Қандастар Ассамблея

Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының салтанатты ашылу рәсімі

08.02.2015 8080
Бүгін Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ашылуына арналған салтанатты іс-шара өтті.

Татулық пен тұтастық арқылы Қазақстан кез келген ғаламат жоспарларды іске асыратын қуатты мемлекет болатынына кәміл сенеміз. Себебі ынтымағы баянды халық қана ұлы белестерді бағындыра алады. Бұл - тұғыры биік, бірлігі жарасқан Ассамблея.

Бүгін Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ашылуына арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова қатысып, ҚР Президенті, Ассамблея төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың құттықтау сөзін оқыды.

«Қымбатты отандастар, құрметті қазақстандықтар! Бүгiн бүкiл ел бойынша менiң Жарлығыммен жарияланған Қазақстан халқы Ассамблеясы Жылы бастау алады. Бүкiл жылды бiз ең басты байлығымыз – тәуелсiздiк, еркiндiк, бiрлiк, бейбiтшiлiк пен келiсiмге арнаймыз. 20 жыл бұрын 1995 жылы 1 наурызда мен Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қойдым. Бұл бiрегей институт бiздiң қоғамда бейбiтшiлiк пен келiсiмдi сақтауды көздейдi. Осы уақытта Ассамблея жалпыхалықтық, жалпыазаматтық, саясатүстi органға айналып, конституциялық мәртебеге ие болды. Бүгiнде Қазақстан халқы Ассамблеясы жалпыхалықтық өкiлдiктiң институты, азаматтық қоғамның авангарды болып отыр. Сол себепті Ассамблея жылы біздің ортақ мерекеміз... Әрбір азамат біздің жеріміздегі бейбітшілік пен келісімнің сақталуына жауапкершілікті сезінуі керек. Бұл Қазақстан болашағының кілті... Біз «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты жаңа экономикалық саясаттың негізгі мақсаттарын жүзеге асыра бастадық. Ассамблея жылы – «ҚР Конституциясының 20 жылдығы», «Қазақ Хандығының 550 жылдығы», «Ұлы Жеңістің 70 жылдығы» сынды маңызды шараларға толы жыл. Биылғы жыл ортақ тарихи тағдырмен мәңгілікке біріккен халық ынтымағының жарқын көрінісіне айналуы керек. Қазақстан бұл – бір жер, бір халық, бір болашақ. Дәл осы себепті Ассамблея жылының негізгі идеясы - «Менің елім – Мәңгілік ел». Барлық қазақстандықтарды Ассамблея жылының ашылуымен құттықтаймын! Тәуелсіздік, ынтымақ пен келісім рухы өзімізге деген сенімділік пен қуат берсін! Біз бір ел, бір халық, бір тағдырмыз. Біздің қазақстандық жол – бейбітшілік, келісім мен даму жолы», - делінген құттықтау сөзде.

Салтанатты шара Бейбітшілік және келісім сарайының алдындағы алаңда Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының Туын көтеру рәсімімен және «Жастар қоғамдық келісімді қолдайды» атты флеш-моб өткізумен басталды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының туын Сидней олимпиадасының чемпионы – Ольга Шишигина, Олимпиада чемпионы – Ермахан Ибраимов, екі дүркін Әлем чемпионы, екі дүркін Азия чемпионы, Атланта олимпиадасының чемпионы – Юрий Мельниченко, Азия ойындарының чемпионы, былғары қолғап шебері – Ілияс Сүлейменов, Қазақ күресінен әлемнің үш дүркін чемпионы – Айбек Нұғымаров, мәнерлеп сырғанау бойынша спорт шебері – Кенжеш Сәрсекеновалар алып келді. Туды көтеру мәртебесі Ассамблея ардагерлері Олег Дымов пен Оралбай Әбдікәрімовке берілді.

ҚХА жылының Туын көтеру рәсімі орындалғаннан кейін, келушілердің назарына этномәдени бірлестіктердің қолөнер бұйымдарынан тұратын «Халық мұрасы» атты көрме-жәрмеңкесі ұсынылды.

Көрмені тамашалап болған соң, жиылған қауым Бейбітшілік және келісім сарайының «Опера» залына жиналды. Ол жерде мерекелік шараның ұйымдастырушылары мен қонақтары: Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков, Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин, ҚХА төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов, ҚР Парламентінің депутаттары мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері құттықтау сөз сөйледі.

Мерекелік шара Астана қаласының өнерлі жастарының орындауындағы концертке ұласты.

Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы салтанаттың ашылу рәсімі еліміздің түпкір-түпкірінде аталып өтті.


Материалды әзірлеген - Қаламқас НҰРМАҚОВА

Сурет авторы - Солтан ЖЕКСЕНБЕКОВ

 

Ұқсас материалдар