Қандастар Ассамблея

Қазақ театр педагогикасына үлкен үлес қосқан жан!

30.06.2014 4620
«Театр» дегенде алдымен үш алып еске түсері анық. Олар – драматургия, режиссура, актерлік шеберлік.

«Педагогика дегеніміз - грек тілінен аударғанда «тәрбиелеу өнері» дегенді білдіреді, яғни балатану немесе адамды тәрбиелеу және оқыту жөніндегі ғылым». Бала бойындағы актерлік қабілетті байқап, оны одан әрі дамытып, актер даярлау педагогтің мойнына жүктелген. Осы сияқты, қазақ театр педагогикасының қалыптасуы - ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Рәбиға Мұқайқызы Қаныбаеваның есімімен тығыз байланысты.

 Р.Қаныбаева 1927 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылған жетім қыз интернатта тәрбиеленеді. Жеті жасқа келгенде Алматы қаласындағы музыка-хореграфиялық комбинатының скрипка класына оқуға түседі. Мұны ойдағыдай аяқтаған соң Гоголь атындағы театр-көркемсурет училищесіне оқуға түседі. Онда оның ұстазы В.И.Дьяков болатын.

Өзінің алғырлығы мен талантының арқасында 1949 жылы Алматыға арнайы келген КСРО Халық артисі Н.С.Плотниковтің іріктеуінен өтіп, Мәскеудегі театр өнері институтына (ГИТИС) жол тартады. Оза шапқан он сегіз баланың ішінде Ы.Ноғайбаев, Т.Жайлыбеков, М.Байзақова, С.Жорабаева, Т.Ыбыраев, Ш.Бейсембаев тағы басқалар болған еді. Ол онда орыстың атақты театр қайраткері И.М.Раевскийдан, Н.С.Плотниковтан, В.А.Вронскаядан, Н.Ю.Ковшовтан, осы сынды атақты режиссерлер – Кнебль, Попов, Гончаров, Горчаков т.б. тәжірибе ала отырып, Бояджиев, Дживилегов, Асеев тәрізді театр теоретиктерінен теориялық білімін шыңдады.

Болашақ ұстаз Мәскеудегі театр өнері институты қабырғасында оқып жүргенде Лениндік степендияның иегері болды. Алғыр шәкірт 1954 жылы актерлік бөлімді үздік бағамен аяқтаған болатын. Ол студент шағында М.Горькийдің «Егор Булычев және басқалардағы» Меланя, «Тоғышарлардағы» Татьянаны сомдады. Түлектердің аталмыш спектакльдерін КСРО Халық артисі Б.Захова бастаған топ жоғары бағалады.

Үлкен бір маман иесі болып, туған өлкесіне оралған соң М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының сахнасында бес жылдың көлемінде өнер көрсетіп, көпшілік көрерменнің жылы ықласына бөленеді.

1955 жылы Қ.Жандарбеков пен Ш.Айманов Р.Қаныбаеваға Құрманғазы атындағы консерваторияның ішінен ашылған «Театр» факультетінің «Актер шеберлігі мен режиссура» кафедрасына «Сахна тілі» мен «Актер шеберлігінен» сабақ беруге ұсыныс жасайды. Себебі қазақ театрында теория жүзінде білімі бар мамандар аз еді. Оған актриса болудан бас тарту қиынға соқты. Тіпті бірнеше апта бойы театрға бармай қойдым - дейді ол. Солай бола тұра, қазақ театр өнеріне жаны ашыған орындаушы оқытушы болуға келіседі. Осылайша Р.Қаныбаева ұстаздық жолға біржола бет бұрады. Бала күнінен бастап өнерге етене жақын болып өскенімен, көп жылдық оқып-үйренгені болса да бірден ұстаз болып кету оңай емес. Қазақ жеріндегі алғашқы актер маманын дайындайтын орталық жаңа-жаңа ашылып, әлі толықтай жетілмеген кезі болатын. Бұл жерде қазақтың алғашқы кәсіби режиссері Асқар Тоқпанов басшылық етіп отырған еді. Жас маман келе салысымен білек түріп бірден жұмысқа кірісіп кетті. Өз мамандығының шебері Р.Қаныбаева 1960-1992 жылдар аралығында кафедра меңгерушісі болып еңбек етеді. Осы жылдар аралығында өнегелі ұстаз С.Оразбаев, А.Әшімов, Ф.Шәріпова, Е.Обаев, М.Байсеркенов, Ғ.Әбдінәбиева, Д.Тұранқұлова, А.Құлбаев, Н.Жақыпбаев т.б сынды өнер майталмандарын оқытып шығарды. Тек қана қазақ театрына ғана емес екі тілде де жетік сөйлейтін ол: орыс, ұйғыр, корей театрларына да кәсіби актерлер мен режиссерлер дайындады. Мұның өзі оқытушы еңбегінің жемісі деп білеміз. Ол адам бойындағы талантты бірден танып, оны үнемі дамыту керек деп санайды. Р.Қаныбаева студенттері бір қалыптан шыққандай ұқсас емес, әр қайсысы бірін-бірі қайталамайтын жеке тұлғалар болып қанаттанды. Ұстаз әр шәкірттің даралығын дөп басып, өнерге деген айрықша ықыласын оятуға бар күш-жігерін сарқа жұмсайтын.

 Еліміздегі жас мәдениет мамандарын даярлаудағы жетістіктері үшін Р.Қаныбаеваға 1968 жылы доценттік, ал 1979 жылы Мәскеу ВАК профессор атағын бекітті. «Сахна сәні - сырлы сөз», «Рождение актера» атты кітаптардың және көптеген ғылыми еңбектерінің авторы ретінде шеберлік класс жүргізеді, дәрістер оқиды. Педагогтар мен студенттердің ғылыми жұмыстарына басшылық етеді. Радио мен телевидения дикторларына талмай көмек көрсетті. Сонымен бірге, әртүрлі қоғамдық жұмыстарға да белсене араласатын. Ол 1970 жылы қалалық кеңестің депутаты болған. Қазақстанның «Оқу ісінің үздігі» және Республикаға сіңірген «Ерен еңбегі үшін» медальдерінің иегері.

Р.М.Қаныбаева М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының қабырғасында жүрген уақытында Ғ.Мүсіреповтың «Ақан сері – Ақтоқтысында» Мәрзия, Ә.Тәжібаевтің «Жалғыз ағаш орман емесінде» Анар, Ә.Әбішевтің «Менің әкем кіміндегі?» Лағия, Каххардың «Ауру тістеріндегі» Насиба, С.Мұқановтың «Шоқан Уәлихановында» Елизавета Николавна, Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» комедиясында Борангүл т.б. рольдерді сәтті шығарған. Оның сахнадағы серіктестері Ш.Айманов, Н.Жантөрин, Р.Қойшыбаева, Қ.Қармысов сияқты өнер жұлдыздары болды. Ол кісі қазақ театрының тарихындағы сахна тарландарымен бірге өнер толғап, көп тәжірибе жинап, олардың айтқан ақылдары мен көмегін осы күнге дейін есіне алады.

Қазақ театр тарихына сәйкес Ұлы Отан соғысынан кейін театрдың қалпы едәуір көркейгені белгілі. Мәскеу, Ташкент қалаларында театр өнері институттарына қазақтың жас жеткіншектері жіберілген болатын (оның ішінде Р.Қаныбаева бар). Ойдағыдай аяқтаған жас таланттар бәрі дерлік қазақтың академиялық драма театрына қабылданып, әжептәуір жетістікке қол жеткізді. Бұл қазақ театр тарихында 50-60 жылдармен тұспа-тұс. Осы жылдары Мәскеу қаласында қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі өтті. Онда М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек», Ғ.Мүсіреповтың «Ақан сері – Ақтоқты» («Ақын трагедиясы» деген атпен көрсетілді), С.Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» және В.Шекспирдің «Асауға тұсау» спектакльдерін алып барды. Кәсіби деңгейде қойылған бұл спектакльдер терең режиссерлік ой-тұжырымдарымен, шебер сомдалған сахналық бейнелермен театр тарихында ерекше орын алып, осы еліміздегі өзіндік келбеті бар ірі ұжымдардың бірі деп тануына ықпал жасады. Бұл жолы Р.Қаныбаева Мәрзия мен Елизавета Николаевна рольдерімен барып, өзіндік бағасын алған болатын. Және де өзіне тиесілі «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.

Жас актриса Р.Қаныбаева «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасындағы Науан Хазіреттің тірідей көмілген тоқалы Мәрзияның жан айғайын көрсете білген. Орындаушының бойынан өмірге деген құштарлық байқалған, яғни Хазіреттің іс-әрекеті үшін ашу-ызаға булыққан кейіпкердің көңіл-күйін дөп басып, спектакльде өзінің көкейкесті мақсатын дұрыс түсінген. Қойылым барысында актерлік ансамбльден ауытқымай, өз кезегіне келгенде шебер қарым-қатынасқа түсіп отырған.

Өз кезегінде Р.Қаныбаевамен жұмыс істеген режиссер Ә.Мәмбетов онымен жұмыс істеу қиындық тудырмайтынын ескерген. Режиссер оның сахнада мақсатсыз жүрмейтін, әрбір әрекетін ойша пайымдап алатын актриса болғанын атап айтқан. Сонымен қатар өзінің нық әрі нақты, таза шығатын тіл ерекшелігі мен жеңіл қимыл-әрекетті, физикалық қимыл-қозғалысы еркін екенін жазған.

Р.М.Қаныбаева актриса бола жүріп ұстаз да болып үлгерді. Театр әлемінің қыр-сырын тәжірибе жүзінде танып-біліп, ендігі кезекте студент-актер тәрбиелеп, студенттерімен өзі режиссер ретінде спектакль қоя бастады.

«Болашақ актер мен режиссер дайындауда қате жіберуге болмайды, себебі кейінгі театр осылардың қолында», - деп Р.М.Қаныбаева айтқан болатын. Рабиға Мұқайқызын актриса әрі оқытушы ретінде танимыз, ал режиссерлік қырын көп ешкім біле бермейді, себебі ол үлкен сахналарға қойылым дайындаған емес, дегенмен де студенттерімен көптеген спектакльдер қойған. Қаныбаеваның режиссерлік өнері шәкірттеріне бір мектеп болып табылады. Оның режиссураны қиналмай алып кетуіне ГИТИС-те оқып жүрген уақытында орыстың атақты режиссерлері Попов пен Кнебльдің дәрістері мен дайындықтары себеп болды.

 Р.М.Қаныбаева драматургиядан аты шулы шығармалардан гөрі тасада қалып қойған, айтары мол, идеясы терең, өзекті мәселелерді қозғайтын туындыларды таңдауды дұрыс көреді. Ол институт қабырғасында студенттерімен спектакль қою кезінде ең алдымен оларды патриоттық сезімге жетелейтін, қазақтың әдет-ғұрпы мен салт-санасын ұғындыратын, фәлсафа мен психологияны дамытатын пьесаларды таңдайтын.

К.С.Станиславский бүкіл әлемге өзінің жүйесін ұсынған алып тұлға. Оның еңбегі болашақ орындаушыға таптырмас теория болып табылатыны белгілі. Осы жүйе біздің елімізде де қазақ театр педагогикасымен ұштасып жатыр. Сонау елуінші жылдардың орта кездерінде актер дайындайтын оқу орны ашылғаннан бері Станиславский жүйесіне сүйеніп келеді. Бұл тәсіл бойынша сабақ беретін Р.Қаныбаева актер-студенттерге сабақ берудің өзіндік әдістерін ойлап тапты. Себебі театр мен актерлік өнерге жаңадан көзін ашқан талапкер бірден Станиславскийдің жүйесін түсіне бермейтіні белгілі. Осы тұрғыда ұстаз ықшамдап түсінікті сөзбен айтып жеткізуді көздеген. Бұл жайында «Өнертану» докторы, профессор Б.Нұрпейіс: «Дүниетанымы, білген-түйгені көл-көсір Р.Қаныбаева қазақ театр педагогикасының негізін қаласумен бірге, ілгері дамуына мұрындық болды. Егер оның сабақ беру лабораториясына үңілер болсақ, өзі білім алған Москва өнер институтының «кейіпкержандылық» үрдісін ұстанғаны айқын көрінеді. Жанарында от, бойында жалыны бар, талант ұшқыны жалт еткен талапкерлерді таңдап алудан бастап, актер шеберлігі мен режиссура мамандығына оқытудың өзіндік мектебін жасады. Театрдың әліпбиінен мүлдем хабарсыз шәкірттерге сахнада шынайы өмір сүрудің заңдылықтарын үйретуден қажыған емес. Алғашқы сабақтан бастап-ақ олардың ойын ұштап, зейінін арттырудың басты тетігін көп оқу екенін құлақтарына құйып, бойларына сіңіреді», - деп айрықша атап өткен. Әрине, талапкер оқуға түскеннен бастап Гамлет, Ромео, Еңлік, Баян сынды кейіпкерлерді сомдап шықпасы анық. Мұның бәрін алдын ала ойластырған ұстаз – бірінші кезекте тренингтерден бастайды, яғни жаттығу жасатады. Одан соң этюдтарға көшеді, өсе келе пьесадан үзінділерді ойнатады. Ең соңында толықтай бір спектакльді ойнап шығатындай дәрежеге жеткізеді.

Оқытушының сырттан шлейф алып келу мен бейімделуге келесі жаттығуларды ұсынады. Студент – актер есіктен кіріп келгенде сөз әрекеті мен іс-әрекеті арқылы сахнаға атмосфера алып шығуы тиіс. Әрине, бұл жерде де қиял, оқиға, ұсынылған жағдай болуы тиіс. Ал бейімделуде елестету арқылы қабаған иттің жанынан өту басты мәселе. Осы жерде орындаушы әртүрлі бейіммен иттің қасынан өтудің амалдарын қарастырады. Бұл да ұстаздың кезекті сынақтарының бірі. Тапсырмада суретшінің бірден мақсатты орындамай, оған дейінгі өсу процесін басты назарда ұстайды.

Өнегелі ұстаз студенттерінен картина-сурет арқылы да жұмыс жасайды. Ол ұлы суретшілердің туындылары болуы мүмкін. Мәселен Леонарда да Винчи, Ресбрант, Федотов, Қастеев т.б. Әрбір студент өзінің қолына түскен картинаны талдап беру керек. Егер ол портрет болса, сол адам туралы мәлімет, немесе мінезін, ішкі әлемін, психологиясын ашуға тырысады. Ал егер қимылдағы адам бейнесі болса, ол неге мұндай қалыпқа келгендігін ақтауы тиіс. Бұл тәсілді режиссер-ұстаз Ә.Рахимовтың шеберханасынан да көрген болатынбыз. Бұл студенттің дүниетанымын кеңейтуге, зейінін арттыруға, есте сақтау қабілетін жақсартуға әсер етеді. Қаныбаеваның айтуы бойынша орындаушы картинадағы суретті үш минуттың ішінде көзінің қырағылығымен есте сақтау керек.

Педагог студент-актерлерге үйге мынадай тапсырма береді. Базарға барып сатушы мен алушыны бақылап, көпшілік елдің арасынан бір адамды таңдап, оған мінездеме беру керек және ол қаншада, кім, мүмкін болса мамандығын білу керек. Таңдаған адамыңыздан қызықты не байқадыңыз, сіздің зейініңізді қандай қылығымен тартты, осыны байқауға тырысуы шарт. Ол әртүрлі жағдайларда өз-өзін қалай ұстар еді, мысалы әмиянын жоғалтса, не болмаса құласа т.с.с. Оның жүріс-тұрысын, қимылын біраз бақылап айтып келу керек. Үй тапсырмасы бақылау қырағылығын жөндеп, адам бойындағы мінезді саралау мақсатында.

Тағы да ескере кететін жайт, ол сабақ арасында студенттерге поэзия, монолог, прозадан үзінді, мысал оқытады, осы арқылы олардың өсу деңгейін бақылайды, яғни орындаушы оқу кезінде қандай күй кешіп тұр, көздерінен не байқалады, жан дүниесімен сезіне ме деген сауалдарға жауап алып, оларды сынақтан өткізіп алатын көрінеді.

Драматургтың кейіпкеріне актер жан береді, демек орындаушы режиссердің құлы емес, өз еркі өзінде болуы тиіс. Оқытушының студентпен жұмыс істегенін байқасаңыз, ол ешқашан мен сияқты жасай демейді, сен өзің ойлап тап, жеке бір бейне құра біл деп үйретеді. Расында да бүгінгі күні режиссердің көлеңкесінде қалып қойған актерлар бар. Режиссер актерға қалай орында десе, тура соны айнытпай сомдап береді. Ал орындаушының ізденісі байқалмайды. Мұның бәрі актер дайындауда кеткен қателік. Сол себепті педагог болашақ актерларға ізденісті талап етеді. Менің айтқанымды ғана орындасаң, қиялың жоқ болса, ізденбесең әркез режиссерға тәуелді боласың деп ескертеді.

        

Ұқсас материалдар