Қандастар Ассамблея

Қазақстанда көп қаралатын сайттар статистикасы

29.02.2016 4175
Қысқаша шолу

                    

 Қазақстандық интернет тұтынушылардың көпшілігі мобильді интернетті пайданалады. 2009 жылы қазақстандық мобильді интернеттің тұтынушылары 3,1 миллион болғандығын ескерсек, мобильді интернетке деген зор қызығушылықты «Opera Mini»  браузерінің қазақстандық нарықта өте танымал екендігімен түсіндіруге болатын сияқты.

Соңғы бесжылдықтың негізгі тренд-қолданушылардың көпшілігі әлеуметтік желілерде отырады, бос уақытын виртуалды достарымен араласуға жұмсайды. «Alexa.com» сайтының мәліметтері көрсетіп отырғанындай, қазақстандық қолданушылардың көпшілігі, нақтырағы-үздік сегіз сайттың төртеуі әлемдік әлеуметтік желілерді құрап отыр. Соның ішінде, «Mail.ru» сайтының аудиториясы өзге ресурстарға қарағанда 1,5-2 есеге дейін көп.

Ал, «Youtube» бейнехостинг қызметінің екінші орында тұруы қолданушылардың бейнеконтентке қызыға бастағандығын білдірсе керек. Сондай-ақ, іздеу жүйелерінің (Google, Yandex) танымалдылығы – қалыпты нәрсе. «Mail.ru» сайтының қолданушылары – қазақстандық негізгі интернет тұтынушыларының бетпердесі. Сондықтан, қазақстандық мейлрушылардың статистикасына баса назар аударған жөн. Ескере кететін бір жайт, «Alexa.com» сайтының дерегі бойынша,  «Mail.ru» cайтына  Қазақстаннан кіретін қолданушылардың 60 пайызы «e.mail.ru» қызметінің, яки, мобильді интернеттің тұтынушылары екен. Байқағанымыздай, қазақстандық қолданушылар ресейлік және украиндық қолданушылардан кейін «Mail.ru» сайтының негізгі «мәйегі» болып отыр. Онда күніне қазақстандық 2,1 миллион қолданушы кіріп, 38 миллионнан астам бетті қарайды екен. Сонда орташа есеппен әрбір қолданушы бір күнде 18 парақшаны қарап шығады. Дәл осы көрсеткішті аптасына шағып жіберсек, 5,8 миллион қолданушы бір күнде 198 миллион бетті қарайды. Бұл - орташа есеппен әрбір қолданушы 18 парақшаға күн сайын кіреді.

«Фейсбук» пен «Вконтакте» әлеуметтік желілеріне қатысты дәл осындай статистика әлдеқайда төмен. «Вконтакте» қолданушылары туралы ресми мәліметтер аз, тіпті жоқтың қасы. Бірақ, «Вконтактеде» тіркелген қазақстандық аккаунттардың саны кей деректер бойынша, 1,3 миллион екен.

 «Фейсбуктің» интерфейсін қазақ тіліне аударуға атсалысып жүрген 300-ге жуық қолданушы тіркелген. Ал, «Твиттер» желісінде қазақ тілінде хабар таратып отыратын аккаунттардың саны, кейбір деректер бойынша, 250-300-ге жуық.

Қазнет қолданушыларының шоғарланған өңірін қазақша сайттардың статистикалық мәліметіне қарап анықтауға болады. Негізгі қолданушылар Алматы қаласында шоғырланған. Бұны жоғарыда аталған ірі ресурстардың деректері дәлелдеп отыр. Қазір салыстырмалы түрде, Шымкент қаласындағы қолданушылар саны өсіп келе жатқанын аңғаруға болады. Қазақстандық интернеттің аймақтарға ене бастауы ондағы қолданушылардың қазақтілді контентке сусап отырғандығынан болса керек. Тағы бір ескерерлігі, теміртаулық қазақтілді интренет қолданушыларының да саны да көбірек екен. Әрине, қазақша сайттарға кіріп тұратын шетелдік, нақтырағы – қытайлық, моңғолиялық, түркиялық қазақтарды да бұл есептен сызып тастауға болмайды.

Негізінен, орыстілді қалалық қолданушылардың барлығы немесе көп бөлігі интернетпен қамтамасыз етілгенін ескерсек, ендігі сапқа қосылатын аймақтық қолданушылардың негізгі бөлігі қазақтілді болады деп күтілуде. Қазақтілді сайттардағы шымкенттіктер, теміртаулықтар мен семейліктердің үлес салмағының артып келе жатқандығы – осының дәлелі.

Іздеу жүйелеріндегі қазақ тіліндегі сұраныстар және қазақша контенттер алдымен «Google», сосын «Yandex» жүйелерінде ізделеді. Іздеу жүйелері-интернеттегі жасалған контентті қолданушыға тиімді әрі тез жеткізетін ыңғайлы құрал. Соңғы уақытқа дейін қазақ тіліндегі сұраныстарға өзінің тиімді нұсқаларын ешқандай іздеу жүйесі ұсынбайтын. Бірақ, соңғы бір жыл ішінде жағдай күрт өзгерді. Мұның қазақша контенттің артуымен түсіндіруге болады.

«Google.kz» іздеу желісінде көп ізделетін тіркестер төмендегідей:

- не ушын

- не ушын суды коргау керек

- интернет не ушын керек

- быз не ушын окымыз

- былым не ушын керек

Ал, «Yandex.kz» желісінде көп ізделетін тіркестер:

-  калай

-  калай арыктауга болады

-  калай баюга болады

-  калай бойды осыруге болады

-  калай акша табуга болады

-  калай химиялык элемент

-  калай семыруге болады

Іздеу жүйелері мұндай әркелкі нұсқаларды бір ғана жағдайда, қазақ тіліндегі контенттің саны артса ғана ұсына алады. Демек, соңғы бір жылдың ішінде қазақтілді қолданушылардың артуына байланысты, олардың сұраныстарына жауап беретін контенттің де саны артқандығы аңғарылады.

Әзірлеген Перизат Тәуекелова

 

Ұқсас материалдар