Қандастар Ассамблея

Қазақстанның орталық өңірлеріндегі құдалық жайында

26.02.2015 9214
Бұл мақалада Құсайын Тәкежанұлының 1905-1947 жылдары Ақмола, Қарағанды, Көкшетау тұрғындары арасынан жинаған құда түсу рәсімі жайлы құнды деректері баяндалады.

Бұл мақалада Құсайын Тәкежанұлының 1905-1947 жылдары Ақмола, Қарағанды, Көкшетау тұрғындары арасынан жинаған құда түсу рәсімі жайлы құнды деректері баяндалады.

Жігіт жақтан құдалыққа бару жайында

Ең әуелі құдалыққа баратын адамды белгілейді. Ол үшін алыс-жақын туыстар бас қосып, ақылдасады. Әдетте бас құда етіп сөзге шебер, салт-дәстүрге жетік, ауыл арасында беделі жоғары адамды сайлайды. Сөзді сол бастап, жөнді сол айтып отырады. Басқалары соның айтқанына бағынады, соның нұсқауы бойынша болады. Басшыға бағынып бармаса, құдалық жақсы болмайды, тәртіпсіздік болып, талас-тартыс, жанжал да шығып кетеді.

Құдаларды қарсы алу туралы

Алыстан ат арқалап елген құдаларды үй иесі алдарынан шығып қарсылайды. Құдалар үйге кіріп бара жатқанда құдағилар құдалардың бетіне ботқа жағады. Құдалар жақтырмауға тырысады. Құдағилар жағуға тырысады. Талас-тартыс болады. Құдағиларға ауылдың жас жігіттері болысып кетеді. Құдаларға ауылдың ақсақалдары болысқан болады. Қой-қойлап, талас-тартыспен құдалар үйге кіреді. Қайсысының беті, қайсысының киімі ботқа болады. Екі жақты да күлкі болады. Құдалар орындарына отырады. Құдағилар кезек-кезек шашу шаша бастайды. Шашу құрт-ірімшік, бауырсақ, өрік-мейіз шашады.Шашуды құдалардың дәлдеп басына шашады. Құдалар бірінші бетін қорғап, екінші жағынан қармалап, ырым қылып шашуды жинап жатады. Екі құда бір-бірімен әбден танысып, жиналған көпшілік екі құдаға құтты болсын айтады. Үй іші тынышталып, құдалай жайласып отырады. Ботқаға былғанған құдалар жуынып, жайланады. Жас жігіттер үйде құдаларға қызмет қылып, жас келіншектер далада самауыр қойып, ет асумен болады. Ауыл ақсақалдары құдалардың қасында болып, түрлі-түрлі әңгіме, әзілге кіріседі. Дастархан жасалып, ас беріледі. Домбырада күй тартылып, әндер айтылады.

Қыз әкесінің құда түсіп, мал алу жайында

Екі құда бір-біріне құдалыққа жүрісуден бұрын қалың мал, киіт туралы сөйлесіп, келісіп алады. Қалың малдан бөлек, қалыңдықтың әкесіне берілетін өзге де кәделер болады. Өлі-тірі деген кәде болады, мұны күйеу жігіттің әкесі береді. Бұл тай, тайынша, болмаса қой, қозы болады. Ана сүті - қайын енеге емізгені үшін берілетін кәде –бір түйе немесе бір ат. Куйеу аттанар- күйеуді атқа отырғызғаны үшін және т.б.

Келін түсіру

Келін ауылға тура келмейді, далаға түсіреді. Қасында жас жолдастарымен, ауылдан жас әйелдер, қыз-келіншектер келіп, рұқсат бойынша ауылға алып жүреді. Алдынан шымылдық ұстап, өзінің отауына кіргізеді. Қалыңдық шымылдық ішінде түрегеліп тұрады, қашан үлкен әйелдер рұқсат береді, сол кезде отырады. Үлкен әйелдер әр келгені шашу шашады, келіншек қасында отырған қыздар жас қалыңдыққа айтып отырады. Құда-құдағилар құданың өз үйіне түседі. Сол күні үлкен ойын болады. Тойға жиналған үлкен-кіші, кәрі-жас, бала-шаға ұл әкесінің үйіне жиналады. Кіре берісте, есік алдына кілем төселеді. Келінді сол кілемнің үстіне тұрғызады. Басына орамал жабады. Екі жағында жеңгелері тұрады. Ауылдың ақыны беташар жырын айтып, домбырамен келіннің бетінашады.

Міне осы түрде құда түсу, қалың мал, қыз ұзату, келін түсіру ғұрыптары жүзеге асады. Басқа ұмытылған, естімеген, білмегендері болу керек, оларға ғапу өтінем. 

Материалды әзірлеген Қаламқас НҰРМАҚОВА

Ұқсас материалдар