Қандастар Ассамблея

Қазақстандағы корей әдебиеті

30.07.2014 7061
Қазақстандағы корей әдебиеті

Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі 100-ден аса этностың басын біріктіретін бірегей құрылым тұрақтылықты сақтап, республиканың ілгерілей дамуы үшін маңызды роль атқарады. Сонымен қатар бүкіл әлемге Қазақстанның этносаралық қатынастар саласында жүргізіп отырған саясатының табысты екенін паш етіп келеді.

Қазіргі уақытта Ассамблея құрамында 394 мүше бар. Солардың бірі – кәріс ұлты. Қазақстандағы кәрістердің келуі 1937 жылғы Ресейдің Қиыр Шығысынан жаппай жер аударылуына байланысты болды. Бүгінде кәрістер өзінің Отанына айналып отырған Қазақстанды көркейтуге басқа ұлт өкілдері секілді ат салысуда. Қоғам өмірінің барлық салаларында еңбек етіп келе жатқан кәрістер әдебиет саласында да кенде қалған жоқ

1977 жылы Қазақстан Жазушылар одағында корей әдебиеті секциясы ашылды. Корей жазушылары өз шығармаларында ежелгі ұлттық әдебиет туындыларын бүгінгі заман дәстүрімен шебер ұштастырды.

Олардың көрнекті өкілдерінің бірі – жазушы, ақын Ким Дюн (1900 – 1980) болды.

Оның қазақтың батыр қызы Ә.Молдағұловаға арналған «Әлия» атты поэмасы (1969 жылы корей тілінде), корей патриоттарының күресін бейнелеуге арналған «Жүз елу мың вонның ісі» романы жарық көрді. 1937 жылдан бері республикалық корей театрында корей драматургтерінің жүзден астам пьесалары қойылды. Сонымен қатар театр сахнасында қазақ жазушылары М.Әуезовтің «Қарагөз» және «Қобыланды», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», О.Бодықовтың, Қ.Мұхамеджановтың, т.б. пьесалары корей тілінде қойылды. Қазақстандағы корей жазушыларының шығармалары «Корей өлеңдері» (1958), «Дала қызғалдағы» (1973), «Сырдария әуендері» (1975), «Күнбағыстар» (1982) деген атпен ұжымдық жинақ болып шықты. Сондай-ақ, Ким Дюннің жыр кітаптары, Ен Сенненнің шығармалары, корей жазушыларының «Шаттық Отаны» (1988), «Гүлден, дала» (1988), Хан Диннің пьесалар жинақтары (1988) корей тілінде жарық көрді.

Ен Сен Нен (1909–1979) – Ресейдің Шығыс өлкесінде туған. Кеңестік Корей театрын құрушылардың бірі. Сондайақ, корей кеңес әндерінің негізін қалаушы. 1932 жылдан өмірінің соңына дейін корей театрының режиссері болды. Алғашқы «Победа и любовь» пьесасы (1924) Қиыр Шығыс өлкелік конкурсында бірінші сыйлық алды. 14 пьеса жазған. «Чун Хян Ден» пьесасы корей театрының сахнасында 1944 жылдан бері қойылып келеді. Көптеген өлеңдер жазған. 1970 жылы ақындық шығармашылығы үшін «Ленин кичи» газетінің бірінші сыйлығын алды. 1952 жылы «Қазақ КСР өнеріне еңбек сіңірген қайраткер» атағы берілген. «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.

Пак Ир Петр (1912–2001) – 1 мамырда Қиыр Шығыс өлкесі, Янчихэ селосында туған. Мұғалімдер курсынан кейін 1930–1937 жж. ұстаздық ете жүріп, 1941 жылы Ленинградтың Н.К.Крупская атындағы педагогикалық институтын сырттай оқып бітірген. Ош, Озген, Фрунзе, Алматы қалаларында мектептерде, жоғарғы оқу орындарында сабақ берген. Аз уақыт Курск пединститутында кафедра доценті болған. 1968 жылдан Қазақ мемлекеттік университеті философия және логика тарихы кафедрасының доценті, философия ғылымдарының кандидаты. Көркем аударма жасаумен де шұғылданды. Корей және орыс тілдерінен аударды. Негізгі еңбектері: «Корейские шестистишие» (1956), корей өлеңдерінің жинағы – «Десэн сидиб» (1958), Пак Инно «Пятицветные облака» (1962), Ким Соволь «Цветок багульник» (М., 1962), «Песня над озером» (Лирика Средневековой Кореи (М., 1971), «Багульник в степи» (Қазақстан корей ақындарының өлеңдері, 1973), т.б.

Тхай Дян Чун (1911–1960) – 10 қыркүйекте Қиыр Шығыс өлкесіндегі Дяфигоу селосында туған. Владивосток педагогикалық институтының филология факультетінде оқыған. Республикалық корей театрында актер әрі әдеби бөлім меңгерушісі боп істеген. Театр сахнасы үшін бірнеше пьесалар жазған. «Межа» атты алғашқы пьесасы 1934 жылы жазылған. Жалпы әртүрлі тақырыпта толғап, көркем бейнелеген онға жуық драмалық шығармалардың авторы. И.Шток аударған «Южнее 38-й параллели» пьесасы Мәскеу және шетел театрлары сахнасында қойылды. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері атағына ие болған.

Ким Кван Хен (1919–2002) 27 желтоқсанда Ресейдің Приморье өлкесіндегі Уссурийск облысы, Путиловка селосында туған. Ол КОКП Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін бітірген. «Ленин кичи» газетінің әдеби қызметкерінен редакторына дейінгі қызмет жолынан өткен. 1956 жылы газет бетінде «Окнан» поэмасын, кейін «Думы идущего на работу» (1964), «Ростки» (1976), «Глядя на звезды» (1970), кітаптарын «Наша гордость» балладасын, «Лежащий на дороге», «Выяснилось» әңгімелерін жариялады. Республикалық корей драма театры оның аударған бірқатар пьесаларын қойды. А.Шатровтың «Именем революции», В.Катаевтың «Синий платочек», Қ.Байсейітов пен Қ.Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай» пьесаларын, А.Твардовскийдің, Жамбылдың, тағы басқа ақындардың жекелеген өлеңдерін корей тіліне аударған.

Шығармалары: Цветы зимы. Стихи. А., «Жазушы», 1982; Ростки. Стихи. А., «Жазушы», 1985.

Ким Виктор – 1929 жылы 17 қыркүйекте Ресейдің Владивосток қаласында туған. Виктор Григорьевичтің шын ата-тегі – Ли, әкесі 1933 жылы қуғын-сүргінге ұшыраған соң, шешесінің тегіне жазылып кеткен. Мектеп бітірген соң ҚазМУ-дің заң факультетіне түсіп, 1959 жылы бітірген. Адвокат. 1984 жылдан жаза бастаған. «Судьба человека, покинувшего Чхунчхоидо» («Чхунчхоидодан кеткен адам тағдыры») деген кітабы 1993 жылы жарық көрген. Сондай-ақ жазушының «Жеңістен соң» повесі, «Ақ хризонтемдер» деген романы бар.

Хан Де Эн (1931–1993) – 17 тамызда Пхеньянда туған. 1958 жылы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының сценарлық бөлімін бітірген. Қазақ телевизия студиясында редактор, республикааралық «Ленин Кичи» газетінде әдеби қызметкер, республикалық корей театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағында корей әдебиеті бойынша әдеби кеңесші боп істеген. «Қараторғай» атты алғашқы әңгімесі 1961 жылы жарияланды. 1963 жылы жазған алғашқы пьесасы республикалық корей театрында қойылды. Содан кейін «Жалданба солдат тағдыры», «Янбай жайлы аңыз», «Ким Сен Дар», «Ананың ақ шашы», «Тірі будда», «Қоянның басынан кешкендері», «Сен – маған, мен – саған» пьесаларын жазды.

М.Мольердің, В.Шекспирдің, М.Әуезовтің, Ш.Айтматовтың, М.Кәрімнің пьесаларын корей тіліне аударған. Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты.

Ян Вон-Сик (1932–2005) – 19 мамырда Солтүстік Корей Републикасының Андю қаласында туған. 1953 жылы КНДР мемлекетінің жолдамасымен Мәскеу қаласына келген.

1958 жылы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтын (ВГИК) бітірген соң, отанына қайтпай, саяси эмигрант болып Кеңестер Одағында қалған. 1987 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 1958-1960 жж. Волгоград қаласының теледидарында кинорежисер-оператор болып істейді. 1960-1984 жж. «Қазақфильм» киностудиясында режиссер-оператор, 1984–1993 жж. республикалық «Ленин кичи» атты корей газетінде әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, 1993–2000 жылы республикалық «Корей Ильбо» газетінде бас редактордың орынбасары, бас редакторы, кейіннен кеңесші қызметтерін атқарған. 1979 жылдан КСРО кинематографистер одағының мүшесі. Философия ғылымдарының кандидаты (1996).

Абайдың қара сөздерін, Н.Назарбаевтың «Ғасырлар тоғысында» атты кітабын корей тіліне аударған.

Шығармалары: Земля отцов. Стихи. А., «Жазушы», 1988; Родина счастья (корей тілінде) А., «Жазушы», 1988; Звено нежности. Сборник рассказов. «Ғылым», 1994; Лунное послание. Стихи. А., «Дәуір», 1998.

Сон Лаврентий – 1941 жылы 2 ақпанда Алматы облысы, Қаратал ауданында туған. 1958 жылы Нүкіс қаласындағы (Қарақалпақстан) орта мектепті, одан кейін Екатеринбургте (Ресей) А.С.Попов атындағы радио-техникалық техникумды, 1963 жылы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтын бітірген. Еңбек жолын Барнаул радиозауытында бастап, кейін Қазақ КСР Ғылым академиясының Математика институтында жалғастырған ол 1967 жылдан бері «Қазақфильм» киностудиясында сценарист, көркем фильмдер қоғамында режиссер болып қызмет атқарған. Оның сценарийі бойынша «Ерекше күн», «Отбасы альбомы», «Таңдау», «Тұз», «Серіккүлдің күні мен сағаты» секілді тоғыз фильм қойылған. Театр саласында «Көктемгі жел», «Туған күн», «Зерде», «Ашуға булығып өлу», «Ауыл ақымақтарының үйленуі», «Үштөбеден келген адам», т.б. пьесалары бар. 1989 жылы жазушылардың, ғалымдар мен кинематографистердің өзі ұйымдастырған «Сен және мен» атты шығармашылық бірлестігінің көркемдік жетекшісі, сценарийлер авторы және режиссері ретінде кешегі кеңестік (кейін ТМД) кеңістіктегі саны аз халықтар туралы бірнеше деректі фильмдер түсірген. 1991 жылдан бастап «Сонг синема» жеке меншік кинофирмасы болып қайта құрылған бұл студия деректі этнографиялық фильмдердің халықаралық кинофестивальдарында әлденеше дүркін жүлдегер атанған. 2001 жылы ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атағы берілді.

Президент әде­биет пен мәдениет қайраткерлеріне Мемлекеттік стипендияларды табыс еткен салтанатты жиында: «Бүгінде шығармала­рын қазақ тілінде жазатын қазіргі жазушыларды Қазақстанда орыс тілді оқырман аз біледі. Бәлкім, аударма саласын дамыту туралы ойластыру қажет болар. Отандық авторлардың туындылары қазақстандық­тардың мақтанышына айналуға тиіс. Мен бұдан бұрын да өңіраралық мәдениет алмасу туралы айтқанмын. Биылдан бастап еліміздің өңірлері арасында мәдениет күндері тұрақты өткізілуі тиіс. Қазақстан­дық мәдениет пен өнердегі патриоттық, ең алдымен, біздің қоғамда болып жатқан ұлы тарихи оқиғалардың өзгерістерінен көрініс табуы керек. Кез келген жанрдағы кез келген туынды, мейлі кино немесе мультипликация, музыкалық немесе дра­ма­лық шығарма болсын, бірлік, патриот­тық, жасампаздық идеяларын насихаттауы қажет. Бұл – сіздердің басты мис­сия­­­лары­ңыз. Еліміз Тәуелсіздік жылда­рында көп­теген жетістікке жетті, оның бәрі барша қазақстандықтардың бірлігі мен келісіміне негізделген. Бізге мұны ұмытуға болмайды» деген-ді. Кәріс ұлтынан шыққан әдебиет саласындағы қайраткерлердің еңбектерінен, елбасымыз айтқандай, аударма саласы жоғары дамығанын байқаймыз.

Ел ертеңі – біздің де ертеңіміз. Елбасымыз Н. Назарбаев: «Кезінде тағдырдың жазуымен қасиетті қазақ даласына сан түрлі ұлт өкілдері қоныс тепті. Бүгінге олар тегі басқа болғанымен теңдігі бір, қаны бөлек болғанымен жаны бір, арманы ортақ біртұтас халыққа айналды. Туған елінің туының астында бірігіп, туған жердің тұғырын биік етуге бел шешкен азаматтарды бір тағдыр күтеді әр уақытта. Осылай елдігіміздің ертеңі ошақтың ұштағаны секілді «бір халық, бір ел, бір тағдыр» деген үш сөзге сыйып отыр» деген болатын. Ендеше ғасырға ұласқан достығымыз мәңгілік болсын!

Құралай Ахмет

Ұқсас материалдар