Қандастар Ассамблея

Қазақтың ғұрыптық және салтанаттық той киімдері

20.08.2014 5913
Қазақ халқының дәстүрлі эстетикалық талғамы және дүниетанымы салтанатты немесе ғұрыптық шараға арналған той киімдерінен айырықша көрінеді.

Ғұрыптық және салтанаттық той киімдері. Қазақ халқының дәстүрлі эстетикалық талғамы және дүниетанымы салтанатты немесе ғұрыптық шараға арналған той киімдерінен айырықша көрінеді. Әдетте, дәстүрлі той киімдерін тігумен қазақы ортада құрметті, сыйлы, отбасында көп балалы, ардақты шебер аналар айналысқан. Салтанат той киімдерінің ішінде неке киімінің алатын орны ерекше. Неке киімінде, әсіресе, әшекейлену мен нақыштаудың этникалық жоғары үлгісі көрініс табады. Айталық, қалыңдық киімі жұқа әрі бағалы жібек маталардан тігіліп, көйлегі жас келіннің жолы ашық болсын деген ырым бойынша қызыл немесе ашық реңді матадан дайындалады. Сонымен қатар, қалыңдық басына сәнді баскиім – сәукеле киеді. Сәукеленің негізі жұқа ақ киізден сырып тігіліп, сырты қызыл шұғамен тысталады. Қажетіне қарай, бағалы аң терілерімен әдіптеліп, әшекейленіп, асыл тастар тағылып, түрлі кестелер қондырылады. Жіңішке келген төбесіне үкі қадап, бергегіне бетті көлегейлеп тұратын желек тағылады. Сәукеленің негізгі бөліктері – тәж, төбе, құлақ бау, және артқы бау деп аталады (қ. Сәукеле). Күйеудің неке киімінің шалбарының етектен төмен балағы әдемі кестелермен әрленеді.

Ал, аяғы ауыр әйел көйлегінің сәби көтеруі жеңіл болсын деп ырымдап, көйлектің етегін бүкпейді. Көйлектің жеңдері, етегі, кеуде тұсы, жағасы, етек бүрмелері кестеленіп, магиялық, қорғаныш күші бар деген ырыммен тамақ астын жауып тұратын бөлігіне (алқымына) ерекше өрнек салынады.

Ұзатылып бара жатқан қыз. 1904. Суретші А.Докучаев. Российский исторический иллюстрированный Родина журналынан

Қазақта ұзатылған қызды жат елге мәңгілікке кетеді деп, осы үрдісті отбасының, тіпті, бір ру елдің қыздан мүлден мүлдем айырылуы деп есептеген. Мұның айырықша ғұрыптық мәні бар. Өйткені, тұрмыс құрып кеткен қыздың қайтып келуі жаман ырым саналған. «Қайтып келген қыз жаман, қайта шапқан жау жаман» деген мақал осы жайтқа байланысты қалыптасса керек. Қазақ фольклорында елінен жат елге ұзатылып бара жатқан қыз айтқан екен дейтін қоштасу жырының сан алуан нұсқалары кездеседі. Соның бірі төмендегідей болып келеді:

Қарадан камзол пiшiңдер,

Жiбектен арқан есiңдер.

Ендi айналып келгенше,

Қош-есен бол десiңдер,

немесе,

Сөздiң басы бiсмiлла,

Бiсмiлла бiтпес мың жылда

Шапан келдi – сын келдi,

Қызыл тiлiм қимылда.

 

Жүрушi едiм алшақтап,

Тақия тiктiм моншақтап,

Жеңгелерiм жиналып

Келдiң бе киiм құшақтап.

Осындай қоштасу жырын айтып болғаннан кейін ұзатылып бара жатқан қыз сіңлісіне бөркін немесе орамалын береді. Бұл ғұрып «шарғы салу» деп аталады. Бұл «ендігі кезек сенікі, бақытыңды тап», «бағың ашылсын!» дегенді білдіреді.

Қазақтың үйлену дәстүрінде қалың мал төлеу ғұрпы бойынша құдалардың бір-біріне қымбат маталар, түрлі киімдерді сыйға тартуын киіт кигізу деп атайды (қ. Киіт). Айталық, үйлену дәстүрі бойынша екі жақ құдаласуға келіскеннен кейін, қыздың ата-анасы оның киіз үйін, күймесін, сәукелесін дайындайды. Дәстүрлі ортада қыздың жасауына аса зор көңіл бөлінген. Қазақы ортада қалыптасқан «жасауды алты жастан жасасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді!» деген сөз орамы осыдан қалған. Жасауға қымбат бағалы заттармен бірге сәукеле, киім-кешек, әшекей бұйымдар бірге салынады (қ. Әйел заты).

Қалыңдығын алуға келген күйеу жігіт бірден көзге түсу үшін арнайы тігілген «күйеу киімін» киген (қ. Күйеу киімі). Басына жиегі бағалы аң терілерімен көмкеріліп, үкі қадалған бөрік киіп, үстіне қызыл шапан, кестелі жарғақ шалбар, аяғына биік өкше етік киген. Кейде шапанды сырт киім камзолмен алмастырып отырған. Жас күйеу айып төлеу ғұрпы бойынша, сондай-ақ, күлкіге немесе сөзге қалмау үшін бөркін көзіне түсіріп, төмен қарап, кішілік танытқан. Қыстыгүні сырт киім орнына бағалы терілерден жүні ішіне қаратылып тігіліп, сыртқы өңірі қымбат маталармен қапталған, әрлі безендірілген тон киген. Сонымен қатар, күйеу жігіт түрлі кәделерімен бірге, қайын жұртына арнап бағалы, жағалы киімдер әкеледі. Қалыңдық жағынан да күйеу жігіт пен оның жұртына бағалы киімдерден киіт кигізеді. Жас күйеуге арнап сыйлық береді. Оны «қапқа салар» деп атаған (қ. Қапқа салар). 

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi» 

Ұқсас материалдар