Қандастар Ассамблея

ҚАЗАҚ ЖЫРЫНЫҢ КӘУСАР БҰЛАҒЫ - 2

03.03.2014 3660
Елінің болашағының жарқын болуын аңсаған ақын Қашаған ақын шығармаларының халыққа берер пайдасы мен құндылығына, өлең-толғауларының өзіне тән иірімдеріне назар аударылды.

Елінің болашағының жарқын болуын аңсаған ақын Қашаған ақын шығармаларының халыққа берер пайдасы мен құндылығына, өлең-толғауларының өзіне тән иірімдеріне назар аударылды. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басындағы көрнекті   ақындарының қатарынан орын алатын   Қашаған ақын мұрасы әлі талай зерттеулерге жүк болары сөзсіз.

   Адамның, заманмен қатар табиғаттың өзгеруін ақырзаманның белгісі етіп  көрсету біршама ақындарға тән. Профессор Б.Омаровтың сөзімен айтсақ: «…зар заман ақындары өздері азды-тозды деп есептеген кезеңдегі табиғат апаттарын ақырзаманның хабаршысындай көреді» [4, 109]. Әбубәкір Кердері мен Асан Барманбекұлының Жетісу өңірінде болған жер сілкінісінен секем алып, ой толғауы,  қырғыздың зар заман ақыны Молда Қылыштың өз жеріндегі алапат апат жайында арнайы дастан жазуы – осындай түсінік-танымның нәтижесі. Сол сияқты Қашаған Күржіманұлын зар заман әдебиетінің негізгі өкілі санамасақ та, «Топан» атты жырын дәуірлік маңызы бар эсхатологиялық шығарма деп қабылдаймыз.  Жырда бұрынғы заман мен қазіргі заман салыстыра егіздеу тәсілімен суреттеледі. Ноғайлы дәуірінің трагедиясынан басталған жырда ақын сол заманға шегініп, тарихқа тереңдейді. Одан әрі жырда уақыт пен кеңістік өзгереді де, ақын алдыңғы кезекке жаңа кезеңнің жай-жапсарын жинақтайды. Дастанда  Жем аяғындағы жәрмеңкеден несібесін молайтқан сауда жасаушылар тойынып, ештеңені менсінбеуге айналады. Ә.Кекілбаев ол туралы былай деп жазады: «Қашаған адамдармен емес, ерді – қор, елді сорлы қылатын кесірлі қылық, кесапат құлықтарымен – рухани кеселдермен алысқан. Соның бірі – адамды парықтан, халықты парасаттан айыратын астамшылық, көрінгеннен көзақы алатын желікпелік, өз қасиетін қастерлемей, өзгенің қасиетіне өліп-өшетін рухани шайпаулық. Қай халықтың да жерін тәрік, өзін ғаріп қылатын осы індет. Бұл ретте ақынның ел аузында үзік-үзік күйде сақталған «Жем тасығанда» дастанының орны ерекше. Есіктен кіріп, төр менікі дейтін баса көктеу, өзіңдікін өзіңе бұйыртпау, азған адам, тозған табиғат, тоз-тоз халық, сол тозғанның үстінен атақ алып, абырой тапқан, дәулет тауып, мал жиған арсыздық – ұлттың іріп-шіру трагедиясын баяғы зар заман әдебиетінен де өткір, уытты, ызалы толғайды» [5, 3]. Ақын:

Көп болды сондай тасқандар,

Әлдерін білмей асқандар.

Пиғылынан солардың

Қабыса жазды аспан, жер [2],-

дейді.

Зерттеуші Қ.Сыдиқов бұл шығарманың ақынның өзі куә болған оқиғаның желісіне құрылғанын дәлелдейді [1, 6]. Ақын бұл нәубетті тылсым табиғаттың адуын мінезінен таниды. Топаннан жұрттың жаппай  қырылуын жаратқанның жіберген бұйырмысындай баяндайды.

Бұл жырға әйгілі Құрманғазы «Көбік шашқан» күйін шығарған. Ілияс Жансүгіровтің осы аттас поэмасы аяқталмай қалған.

Шашқанда күйден көбік Құрманғазы,

Қашаған жырдан төккен маржан дүрді,-

деп өз бағасын берген.

Ақынның жанын жегідей жеген өз қара басының қамы емес, қалың қазақ халқының ащы зары мен толассыз мұңы.

Қашағанның «Есқали сұпыға айтқаны» – надан молдаларды сынаған, қасиетті домбыраны, өнерді қорғаған тамаша шығармасы. Надан, сараң сұпының қылығы кектендірген Қашаған домбыраны қолына алып, жырды төгілте жөнеледі. Бұл төгілген жыр ғибраты мол жыр болады. Ақпа-төкпе дарынына қоса Қашағанның білімдарлығы аңғарылады. Надан сұпыны әбден сынап, масқаралайды.

Ақылы бар, милы адам

Азамат ерге тек дейме,

Қонағын келген кет дей ме?!-

деп қонақ күте алмайтынын бетіне басса:

Келе сала, сұпыеке,

Домбырамды боқтадың.

Домбырамды боқтасаң,

Өзімді басқа соққаның,

Сұпылығың қай жақта,

Шын тентекке ұсадың [2, 34],-

деп домбыраны боқтаған надандығын, дүмшелігін аямай әшкерелейді. «Қу ағаштың» қадір-қасиетін асқан білімдарлықпен жырлап, ағаш деген киелі зат екенін, оның зұлпықардың қынабына сап, әруақты ерлердің садағына жақ, батырлардың найзасына сап болғанын, дариядан өткенде пырақ, қараңғыда жарығы шырақ, жетім менен жесірге қуат болғанын қадап-қадап айтып, соны білмей тіл тигізген дүмшенің жер-жебіріне жетіп жер қылады.

Жыр өте жеңіл оқылып, тез жатталып қалады. Кілең нақыл сөздерден құралған жырда ғибратқа толы жолдарды оқыған сайын жаттанды мақалға айналып кететіні ақиқат. Мәселен, төмендегі жолдар тілге жеңіл тиеді:

Жақсының сөзі майдадай,

Жаманның сөзі найзадай,

Жақсыдай болу қайдағы- ай?!

Қас жаманның үйінен

Жақсының артық моласы.

Панасына түнеп қайт,           

Бойыңа боран жоламас.

Жаманның көңілі шат болар

Әйелімен кеңесіп,

Көжесін ішсе оңаша.

Саналыға сөзім тыңдалған,

Санасыздың белгісі –

Пайдалы  сөз айтсаң, бұлданған [6, 94].

Ақынның басқа да жырларынан ғибратқа толы нақылдарды молынан ұшырастыруға болады: «Қыздай түсің кеткен соң, Қырмызы кию не керек. Бұл өмірдің мысалы, Кешегі көрген бүгін жоқ, Ұшып кеткен көбелек» немесе «Бұл дүниеде не жетім? Кім керексіз болса сол жетім. Хакімі әділ болмаса, Бұқара байтақ ел жетім. Басшысыз қалған шәр жетім. Бақыты тайған би жетім, Қатынсыз қалған үй жетім. Сатып алған құл жетім, Құлдықта қалған ұл жетім»; «Рақатын көрмей жиған мал, Ұйқыда көрген түс «деген»; Жетпістен жасы асқанда, Сексенге аяқ басқанда, Жастар іздеп келмесе, Келіп сәлем бермесе, Күнінде асыл десең де, Қартайған соң ер жетім».

...басы

жалғасы...

Ұқсас материалдар