Қазақстандық зілтемірші Ниджат Рахимов Хьюстондағы ӘЧ «алтын» алды

25.11.2015 1906
Бұл медаль 2015 әлем біріншілігіндегі Қазақстанның алғашқы «алтыны».

Sports.kz

Бұл медаль 2015 әлем біріншілігіндегі Қазақстанның алғашқы «алтыны».

77 кг дейінгі салмақта өнер көрсететін қазақ спортшысы Ниджат Рахимов америкалық Хьюстон қаласында өтіп жатқан ауыр атлетика бойынша әлем чемпионатында сенсациялық түрде «алтын» медаль жеңіп алды.

22 жасар Ниджат алғашқы талпынысында 155 кг көтеріп, кейіннен 160 кг салмақты да өз еншісіне жазды. Үшінші талпынысында 165 кг көтерген қазақ спортшысы жұлқа көтеруден кейін турнир кестесінде төртінші орынға тұрақтады. Жұлқа көтеруде бірінші орынды 175 кг салмақты көтерген 31 жасар қытайлық спортшы Люй Сяоцзянь иеленді. Ол осы салмақ бойынша үш дүркін әлем чемпионы және Лондон олимпиадасының жеңімпазы. Екінші орынға 171 кг салмақты игерген 23 жасар КХДР зілтеміршісі Ким Гван Сон, үшінші орынға 167 кг салмақты көтерген 19 жасар армениялық Андраник Карапетян жайғасты.

Серпе көтеруде Ниджат 195 кг салмақты сәтті көтерумен бастады. Одан кейін ол 202 кг тапсырыс берді де, кейіннен оны 207 кг өзгертті. Бұл салмақты көтеру оған бірден әлем чемпионы атануға жол ашқан, өйткені оның алдында қытайлық Сяоцзянь 201 кг салмақты көтере алмай, серпе көтеруде «баранка» алды. Ал солтүстік кореялық дәл осы салмақта тоқтап қалған еді. Қазақ зілтеміршісі екінші талпынысын сәтті көтеріп, аталмыш біріншіліктегі Қазақстанның алғашқы «алтынына» қол жеткізді. Үшінші талпынысында Ниджат 211 кг салмаққа тапсырыс беріп, бірақ сәтті көтере алмады.

Нәтижесінде Ниджат Рахимов, жалпы есепте 372 кг көтеріп, дәл осы салмақты игерген Соннан салмақ бойынша (75.88 және 76.76 сәйкесінше) озып кетті. «Қола» медальге екі жаттығу бойынша 363 кг (162+201) салмақты көтерген Египет зілтеміршісі Мохамед Ихаб қол жеткізді.


Дәурен Омаров

Ұқсас материалдар