Қандастар Ассамблея

Қазақстан құбыр зауытында жастар қалай жұмыс істейді? (фоторепортаж)

27.01.2015 5621
Ел.кз жобасы Қазақстан құбыр зауытынан арнайы фоторепортаж ұсынады!

Ел.кз редакциясы осы күнге дейін білім беру ошақтары жайлы көптеген фоторепортаждар мен арнайы эксклюзивті материалдар жариялаған болатын. Мұндағы мақсат еліміздегі жас мамандардың қалай дайындалатынын көрсету еді. Маман болып қалыптасуда университет қабырғасындағы теориялық білім қаншалықты маңызды болса, сол теориялық білімді іс-жүзінде жүзеге асыру соншалықты маңызды. Осы себепті, Ел.кз редакциясы зауыт-фабрикаларды аралап, ондағы жастар туралы арнайы фоторепортаждар, сұхбаттар әзірлеуді бастап кетті.

Бүгінгі біздің нысанамыз – Қазақстан құбыр зауыты. Аталмыш зауыттың тіршілігі туралы фоторепортаж бен жас мамандардың пікірін  сіздердің назарлараңызға ұсынамыз. 

Фрезер білдегінде жұмыс істеп жатқан жас маман

Зауыт өндірістік тұрғыда 5 цехтан тұрады: Механикалық өңдеу цехы, Құбыр құю цехы, Құбырларды изоляциялау және қалыпқа құйылған бұйымдар цехы, Дәнекерлеу цехы және Экструзия цехы.

Токарь білдегінде жұмыс істеп жатқан маман

Механикалық өңдеу цехы білдектің түріне байланысты төрт топқа бөлінеді: токарь білдегі, фрезер білдегі, ажарлау білдегі және фрезер білдегі. 

Фрезер білдегі жұмыс барысында

Зауытта ескі кеңестік құрал-жабдықтармен қатар шетелдік заманауи техникалар да қолданылады. Мәселен, мына білдегі немістің «Knuth» фирмасынан алынған. 

Слесарь білдегінде жұмыс істеп жатқан маман

Білдектерде құбырға қажетті әртүрлі бұйымдар жасалады. Механикалық өңдеу цехы құбыр жасаудағы қосымша бөлім саналады. 

Ірі өлшемді бұйымдарды өңдейтін білдек

Зауыт 2005 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Биыл зауытқа10 жыл толады. 

Құбырлардың мырыш қаптамасын жасау

Құбырлардың диаметрі әртүрлі: ең төменгі - 120 мм, ең жоғарғы - 1175 мм.

Құбырды изоляциялау процесі

Су құбырлары суасты және суүсті болып екіге бөлінеді. Суүсті құбырлар мырышпен қапталса, суасты құбырлар полиэтиленмен қапталады. 

Дайын құбырлар

Сондай-ақ, судың ыстық және суық болуына байланысты да құбырлардың құрылымы өзгереді. Егер ыстық су болса, құбыр алдымен көпіршікпен, сосын полиэтилен қаптамамен оралады. 

Медет Құсайынбеков, инженер-технолог

- Қазақстан құбыр зауыты жерасты және жерүсті құбырлар және сол құбырларға қажетті қосымша жабдықтарды шығарады. Мысалы, мұнай және су құбырлары.

Менің бағытым – жаңа инновациялық технологияларды іздеп, оны өндіріске енгізу. Дәл қазір мен Қашықтықтан жедел басқару жүйесімен (ҚЖБЖ) айналысамын. Швециялық «Mittel» компаниясымен бірге қашықтықтан басқару тетігін жасап жатырмыз. ҚЖБЖ бақылауыш тетіктері құбыры ішіндегі температураны, қысымды, ылғалдануды көрсетіп тұрады. Осы жүйе арқылы апат орнын тез арада табу мүмкіндігі бар.

Біз сондай-ақ мұнай құбырларын да жасаймыз. Қазіргі таңда «Өзенмұнайгаз» компаниясымен бірге өндірістік-тәжірибелік сынақ жүргізіп жатырмыз. Бір жылдан аса уақыт өтті. Осы уақыт аралығында біздің полиэтилендік құбырларымыз жоғары нәтиже көрсетті.  

Ағымдағы жағдайда құрыш құбырлар өндіру бойынша жаңа әзірлемелеріміз бар. Жақын арада өндіріске енгіземіз деп ойлаймын.

Мен осы мамандықты, яғни инженер-технолог мамандығын таңдағаныма қуанамын. Өйткені мен нақты дүниелермен айналысамын және Қазақстанда осы салада жұмыс істеуге мүмкіндік көп.

Елбасымыз өзінің соңғы Жолдауында Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын модернизациялау қажеттілігі жайында айтқан болатын. Бұл тікелей біздің зауытымызға қатысты. Себебі біздің өнімдеріміздің басым бөлігі су тасымалдауға арналған.

Сондай-ақ,  Президент алшақ жатқан ауылдардағы ауыз су тапшылығы мәселесін де көтерді. Сонымен қатар, елімізде логистика көп көңіл бөлінуде. Логистика дегеніміз – жолдар, құбырлар. Осының бәрі біздің зауыт өнімдеріне деген сұраныстың артуына әкеледі деген сенімдемін.

 

Үсенов Ғабиден, экструзия цехының басшысы

- Біз әртүрлі қалыңдықтағы және көлемдегі құбырларды шығарумен айналысамыз. Құбыр көлемі тапсырысқа сай болса, оның қалыңдығы құбыр ішіндегі сұйықтықтың қысымына байланысты болады.

Мен осы зауытта істеп жатқаныма 7 жылдан астам уақыт болды. Бастапқыда қарапайым жұмысшы болып кірістім. Кейіннен уақыт өте келе тәжірибе жинап, біліктілігімді арттырудың арқасында басшылық қызметімді бағалап, цех басшысы деңгейіне көтерді. Осы тұрғыда айтқым келгені, басшылық жастарды өте жақсы қолдайды. Егер жұмыс істесең, адал қызмет етсең, еңбегіңді бағалап жауапты қызметтерге қоюға тырысады.

Өнімдерімізге деген сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Былтырғымен салыстырғанда биыл тапсырыс біршама көбейді. Тапсырыстың көлемі ғана емес, өнім түрлері де артып келеді. Бұл әрине қуантпай қоймайды. Жылдан жылға ұжымымыз үлкеюде, жастар тартылып жатыр жұмысқа. Мұның негізгі себебі еліміздегі индустриялық бағдарламаның тиімді жүзеге асып жатқаны деп білемін.

Рүстем Сәрсембаев, Құбырларды изоляциялау және қалыпқа құйылған бұйымдар цехының шебері

- Мен өзім индустриялық бағдарламаның белсенді түрде жүргізілуіне қуаныштымын. Жаңа жұмыс орындары ашылып, өнідіріс көлемі артуда. Бұл ең бастысы шикізатқа тәуелділіктен арылуға мүмкіндік береді.

Өткен уақыттармен салыстырғанда бүгінде біз секілді жастарға өндіріс саласында мүмкіндіктер өте көп. Егер сапалы білім алып, білікті маман атансаң, өз мамандығың бойынша жақсы жұмыс табу аса қиын емес. Зауытқа келген жаңа мамандар 2-3 сынақ мерзімінен өтіп, біліктілігін дәлелдеген жағдайда бізге жұмысқа орналасады. Сондай-ақ, инициативасы бар жастарды басшылық одан әрі көтеріп, қолдау білдіріп отырады. Жұмысшы жастарға бұдан артық ешнәрсенің қажеті жоқ деп білемін.  


Дәурен Омаров

Фото: Солтан Жексенбеков

Ұқсас материалдар