Қандастар Ассамблея

ҚАЗАҚ ЖЫРЫНЫҢ КӘУСАР БҰЛАҒЫ - 1

03.03.2014 4027
Нағбду ҚАМАРОВА, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Ш.Есенов атындағы КМТжИУ проректоры

Нағбду ҚАМАРОВА, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Ш.Есенов атындағы КМТжИУ проректоры

ҚАЗАҚ ЖЫРЫНЫҢ КӘУСАР БҰЛАҒЫ 

XІX ғасырдағы қазақ  әдебиетінің Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Кердері, Базар Оңдасұлы, Қабан Асанұлы, Құланаян Құлмамбет, Бөлтірік Атыханұлы сынды көрнекті өкілдерінің қатарында қазақ әдебиеті тарихында айшықты із қалдырған саңлақ, жыр дүлдүлі Қашаған Күржіманұлының  орны бөлек. «ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың  бас кезінде өзінен бұрынғы Абыл мен Махамбет қалыптастырған дәстүрдің нәрлі өнегесіне қаныға, оны ілгері дамытқан әйгілі ақпа ақынның» [1,3] биыл туғанына 170 жыл толып отыр.

Қашаған жалпы тарихты, ел шежіресін жете зерттеп, жетік білетіні оның жыр толғауарынан айқын көрінеді. «Адай тегі», «Атамекен», «Топан» атты толғау дастандарынан халықтың көне тарихы көз алдыңа келеді.

Қазақ бір деген ел едік,

Қайырлы халық атанған,

Өсіп-өнген қатардан.

Үйсін, Арғын, Алшын деп,

Үш жүз болып атанған [2],-

деп ел шежіресінен сыр шертуі бөлек тақырып. Қашаған – екі ғасырдың куәсі, екі елдің тумасы болған ақын. Ол 1841 жылы түркімен жеріндегі Ташауыз қаласының маңында дүниеге келген. Әкесі ауқатты адамдарға жалданып, малын бағып, отын жағып дегендей, маңдай терімен отбасын асыраған қара қасқа кедей кісі болған. Ауыр еңбек, азапты тұрмыс титықтатып, әкесі өмірден ерте өткен соң, оның жалшылық қамыты бұғанасы қатпаған болашақ ақынның мойнына түседі. Сондықтан ол да жастайынан иіні жаншылып, жұмыс істеп, жетімдіктің де, жоқшылықтың да зарын тартып өсті. Алайда жүрегі отты, жігері қанатты намысқой бозбала қарапайым халықтың еңбегін жеп, шылқы майға бөккен байларға онша қыр алдырмай, өткір сөзімен, уытты тілімен олардың зымияндығын әшкерелеп, алмас жырымен бетін қайтарып тастап отырды. Ұзамай оның ақындық өнері төңірекке түгел танылып, жалынды жырынан айбынған жергілікті алпауыттар одан құтылғанша асықты. Қыр соңына түсіп, табан ізін аңдып қоймаған соң, намысқой ақын атажұртын іздеп, Атырау бойындағы қалың адайларға көшіп келіп, ел-жұртын кәусәр жырымен суғаруға кірісті. Қуана құшақ жайып қарсы алған қандастарының арасынан Қашаған көп достар тапты. Әсіресе, оның күй атасы, сол кезде-ақ дәулескер күйші ретінде атақ-даңқы алысқа жеткен Құрманғазымен достығы аңызға айналады.

Қашаған ақынға әруақты сөз біткенімен, мал бітпеген қара табан, жарлы-жақыбайлау кісі екен. Бірде жалғыз бұзауы өрістен келмей қалып, соны іздеп шығады. Бірақ таба алмай адасып, жаңадан келіп қонған бір бай ауылға кезігеді. Бұл ауыл Қашаған атына қанық болғанымен, жүзбе-жүз танымайды екен. Шет жақтағы үлкен ақбоз үйге келіп кірсе, бір-екі әдемі киінген сырбаз жігіттер табақты ортаға алып, тамақ жегелі жатыр екен. Бірақ шаршап, шалдығып келген, өңі де, киімі де жүдеу ақынға үй иесі бай да, бәйбіше де «жоғары шық» деп айта қоймайды. Ол амалсыз төменгі жаққа отыра кетеді. Байдың жаратпай қалғанын сезсе де, сыр білдірмей жоқ қарап жүргенін айтады. Отырғандар: «Сонда бұзауды осы үйдің ішінен қарағалы келдің бе?»- деп келемеж етіп, күліседі. Қашаған табан астында:

Бұзауым, қайда кеттің құмалақтап,

Отырмын міне мен де шығанақтап.

Құдағай қолыңды жу демеген соң,

Табаққа қол салмадым сұғанақтап.

 

Бәрінен жоқ қараған жаман екен,

Көңілің қарайғанға алаң екен.

Қор болды-ау кіші жүздің Қашағаны,

Сол бұзау бізді есіне ала ма екен?..-

деп төкпектете, тағы да тамағын бір кенеп қалып, айтуға оқталады. Сонда үйдегілер үрпиісіп, ұшып-ұшып тұрып:

– Ойбай, Қашеке, «танымасын сыйламас деген», білмей, жүзіқара болып қалдық,- деп, оны зорлап көтеріп апарғандай төрге шығарады. Қонағасы қайтадан басталады [3, 27]. Халық арасында дәл мұндай мысалдар өте көп кездеседі. Хатқа түспей, қағазда басылмай ауызша тарағандықтан ұмытылып қалғандары қаншама!

Қашаған поэзиясынан ақын өмір сүрген ғасырлар сырын, халықтың  салт-санасын,  ой-өрісін,  тілек-мақсатын айқын  аңғарамыз. Өйткені  ақын  толғауларынан халықтың небір нәзік сырлары, мұң-мұқтажы, қайғы-қасіреті, қуаныш-сүйініші, келер ұрпаққа айтар өсиеті, тәрбие тағылымы өзекті орын алады.

Ақын барша жұрты бай, кедей деп бөлмей, адамгершілікке, бірлікке, бауырластыққа баулуды қажет деп санады. Оның ойынша, адамның мінез-құлқы жақсы болуы үшін айналасындағыларға жанашырлық ізгі жүректілік білдіруі, қамқоршы болуы қажет. Өзіне қажетті игіліктерді жасауда адамдар бірлесіп, қоғамдасып, бауырмалдық іс-әрекет жасауы керек, сонда ғана бақытқа жетеді, басына бақ қонады деп білді. Бүкіл халқының қамын ойлауы, елді берекелі бірлікке, шынайы достыққа, адал еңбекке шақыруы, сол замандағы прогрессивтік маңызы зор гуманистік көзқарас еді. Қашаған ақынның айтқан тәлімдік-тәрбиелік ойлары мен тұжырымдары бүгін де жас ұрпақ тәрбиелеу үрдісінде өзіндік мәнін жойған жоқ.

Ақын  сомдаған батырлардың тұлғасы олардың психология ерекшелігі мен жан дүниесін асқан шеберлікпен суреттейді. Батырлардың бейнесін, ерлік істерін дәріптей отырып, жастарға үлгі-өнеге етеді, үстем тап өкілдерін қатты сынға алады. Жастардың бойында адамгершілік, елжандылық қасиеттерді дәріптейді. Қазақ жырауларының қай-қайсысын алсақ та, жыр-толғауларында айтылатын негізгі идея – ел бірлігін, өз отанын сүю, оны сыртқы жаулардан қорғау, батырлығы мен ақындығы сай келетін, сол кезеңнің өзекті, маңызды мәселелерін жырлай отырып, аз сөзбен көп мағына беретін толғауларының жас ұрпаққа тәлімдік-тәрбиелік, тағылымдық ерекше.

жалғасы...

Ұқсас материалдар