Қандастар Ассамблея

Қазақтан шыққан тұңғыш инженер-теміржолшы

14.11.2014 13070
Мұхамеджан Тынышбаевтың теміржол саласына сіңірген еңбегі

Елбасы жақында "Нұрлы жол – болашаққа бастар жол" атты Жолдауын арнады. Сонда көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту туралы да айтқан болатын. Осы турасында қазақтан шыққан тұңғыш инженер-теміржолшы Мұхамеджан Тынышбаев туралы ұсынып отырмыз.

Тынышбаев Мұхамеджан (12.5.1879, бұрынғы Жетісу обл. Лепсі уезді Мақаншы-Садыр болысы – 1938, Ташкент) – Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, тарихшы-ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш теміржол инженері. 1900 ж. Верныйдағы ер балалар гимназиясын алтын медальмен бітірген. Гимназияда оқып жүргенде Тынышбаев өзінің ізденімпаздығымен, жан-жақтылығымен ерекшеленді. 1900 ж. жол қатынасы институтына түсіп, 1906 ж. бітірді. Студент кезінде қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, баспасөз беттерінде отарлық билікті сынайтын мақалалар жазып, патша өкіметінің жүргізіп отырған саясатына қарсы үгіт-насихат жүргізді. Патша өкіметіне оппозициядағы партиялардың ұйымдастырған іс-шараларына ат салысты. 1905 ж. қарашада автономияшылдар одағы ұйымының ұйымдастыруымен өткен съезге қатысып, сөз сөйледі. Институтты бітірген соң инженер-маман ретінде Орта Азия теміржол құрылысына  жіберілді. 1907 ж. Екінші Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланды және онда аграрлық комиссия құрамында қызмет етті. Дума таратылған соң Орта Азия теміржол құрылысына айрықша өкілетті нұсқаушы-инженер болып тағайындалып, Әмудария өзені арқылы өтетін көпірді салуға қатысты. 1911 ж. Урсатьевск – Әндіжан теміржол құрылысының бастығы әрі бас инженері болды. 1914 ж. Арыс – Әулиеата теміржол құрылысының бас инженері қызметін атқарды. 1917 ж. Ақпан революциясынан кейін Тынышбаев Уақытша үкіметтің Түркістан комитеті құрамына мүше болып тағайындалды. Тынышбаев ел арасынан қаржылай көмек жинауды ұйымдастырды және  оқу орнында білім алу үшін Сырдария мен Жетісу облыстарынан қазақ жастарын жинастырды. Тынышбаев халық ағарту институтында математика, физика, химия, түркі халықтары тарихы пәндерінен дәріс оқыды. Мұхамеджан Тынышбаев сонымен бірге ғыл. жұмыспен де белсене айналысты. Ол Орыс географ. қоғамының Түркістан бөлімінің, Қазақстанды зерттеу қоғамының, “Талап” ұйымының мүшесі болды. “Түркістан ұлттық бірлігі” ұйымының қызметіне ат салысты. Халқымыздың тарихының күрделі, бұрын зерттелмеген кезеңдеріне арнап, дерек көздері бай, ғыл. тұрғыдан негізделген іргелі еңбектер жазды. Оның тарихты терең түсіне білгендігі, зерттеушілігі, қазақ халқының өміріне, кейінгі тағдырына әсер еткен ірі оқиғаларды түпқазық етіп алып, жүйелі түрде қарастыруынан байқалады. Тынышбаев еңбектері ұлттық мүдде тұрғысында жазылуымен ерекшеленеді. Ол қандай да бір халықтың тарихын жазу үшін сол ұлттың тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін жетік меңгеру керек деген принципті берік ұстанды және бұл принципті өзге зерттеушілердің ұстануын талап етті. Т. 1922 ж. Түркістан АКСР-і Су шаруашылығы басқармасында, 1924 ж. Ташкентте Жер суландыру бөлімінде, 1925 ж. Қызылорда қаласының құрылыс-жөндеу жұмыстарында, 1926 ж. Жетісу губ. атқару комитетінің Жол бөлімінде еңбек етіп, өзін білікті инженер-маман ретінде таныта білді. 1927 жылдан бастап Түркістан – Сібір темір жолы құрылысында қызмет етті. Осы құрылыстың жобалаушысы, негізгі маманы болды. Тынышбаевтың кәсіби шеберлігі Түрксіб құрылысын салу барысында айрықша танылды.

Түрксіб теміржолы - 1926-1931 жылдары салынған КСРО-ның ірі құрылыстарының бірі, Орталық Азия мен Сібірді қосатын темір жолы. 1941 жылы жолдың пайдаланымдық ұзындығы 2088,4 шақырымды құрады. Жамбыл – Қаратау, Көксу – Текелі жаңа желілері салынды. Бекеттік жолдардың толық ұзындығы 557 шақырымға тең болды.

Мұхамеджан Тынышбаев қазақтан алғаш шыққан инженер-теміржолшы ретінде осы саланың дамуына үлкен үлесін қосып кеткен. Жоғарыда келтірілген биографиясында жазылғандай, Тынышбаев көптеген теміржол құрылыстарына қатысқан. Сондай-ақ инфрақұрылым салудың, оның еліміз үшін маңыздылығын толықтай сезінген. Осы орайда оның Түркістан-Сібір теміржолын салудағы еңбегін ерекше атап өтуге болады. Екі ірі экономикалық орталықты қосатын жол тарабының алғашқы жоспарына өзгерістер еңгізіп, оның тиімділігін арттыра түсті. Оның теміржол құрылысы саласындағы еңбектері Қазақстандағы инфрақұрылымның дамуына орасан үлкен пайдасын әкеледі. Еліміздің барлық өңірлерін байланыстыратын ортақ теміржол жүйесінің болуын түсінген. Осы бағытта қолын келгенше әрекет етіп, ірі-ірі экономикалық орталықтарды қосуға талпынған. Мұхамеджан Тынышбаев саналы ғұмырының көп бөлігін елдің теміржолдарын салуға және оларды дамытуға жұмсаған. Мұхамеджан Тынышбаевтың теміржол саласына сіңірген еңбегі маңызды болып қала бермек.


Әзірлеген: Алихан Азаматов. 

Ұқсас материалдар