Қандастар Ассамблея

Қазақстан брендін дамыту мәселесі

27.11.2015 4736
Қазақстан брендін дамыту мәселесі

Кез келген мемлекетте өзінің имиджі мен бет-бейнесі бар. Бұл өз кезегінде, елдің жағымды және жағымсыз жағынан танымал болуына әсер етеді.

Мысалға, Германия мен Жапонияның көліктері, Францияның шарабы мен иіссуы, Голландияның хош иісті гүлдері, асыл тұқымды сиырлары, ірімшіктері, Италияның спорттық көліктері, аяқ киімдері, Швейцарияның сағаттары бұл елдерді әлемге әйгілеп тұр. Үндістан бүкіл дүние жүзіне аса сапалы үнді шайын шығарады, осы елдің аты аталса көз алдымызға үнді фильмдері келе қалатыны да рас. Кореяны озық технологиясы, электроникасы арқылы танимыз.

Ал қандай кейіпкерлер мен оқиғалар Қазақстанды танымал етеді? Бұл сұраққа «Vласть» журналы жауап беруге тырысқан. Басылым негізгі 10 брендті алға тартты. Олар:

Мұнай – Қазақстан  әлем елдерінде бірінші кезекте дәл мұнаймен ассоциацияланады. Алғашқы қазақстандық мұнай 1899 жылдың қарашасында өндіріле бастады. Қазір Қазақстанда жыл сайын 81 миллион тонна мұнай шығарылады.

Байқоңыр – Қазақстан  аумағында орналасқан әлемдегі алғашқы және ең ірі ғарыш айлағы. «Байқоңырдан» Жердің алғашқы жасанды серігі ұшырылды, осы жерден Ғарышқа алғашқы адам аттанды.

Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстан  Президенті. Әлемнің көптеген адамдарында Қазақстан елдің Тұңғыш басшысы Н.Назарбаевпен ассоциацияланады. Ол Қазақ елінің президенті болып алғыш рет 1990 жылы сайланды.

Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы және ЕҚЫҰ-ның Астанадағы саммиті – 2010  жылы Қазақстан ТМД елдері арасында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына бірінші болып төрағалық етті. Төрағалықтың нүктесі ретінде Астанада ЕҚЫҰ Саммиті өткізілді. Оған ЕҚЫҰ-ға қатысушы 56 елдің, ынтымақтастықтағы 12 серіктес-елдің, сондай-ақ өзге де халықаралық және өңірлік ұйымдардың басшылары, үкімет басшылары мен жоғары лауазымды тұлғалары қатысты.

"Pro Team Astana" велокомандасы. Команданың тарихи беттері Александр Винокуровтың 2006 жылы Вуэльтада жеңіске жетуінен жазыла бастады. "Pro Team Astana" осы уақытқа дейін жеке және командалық сындарда алғашқы орындарды алып келді және солай болып қала беруде.

Невада-Семей – 20 жыл бұрын қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов антиядролық қозғалыс ұйымдастырды. Қазақ жеріне және халқына қасірет алып келген Семей ядролық полигоны 1991 жылы жабылды.

Борат - аттас фильмнің ойдан шығарылған кейіпкері. Кино Қазақстан туралы репортаж жасау үшін АҚШ-ға аттанған «қазақстандық» репортер туралы. Фильмнің сценарийі дөрекі қалжыңдар мен бұрмаланған фактілерден құралған, критиктер оны комедия деп атайды. Картина әлемде танымалдылыққа ие болды.

2003 жылдан бастап, әр үш жыл сайын Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтеді.  2012 жылы өткен IV съезге әлемнің 40 елінен 87 делегация қатысты.

7-інші Қысқы Азия ойындары – 2011  жылдың қаңтар-ақпанында Астана мен Алматы қалаларында өтті.

Көңілді және тапқырлар командасы – Қазақстанның  алғашқы командасы 2000 жылы КВН-ның Жоғарғы лигасында «Қазақстандық жоба» атауымен ойнай бастады. Өзінің алғашқы ойынында команда екінші орын алды, бірақ финалға ақыры шыға алмады. 2001 жылы қазақстандық «көңілді және тапқырлар» «Астана құрамасы» атала бастады. 2005 жылы қайта ребрендинг жасалып, олар "Астана.kz" атауымен өнер көрсете бастады. 2006 жылы қатысушылар алғаш рет жартылай финалға өтіп, үшінші орын алды. Ал 2010 жылы "Каzахи" КВН командасы пайда болды, оған ескі құрамның мүшелері енді. Командаға жеңіс үшін 0,6 балл жетпей қалды.

Алайда, бұл жеткіліксіз. Қазақстан елін әлемге танымал ететін брендтер аз. Бүкіл Әлемнің территориясы бойынша 9-шы орынды иеленіп отырған Қазақстан елін осы 10 бренд арқылы тануы өте қиынға соғады.  Сондықтан да, еліміздің бар табиғи байлығын, әсем табиғатын және көрнекті жерлерін әлемге таныту мәселесі туындап отыр. Байқап көрсек, шетелге шыққанда Қазақстан атымен Астана қосарласа аталып жатады. 1997 жылы Елордасын Алматыдан Астанаға көшірудің бір себебі жас астананы еліміздің мемлекеттік, қоғамдық және мәдени орталығына айналдыру болатын. Яғни Қазақстанды Астана арқылы таныту. Сол себепті Астана, бүгінгі таңда, Әлемнің жаңа ғажайыбы атанып отыр.

Көз алдымызда өзгеріп бара жатқан жас астана Қазақстан  халқының жасампаздығының, шығармашылдығының  және алға басуының символы. Астана құрылысына еліміздің 432 құрылыс компаниясы қатысты, 135 завод құрылысты құрылыс материалдарымен қамтамасыз етті.

Жергілікті фирмалармен қатар жаңа астананы тұрғызуға түрік, итальян, француз, швейцар компаниялары  ат салысты. Жыл сайын 60-тан 100-ге дейін орта және ірі кешендер бой түзеді. Құрылыстың қарқынды түрде жүруі және халықтың қолдауы 10 жыл ішінде Қазақстан даласында қазіргі модернизацияланған өз бейнесі мен стилі бар қала салуға мүмкіндік туғызды.

Қаланың сәулет концепциясын әзірлеуде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қалаға еуразиялық  өң беру туралы идеясы басшылыққа алынды. Астананы салудың  Бас Жоспарының авторы Амстердамдағы Ван Гог музейінің авторы, Куала –Лумпурдағы халықаралық әуежай  және Осакадағы ұлттық этнологиялық мұражайдың авторы, атақты жапон сәулетшісі Кишё Курокава (Kisho Kurokawa) болды.  Курокаваның бас жоспары бойынша жасалған  сәулет ансамбльдері осы заманғы дизайн және азиялық калоритті үйлестіре білген. Бұл қалаға қайталанбас әсемдік берді, ғимараттардың әдемілігі мен биіктігі жағынан қала - Токио, Нью-Иорк, Дубаймен бәсекелесе алады.

Астана басқа да атақты британдық, хай-тек стильіндегі танымал архитектор  Норман Фостердің идеяларының сынақ алаңына айналды. Норман Фостер Лондондағы  Millennium Bridge-ді және әлемнің аса ірі Пекиндегі әуежайын, Берлиндегі Бундестаг ғимаратын, және Еуропадағы ең биік зәулім үй- Франкфурттегі Коммерцбанкты, Лондондағы қайта салынған стадионды, Нью-Иорктегі Hearst корпорациясына арналған мұнараны тұрғызған архитектор.

Астанада Норман Фостер әлемдегі ең теңдесі жоқ дін үйін – Бейбітшілік сарайын салды. Сонымен қатар, архитектордың командасы Қазақстан астанасы үшін жаңа «Хан-шатыр» ойын-сауық орталығын  да салды.

1999 жылы маусым айында қала «Бейбітшілік қаласы» атты  Юнеско сыйлығына ие болды, ал 2003 жылы Moody`s Investors Service алдыңғы қатарлы әлемдік рейтинг агенттігімен бағаланды. Жас астана «қазақстан брендінің» маңызды бөлігіне айналды. Қазірдің өзінде әлемнің ең үздік 30 қаласының қатарына енуіне барлық негіз бар.

Қазақстанның қазіргі заманғы астанасы Қазақстан халқы мен шет елдік қонақтар үшін күннен-күнге тартымды болып, жаңғырып жаңара түсуде. Еуропалық және шығыстық мәдениеттің тамаша дәстүрлері үйлесім тапқан осы заманғы сәулет стилі экономикалық, саяси және мәдени орталық ретінде жаңа астананың бейнесін толығымен көрсетеді.

Астана жаңа Қазақстанның мақтанышына, ұлттық идея мен ел бірлігінің символына айналды. Қазақстанның болашағы  кеше ғана  «жаңа астана» ретінде қабылданған, бүгінде ХХІ ғасырға нық қадаммен аттаған елдің, Қазақстанның жаңа бейнесінің ажырамас бөлігіне айналған Астананың болашағымен тығыз байланысты. Мәселен, Астана ажарын келтіріп тұрған Бәйтерек, Ақорда, «Қазақ елі» монументі, Атамекен, Тәуелсіздік сарайы, Бейбітшілік және келісім сарайы, «Думан» ойын-сауық кешені, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Интерконтиненталь қонақ үйі секілді ғимараттар Қазақстан бренді ретінде қарастыруға лайықты.

Қазіргі таңда бұл тақырыпты зерттеп, Қазақстан брендін, имиджін қалыптастыру жолдарын іздеп және атрибуттарын қалыптастыру мәселесімен айналысып жүргендер де аз емес. 


Ляззат СЕЙФОЛЛА 

Ұқсас материалдар