Қазіргі заман графика әлеміне қош келдіңіз!

11.02.2015 8149
«Астана» ұлттық сурет галереясында «Қазіргі заман графика және мүсін өнер» Галереясының тұсау кесері өтті.

 «Астана» ұлттық сурет галереясында «Қазіргі заман графика және мүсін өнер» Галереясының тұсау кесері өтті.

Қазіргі заман графика және мүсін өнері экспозициясы Қазақстанның XX ғ. аяғы – XXI ғ. басындағы бейнелеу өнерінің заман контекстіне тән техникалық даму үрдісі, стилі және жанры екі өнердің үйлесімді одағын баяндайтын шығармаларды ұсынады.

Шеберлер графика мен мүсіннің түрлі дәстүрлі техникаларына (ксилография, литография, линогравюра, қатырма қағаздағы гравюра, т.с.с.) және бейнелеу өнерінің негізін қалаушылардың тәжірбесіне сүйеніп, қазіргі кезеңнің түйткіл оқиғаларын қозғай отырып, «заман туындыларын» жаңадан жасайды. Жұмыстарда кеңістік пен қалыптың шешімі, сондай-ақ шығармашылықтың басты тақырыбы ретінде, жаңа ойлардың ізденісі байқалады.

Жандарбек Мәлібеков -  сәулетші, ҚР Елтаңбасы авторларының бірі.

- Осындай керемет экспозициялар мен өнер туындылары қазақ халқының мақтанышына айналады деп сенемін. Сондықтан бастаған әрбір игі істеріңізге сәттілік тілеймін. Жастар шеберліктерін әрі қарай дамытып, шыңдауын қалаймын. Болашақта сәулет өнерін, графика өнерін биік деңгейге көтеріп, қазақ халқының тарихын бар әлемге паш етуін тілеймін. 

«Классикалық» техниканы қолдана отырып, шеберлер қарама-қайшы стилистикалық тілді түсіндіру арқылы туындыларға жаңашылдық лебін берді.

Кысымшинова Алтынай, жас суретші

- Сурет өнерін бала кезімнен сүйемін. Әр суретшінің өзінің артықшылығы болады. Мен болсам, адамдардың портретін салғанды ұнатамын. Болашақта өз сурет қойылымын ұйымдастырсам ба деймін. Ал әзірге қолымды жаттықтырып, шеберлігімді шыңдаудамын. Бүгінгі шараға экспресс-портрет салудан мастер-класс көрсетуге келіп отырмын. Сурет өнеріне қызығушылық білдіріп жүрген жас бүлдіршіндер өте көп. Соның арқасында елімізде көркем сурет өнерінің деңгейі жетіліп, әлі көрермендерді таң қалдырады деген сенімдемін.

Қазіргі заман графика мен мүсін галереясының экспозициясындағы негізі идея 1980-2000 ж. Қазақстанның кәсіби бейнелеу өнері мектебінің бір ерекшелігі ретінде жанрлардың түрлілігі көрсетілген. 1980 жылдары қазақ мүсін өнерінде жаңа ұрпақ қалыптасты. Дәстүрлі өнердің ауыспалы мазмұнының мәселесі қазақ мүсіншілерінің көп пластикалық эксперименттерін біріктіреді.

Бұрын қолданылмаған жүйелер мен жаңа ізденістер қазіргі заман графика және мүсін өнерінде байқалады.

Тұсау кесерге  шашу ретінде, «Астана- опера» театрының валторн хоры  музыкалық көріністі  тарту етті. Сонымен қатар, қонақтар  жас суретші-портретшілердің жағымды тосын сыйына куә болды. Әрбір қонақ өзінің  экспресс-портретін салдырып, соңынан естелік ретінде алды.

Шараның мәртебелі қонағы қатарында туынды авторлары, дипломатиялық корпус, мемлекеттік органдар, бизнес құрылымдарының өкілдері, қоғамдық және саяси тұлғалар, өнер, білім, мәдениет саласының қайраткерлері болды.

Мақала бойынша фотоальбомды көргіңіз келсе, осында өтіңіз...

Айгүл ШЕРНИЯЗОВА

Ұқсас материалдар