеткізудің арзан жолдары пайда болғалы бері «жоғарғы мәдениет» пен «төменгі мәдениет» арасындағы алшақтық жойылды. Бүкіл адам бұқаралық ақпаратты тұтынушыға айналды. Соған байланысты «Шантарам» кітабы, «Матрица» киносы, Рианна (Rihanna) және осы сынды көпшілікке арналған мәдениет көріністері танымалдылыққа ие болды. Осы бұқаралық мәдениеттің әсерінен америкалық New Yorker журналының редакциялық саясатының өзгерісі, элиталық мәдениеттің тарих еншісінде қалуы, мәдениет иерархиясының құрдымға кетуі жайында Джон Сибруктың сұхбатынан біле аласыз.

Джон Сибрук – технология мен бұқаралық мәдениет жайында жазатын америкалық журналист. 1993 жылдан бері New Yorker баспасында жұмыс істеп келеді. Зерттеу салалары бойынша бірнеше кітаптың авторы

— Ең алдымен сіз пайдаланатын ұғымдарға тоқталып кетсек. "Nobrow" ұғымы не мағына береді?

Кітабымның негізгі идеясы – АҚШ-та таптық жүйе болмауында. Бізде Еуропадағыдай әлеуметтік таптар жоқ. Онын орнын мәдени иерархиямен алмастырдық. Бұл құбылысты түсіндіру үшін америкалық әлеуметтануда пайдаланылатын ұғымдарға тоқтала кетейін: highbrow (элиталық немесе жоғарғы мәдениет) және lowbrow (бұқаралық немесе төменгі мәдениет). Яғни, адамдар жоғарғы және төменгі тапқа бөлінуі туу жағдайына емес, мәдени таңдауына байланысты болды. ХХ ғасырдың басым бөлігінде бұл жүйе сақталды, алайда ғасыр соңына қарай ол жойыла бастады. Мен «nobrow» ұғымын (Джон Сибрук еңгізген ұғым) аталған жүйе орнына келген заманды атау үшін пайдаланамын. Уақыт өткен сайын бұқаралық мәдениеттің ықпала арта берді. Белгілі бір уақытта төменгі мәдениет элитаға қатты әсер ете бастады, содан соң олар да соның жетегінде кетуге тура келді. Осыған байланысты элита алдында иелік еткен статусынан айрылды. Содан пайда болған, ешқандай иерархиясы (құрылымы) жоқ әлемді мен «nobrow» деп атаймын.

— Америкада таптық жүйенің жоқтығы туралы пікір қызық екен. Бірақ оларда буржуа және оларға жұмыс істейтіндер бар емес пе?

— Біздің конституцияда жазылғандай – барлық адамдар тең болып туылған. Әрине, конституция күшіне енген уақытта жағдай мүлдем басқаша еді. Ол кезде АҚШ-та құлдар еңбегін барлық жерде пайдаланған. Шын мәнісінде ешқандай теңдік болмаған. Бірақ біздің жүйе Еуропаның жүйесінен мүлдем басқа. Бізде крестьяндар, лордтар, корольдер немесе графтар болмаған. Жағдайы әртүрлі отбасыда дүниеге келсе де, адам басқа адамдардан кем емес. Буржуа мен пролетарилер жайында айтатын болсам, бізде ондай нақты бөліну жоқ дер едім. Шын мәнісінде бөліну бұдан да жеңіл: Америкада бай және кедей адамдар бар. Алайда адам бойында басқа адамнан жоғары тұруға деген қажеттілік бар. Қандай нәрседен көрініс тапса да. Саяси қағидаларға қайшы келмес үшін мәдениет бойынша бөліну құрылымы ұсынылды: highbrow мен lowbrow.

Сіз аталған құрылымды екі метафора арқылы түсіндіресіз. Ескі тәртіпті әкеңіздің жер үйімен (townhouse), ал nobrow  әлемін супермаркетпен салыстырасыз.

— Ия, жер үй әуел бастан иерархиялы — оның ішінде бірнеше деңгей бар. Классикалық аристократтық ағылшын үйін елестетіп көрейік. Ол жақта жіктеу анық болған: төменгі деңгей (қабат) қызметкерлер, ал жоғарғы – үй иелері үшін арналған. Ал супермаркет шартты түрде горизонталды, оның ішінде жақсы және жаман жерлер болмайды. Мен бұл метафораны алу себебім, супермаркет құрылысында иерархия жоқ, сондай-ақ ол тек коммерция үшін ғана құрылған. Супермаркет ішіндегі заттар мәдени айырмашылықтары, не артықшылықтары бойынша емес, басқа көрсеткіштерге (бағасы, танымалдығы) байланысты орналастырылады. Бұл жерде тағы бір маңызды ұғым жайында сөз қозғалып отыр. Ол – шу (buzz). Шу өте танымал және пайда көп әкелетін мәдени құбылыстар қасында жүреді. Nobrow заманында сандық көрсеткіштер алдыңғы қатарға шығады: спорттық жарыстардың нәтижесі, киноның кассалық пайдасы және т.б. Олар қоғамның мәдени өмірінде үлкен орын алады. Мысалы, бірнеше жыл бұрын менің «Дарындылық көрінісі» кітабым бойынша кино шығарылған. Бұл, менің ойымша, жақсы түсірілген кино роботтар ұшып жүрген немесе әдемі сөйлейтін мысығы бар фильмдермен бәсекелестікке түсе алмады. Яғни, кино супермаркеттің танымал емес бөлімдерінде болғандықтан.

«Шу өте танымал және пайда көп әкелетін мәдени құбылыстар қасында жүреді»

Элиталық мәдениеттің құлдырауы адамдардың ақылы соңғы 50 жыл ішінде азайып, терең бойлап ойлай алмаудан шығар ?

— Бұл тұжырымда шындық бар десе болады. Пайдаға көзделген мәдениет бәрін жеңілдетуге тырысады. Сонымен қатар стандарттар мен конформизмді орнатады. Бірақ бәрі көзге көрінгейдей жеңіл емес. Сондай-ақ бұл мәдениет әр алуандылықты ұсынады. Таңдау көптігі уақыт өткен сайын пайдаланушы жалықтырып жібереді. Бірақ ортақ нормалар мен стандарттардан өзге нәрсе пайда болған кезде ол лезде танымал бола бастайды. Бұндай жағдайда тек ерекше, қызықты өнер, не музыка ғана бұқаралық қолдауға ие болады. Гранж-рок немесе хип-хоп осыған анық мысал бола алады. Алайда ерте ме, кеш пе жаңа дүние үйреншікті болып, жаңа мәдени стандартқа айналып шыға келеді. Нағыз диалектика!

Конформизм – басым болып тұрған пікір, позиция мен тәртіпті пассивті қабылдау.  Сондай-ақ өзіндік пікірдің болмауы, қысымы жоғары жақтың пікірі мен ұстанымдарын қабылдау қасиеті.  

— New Yorker журналына ұзақ уақыт жазып келесіз. Жоғарыда аталған үрдістер редакциялық саясатқа қалай әсер етті? Рианнаға арнап шығарылған мақала сынды форматта жазылған материал осыдан 30 жыл бұрын шығар ма, шықпас па еді?

— Әрине жоқ. Ол кездері Рианна орнына, мысалы ретінде, Дайана Росс болған. New Yorker редакциясы Росс туралы мақаланы ешқашан шығармайтын еді. Журнал ұзақ, әрі қиын дамудан өтті. Редакция коммерциялық контент астарында қауіп көрді. Себебі, ол басылымның сапасына кері әсер етер еді. Бәрі New Yorker-ді жоғары интеллектуалды журнал ретінде көретін. Жоғарыда аталып өткен материалдарды шығару редакцияны жаман жағынан көрсетер еді. 80-ші жж. соңына қарай журнал тек шығын алып келетін. Осындай жағдайда өзгерістер қажет болды. Өзгерістер 1992 жылы бас редактор ретінде тағайындалған Тина Браунмен келді. Ол редакцияның материалды беру саясатын толықтай өзгертті. Поп-мәдениет және «шу» жайында ақпарат беру жайында шешім қабылданды. Кейбір өзгерістер өте керек болды, ал біразы тым артық кетті. 1998 жылы жаңа тағайындалған Дэвид Редниктің бастауымен бұрыңғы форматқа қайтып келдік. Дэвид өте салмақты тұлға. Ол New Yorker  ең алдымен коммерциялық жоба, сәйкесінше пайда алып келуі керектігін түсінді. Екінші жағынан Дэвид журналдың артықшылықтарын түсінетін еді. Поп-мәдениетке қатысты оның қате түсінігі болмады, бірақ қайткен күнде де фирмалық стильді сақтап қалуға тиіспіз. Рианна туралы айтсақ та, өз стилімізге сай болуы керек. Рианна жоқтай сыңай таныту мүмкін емес, ол әнші туралы бәрі білетін. Біз феномендер жайында сөз қозғаймыз. Танымал тұлғалардың танымалдылығының терең механизмдері мен себептерін түсінуге тырысамыз. Зерттеу тақырыбымыз поп-мәдениет болып қала беруі мүмкін, бірақ оны ұсыну әдісіміз New Yorker-дің фирмалық салмақты анализіне сай келеді.

«Зерттеу тақырыбымыз поп-мәдениет болып қала беруі мүмкін, бірақ оны ұсыну әдісіміз New Yorker-дің фирмалық салмақты анализіне сай келеді»

— Кітабыңызды 2000 жылы жарияладыңыз. Әлеуметтік желілердің пайда болуы қазіргі мәдениетті қалай өзгертті?

— Бір жағынан әлеуметтік желілер nobrow идеясын дәлелдей түсті. Кітапта мен тағы екі терминді ұсынамын: «үлкен желі» (big grid)  және «кіші желі» (small grid). Бірінше ұғым жаппай, ғаламдық әсері бар құбылыстарды  қамтитын үлкен желі. Мысалы, блокбастерлер. Оларды көрмесеңіз де сіздің өмірге әсері болады. Ал екінші ұғым кішірек көлемдегі мәдени нысандарды қамтиды. Олар тек сізге және достарыңызға ғана маңызды. Интернеттің дамуы арқасында  үлкен желінің әсері арта түсті (блокбастерлер енді бүкіл жерде, сондай-ақ сиквел мен приквелдері қаптап кетті). Ал кіші желі одан сайын кішірейе түсті. Кітапта мен MTV-дегі клиптер жайында сөз қозғадым, олар конвейр секілді шығарыла береді. Енді YouTube секілді сервистердің пайда болуы салдарынан бұл үрдіс бұрынғыдан да үлкейіп кетті. Интернетпен бірге келген тағы бір маңызды идея – өнім жасаушы бір уақытта сатушыға айналды. Иерархиясы бар ескі заманда, элиталық және көпшілік мәдениет арасында айырмашылық анық көрінетін, суретші мен маркетолог арасында нақты шекара болатын. Иерархиялы жүйе құлаған кезде, өнер адамы қосымша қасиеттер мен функцияларды алды. Бұл жақсы да, жаман да емес, тек механизмдердің дамуы алып келген жағдай. Тек YouTube жүйені өзгерткен үрдісті күшейте түсті. Контент жасаушы өзінің туындысын интернетке салған кезде негізгі ұстанымы – пайда табу. Видеосына лайк басуға немесе каналға жазылуға шақырады. Сонымен қатар туындысын көрсету кезінде жарнамадан пайда таба алатындығын біледі... Осы жағдай қазіргі мәдениет құрылымын алдыңғы ғасырларда болғандардан ерекше етеді. Жаңа жүйе элиталық мәдениетке қарама-қайшы, бірақ адамдарда таңдау құқығы арта түсті. 


Дайындаған: Әлібек Қисыбай

Ұқсас материалдар