Қандастар Ассамблея

Қазақты алға сүйрейтін 15 қасиет

21.08.2015 12301
Ел.кз редакциясы «Қазақты алға сүйрейтін 15 қасиет» топтама әзірледі

ХХ ғасырда бірқатар мемлекет бар-жоғы 20-30 жыл ішінде құлдырау үстіндегі елден әлемнің алдыңғы қатарлы державаларына айнала білді. Олардың қатарында: Германия, Жапония, Оңтүстік Корея және т.б. Қатарынан екі дүниежүзілік соғыста жеңіліс табу, атом бомбасының тасталуы, азаматтық соғыс бұл тағдыры ұқсас елдерді бірнеше онжылдыққа кері тастады. Алайда осыған қарамастан, қысқа мерзім ішінде аталмыш мемлекеттер тығырықтан шыға білді. Мұндай жетістіктің көптеген себептері бар: білікті реформатор-басшы, географиялық орналасу, халықаралық көмек және т.б. Дегенмен, мұншалықты жылдам нәтиженің негізгі себебі – сол елдердегі азаматтардың бірқатар сапалық қасиеттерге ие болуында еді. Еңбекқор, өз кәсібіне адал, тәртіпке бағынатын адамдардан тұратын ұлт бәсекеге қабілетті болып шықты.

Мемлекеттің ең бірінші байлығы – оның азаматы. Осы ұғым бекерден-бекер конституциядағы ең маңызды баптардың біріне айналған жоқ. Мемлекетті алға сүйрейтін де, жоқтан бар жасайтын да оның азаматтары. Керісінше, бай әрі мүмкіндігі мол елді көрден шығаратын да сол елдің халқы.

Қазақстанның дамыған елдер қатарына қосылуы тек биліктің ғана емес, сонымен қатар ел тұрғындарының да мүддесі. Ендеше, еліміз көркейсін десек, гүлденсін десек, әрқайсымыз бізді ұлт ретінде алға сүйрейтін бірқатар қасиеттерге ие болуымыз қажет.

Осыған орай, Ел.кз редакциясы «Қазақты алға сүйрейтін 15 қасиет» топтама әзірледі.

* мұндағы «қазақ» сөзі Қазақстанның әрбір азаматына қатысты

Сауаттылық

Қазақ ең алдымен сауатты болуы шарт. Мұндағысы жай ғана әріп тану емес, жеке басының, шаңырағының, туған елінің мүддесін қорғауға қажетті сауаттылық. Оның ішінде құқықтық, экономикалық, саяси, тарихи және сандық (digital) cауаттылықты ерекше атап өтуге болады. Егер әрбір қазақтың аталмыш салалардан кішігірім білімі болса, онда бұл алға деген үлкен қадам.

Имандылық

Имандылықты тек ислам дінімен шектеудің қажеті жоқ деп білем.

Өзге діндегілердің де, құдайға сенбейтіндердің де ішінде имандылығы жоғары, жаны таза адамдар аз емес.

Мен үшін, имандылық – бұл ешкім жамандық ойламай, керісінше, қолыңнан келіп тұрса, көмек қолын қажет ететіндерге жәрдемдесу.

Иманды адам – мейірімді, салмақты, мінезі ашық және жүрегі таза адам.

Әрбір қазақ иманды болса, біз, қоғам ретінде, үлкен шыңға көтерілеміз!

Білім жинау

Білімді болудың бірнеше пайдалы функциясы бар. Ең алдымен тиянақты, әрі терең білім арқылы өзіңді асырайсың, жетістікке жетесің. Екіншіден, қоғамның дамуына үлес қосасың. Үшіншіден, бала-шағаңа, немерелеріңе дұрыс тәрбие бересің.

Жаһандық дәуірде айналамыз үлкен жылдамдықпен өзгеруде және біздің біліміміз лезде ескіріп қалуда. Осы себепті бүгінгі қазақ үздіксіз білім жинауы тиіс. Тек сонда ғана заманның ағымымен жүріп, үйде де, түзде белгілі бір жетістікке жетуге болады. 

Еңбекқорлық

Ақылды, білімді бола тұра жалқаулық танытсаң, ешнәрсеге қол жеткізбеуге болады. Өмірде үлкен бір жетістікке жету үшін, қоғамның толыққанды мүшесі атану үшін тынбай еңбек ету қажет. Еңбек ет, наныңды тап, сол арқылы отбасыңды асыра, еліңнің дамуына үлес қос.

Жетістікке жеткен мемлекеттердің әрқайсысын алып қарасаң да, өздерінің даму кезеңінде олардың халқы үлкен тер төге отырып, тоқтаусыз еңбек еткен. Мейлі ол Еуропа, мейлі Азия, мейлі Америка елдері болсын болсын.  Сол кездегі еңбекқорлықтың жемісін бүгінде сол ұлттардың ұрпағы көріп отыр.  

Ұлтжандылық

Ұлтың болмаса, елің, жұртың болмаса біз ешкім емеспіз. Ешқандай байлық, ешқандай мансап ұлтқа тең емес, халқыңнан биік емес. Бүгінде, өкінішке орай, ұлтжанды болу пафостық ұғымға айналып кетті. Өзін патриот ретінде жарияға жар салатын адамдар да аз емес. Шын мәнісінде ұлтжандылықтың мәні басқада.

Ұлтжанды азамат болу үшін міндетті түрде бірнәрсені тегін жасау не болмаса өзіңді құрбан ету емес. Жасаған әрбір әрекетің, қадамың ұлтыңа, қоғамға қандай өзгеріс әкеледі? Осы сұрақты жиі қойып отыру керек. Ұлтжанды адам бақытты өзге елден емес өз елінен іздейді. Жағдайы жақсы, бақуатты азаматтардың шетелдік азаматтық алып, бала-шағасын сонда көшіріп жатқанын жиі көреміз. Олар сол елде өсіп-өну үшін, даму үшін жағдайдың жақсы екенін алға тартады. Бұлай жасау арқылы сен өзіңнің жеке басыңның ғана мәселесін шештің. Мұндай қадамға бару үшін ең кемі сол жағдайды өз еліңде жасауға талпынып көру керек. Бәрі дайын ортаға барған адам ол ортаның мүшесі болуы екіталай. Өйткені сол игіліктің жасалуына сенің үлесің тимеді.  

Табиғатты аялау

Қазақ елінің ең бірінші байлығы мұнай да емес, алтын да емес.

Басты байлығымыз – табиғатымыз. Еуропа елдеріне қызығамыз, ондағы табиғат пен қорықтарға тамсана қараймыз, сөйте тұра айналымызға бос қараймыз.

Табиғатты сақтау, оған ұқыптылықпен қарау қиын емес. Тіпті қиын болған күннің өзінде, оның қайтарымы баға жетпестей мол.

Ағаш отырғыз, гүл өсір, айналаңды таза ұста!

Кәсібилік

Таңдаған кәсібіңнің сапалы маманы болу, тұрақты түрде шыңдалу арқылы мемлекет пен қоғамның ілгері жылжуына үлкен үлес қосуға болады. Егер құрылысшы мен архитектор өз кәсібінің шебері болса елімізде көздің жауын алар зәулім сарайлар мен сапасы өте жоғары тұрғын-үй кешендері пайда болады. Егер ұстаздар мен ғалымдардың кәсібилігі мықты болса, өскелең ұрпақтың білімі терең, азаматтық ұстанымы берік болар еді. Керісінше, кәсібилік төмен болса, жағдай одан да бетер нашарлай бермек. Мәселен, кәсібилігі төмен дәрігер науқасты емдеудің орнына оған жаңа проблема тауып береді. 

Отбасын құрып, бала сүю

Кең-байтақ жерімізді гүлдендіру үшін, мемлекет ретінде даму үшін қазақ азаматтарының саны көп болуы шарт. Сонымен қатар, біз тек санға емес, сапаға да мән бергеніміз жөн. Осы екеуінің алғышарты отбасын құру және бала сүю.

Денсаулық – зор байлық

Тек дені сау ұрпақ қана ұлт болашағының сенімді кепілі бола алады.Сол себепті деннің саулығына қажетті шараның бәрі жасалуы тиіс: таза су мен тағам, белсенді физикалық жаттығу, зиянды әдеттерден арылу және т.б.

Қоғам мүддесін жеке мүддеден жоғары қою

Жеке мүдде қоғам мүддесінен жоғары қойылған жағдайда, үйіміз таза, ауламыз лас; көлігіміз шетелдің қымбат маркасы жолымыз шұрық-тесік; баламыз білімді, мектебіміз салдыр-салақ; өзіміз шетелде шалқып жүреміз, еліміз күйреп жатады. Егер барлық мектептің сапасы жақсы болса, бір күнде өзге облысқа көше қалсаңыз да, күтпеген жерден банкрот болсаңызда сіз бала-шағаңыздың білімі үшін алаңдамайсыз. Қоғам үшін жұмыс істеңіз, өйткені қоғамның игілігін әрбір азамат пайдалана алады. 

Адалдық

Адалдық сөзі тек екі жасқа қатысты емес, сондай-ақ пікір мен ұстанымға, достарға, туыстарға, жұмыс берушіге адал болған жөн. Адалдықтың түбі – сенім. Ал сенім орнаған жерде тұрақтылық пен сабырлық пайда болады. 

Үлкенге құрмет, кішіге ізет

Үлкенге құрмет көрсету керек, өйткені ертең біз де үлкен боламыз, кішіге ізеттілік танытқан жөн, өйткені біз де кіші болғанбыз. Осы қағида қоғамдағы мәдениет деңгейін биік деңгейде ұстамақ. 

Заңсыз әрекетке шыдамсыздық

Әрбір адам заңсыз әрекетке шыдамсыздықпен қарағанда ғана елде тәртіп орнайды, заң күшіне енеді. Менің шаруам емес, басымды қатырып не істеймін, арыз жазу және сотқа бару мазамды қашырады деп ойлау арқылы біз кішкентай мәселенің шешіліп, үлкен проблеманың туындауына жол береміз. Бір адамның өзге біреуден пара алып жатқанын көре тұра үндемесек, көшеде біреу екіншіні соққыға жыққанда үндемесек заңсыздық көлемі артады. Қуанышқа орай, адамдардың сауаттылығы мен білімінің артуының арқасында, әлеуметтік желінің көмегімен азаматтарымыздың заңсыздыққа шыдамсыздығы артып келеді. Мысалы, ірі қалаларда жол ережесін бұзған көлік иелерін суретке не видеоға түсіріп қажетті органдарға жіберу бүгінде халық арасында танымал болып барады. Осы мәдениетті бүкіл қазақ даласына тарату қажет.

Әділеттілік

Қандай жағдай болмасын, айналамызға әділетті болған жөн. Өйткені ол бумеранг секілді айналып келетін құбылыс. Біле тұра әділетсіздік танытсаң, ертең саған да басқа біреу әділетсіздік жасайды. Егер қоғамдағы әрбір азамат барлық жағдайда әділетті болса, адамдар арасында сенім пайда болады. Бұл тұрақтылық пен қауіпсіз өмірдің кепілі. 

Өзгенің құқығын сыйлау білу

Адам құқығы өзге біреудің құқығы басталған жерде аяқталады. Осы тұрғыда абсолютті бостандықтың дұрыстығы өте күмәнді. Темекіні тұтынбайтындар арасында шекпеу, қоғамдық көлікте дарылдап сөйлемеу, иіс-суды шамадан тыс сеппеу, айналаңда адамдар бола тұра музыканы қатты қоймау секілді қарапайым ережелер өзгенің құқығын сыйлауға үйретеді. Әрбір әрекетті жасамас бұрын осы ереже туралы ойланған абзал. Бұл жоғары мәдениеттің айқын көрінісі. 


Дәурен Омаров

Ұқсас материалдар