Қандастар Ассамблея

Қазақстанның сегізінші кереметі!

16.03.2015 8389
14 наурыз Ұлыстың ұлы күнінің табалдырығы, маңғыстаулықтарша айтқанда, «Амал күні». Маңғыстауда бұл күні барша қазақ көрісуге шығады.

Дәм бұйырып, бай Маңғыстау өлкесіне сапарлаттық. Жанымдағы сапарластарым (саясаттанушы, ҚР Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулеринститутының сарапшысы – Жарқын Түсіпбекұлы, журналист, музейтанушы – Нұрсерік Жолбарыс) республиканың өзге өңірінен болған соң "Амал мерекесін" тек сөз жүзінде ғана білетін ек. Маңғыстауды жұрт бай өлке деседі,  сол сөз рас екен. Іргесінде алып Каспий жатыр, мұндай бақыт ешкімге бұйырмаған. Жерінің астындағы байлықты білесіз, үстіндегі ше?! Күмбір-күмбір күмбездер, кәрі таулар, көнеден қалған ескерткіштер бүгінгі қазақты өткен тарихымен шендестіріп тұр. Қазақстанның жеті кереметінің бірі осы Маңғыстаудағы жерасты мешіті екені әмбеге аян. Ал, біз сегізінші кереметті көзбен көргендей болдық. 


Бұл сапарға белгілі тарихшылар, жазушылар, ақындар, қоғам қайраткерлері де барды. Солардың бірі "Мен соңғы рет асқа жиналған ақар-шақар жұртты Абайдың 150 жылдық мерейтойы мен Мұқағалидің 80 жылдық мерейтойында көргенмін" деп ағынан жарылды. Біз алдыңғы тойларда болмасақ та, естіп-білген ақпаратымызбен еш таңғалмадық. Оны мына төмендегі фото да айғақтап тұрғандай. 

"Амал мерекесі" туралы біле жүріңіз:

14 наурыз Ұлыстың ұлы күнінің табалдырығы, маңғыстаулықтарша айтқанда, «Амал күні». Маңғыстауда бұл күні барша қазақ көрісуге шығады. Ал көрісудің мәні - жаңа жылға аман-есен жетіп, жүздесіп, қол алысуда, екіншіден, бір-бірін арнайы іздеп барып амандасатын ағайын арасындағы сыйластықты жоғалтпауда, үшіншіден, үлкенге барып көрісуді міндет санаған жасы кішілердің сыпайылығын сұйылтпауда жатыр. Соңғы жылдары Маңғыстаудағы «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде Адай ата кесенесі маңында «Амал» мерекесін қарсы алу дәстүрі қалыптасты. Шараны ұйымдастыру, жаугершілік заманда жағылған Ұран отын бейбіт ел буынының өткендердің рухына тағзым етуі сипатындағы Тағзым отын жағу, келген қонақтарды орналастырып, күту, ұлттық ойын-сауық, ән-жыр сайыстарын насихаттай өткізу жыл сайын сегіз арыс Адай ата ұрпақтарының әр ауылына міндеттеледі. 

Маңғыстау облысында теңіз деңгейінен 532 метр биіктегі Отпан тау басында 13 наурыздан 14-не қараған түні Амал мерекесіне орай «Бірлік оты» жағылды. Биылғы Амал мерекесі Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрметіне өткізілді.  

Отпау таудың етегіне 73 киіз үй тігіліп, түрлі мәдени, спорттық шаралар ұйымастырылды. Бұл мереке республикалық сипат алып үлгермегенмен, облыс деңгейінде өте керемет атап өтіледі екен. «Амал келді, жыл келді!» деп жұрт қол алысып, көрісті. Жастар жағы ілтипат танытып, үлкендерге құрмет көрсетті. 


13 наурыздан 14-іне қараған түні Отпан таудың басында соңғы жылдары Маңғыстауда дәстүрге айналған «Бірлік оты» салтанатты жағдайда тұтандырылды. 14 наурыз күні мереке «Отпан тау» тарихи-мәдени және «Қарашаңырақ» мәдени кешендерінің ашылуымен басталды. Онда ырыс пен құттың басы Тайқазан сақталатын болады. Жаңа кешенде ірі мәдени шараларды өткізуге арналған 500 орындық амфитеатр ашу көзделген. 



«Амал мерекесі - тек мейрам емес, ол табиғаттың түрленіп, жаңаруы. Бұл - қоғамдық келісімді насихаттап, бірлікке шақыратын мереке. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!», - деді Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев мерекелік жиындағы құттықтау сөзінде. 

Альбомды толықтай мына сілтемеден көре аласыз...


Жандос Байділда, Астана – Маңғыстау – Астана.

Ұқсас материалдар