Қандастар Ассамблея

Қазақ суретшілерінің туындыларын Еуропадан әкелген кәсіпкер

07.09.2015 4204
Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы Өнер музейінде жеке тұлғалар қолда бар жәдігерлерімен бөлісіп, ашық көрме өткізді.

Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы Өнер музейінде жеке тұлғалар қолда бар жәдігерлерімен бөлісіп, ашық көрме өткізді. Көрмеге елге танымал суретшілер мен мүсіншілердің, сондай-ақ, кәсіпкер, меценат Нұрлан Смағұловтың коллекциясынан заттар қойылды. Айта өтейік, «Қолда бар жәдігер» атты ашық көрме 28 тамыздан бастап 30 қыркүйекке дейін өтеді.

Кәсіпкер Нұрлан Смағұлов көрмеге ұсынған жәдігерлерін, бағалы заттарын соңғы 20 жыл көлемінде жинап келгендігін айтады. Оның қоржынында тек ХХ ғасырдың 30 жылдарындағы суретшілердің жұмыстарынан бөлек қазақтың осы күнгі үздік қылқалам шеберлерінің де туындылары бар екен. Мәселен, қазақ өнерінің құлагерлері саналатын Әбілхан Қастеев пен Құлахмет Қожықовтың акварельдері, Сабыр Мамбеев, Молдахмет Кенбаев, Айша Ғалымбаева және Сахи Романовтың озық туындылары бар. Сондай-ақ, Кенжебай Дүйсенбаев, Дулат Әлиев, Ерболат Төлепбай сияқты ірі өнер иелерінің жұмыстарын да жинаған. Әсіресе, Нұрлан Смағұловтың коллекциясында ойып тұрып орын алатын туындылар 60 жылдардағы суретшілердің жұмыстары. Мәселен, Салихитдин Айтбаев, Шаймардан Сариев, Әбдірашит Сыдықанов, Тоқболат Тоғысбаев, Бақтияр Табиев сынды 60 жылдардағы қазақтың танымал суретшілерінің жұмыстарын тамашалауға мүмкіндік бар. Әрине, Нұрлан Смағұлов жинаған туындылар 1 айға жуық уақыт көрмеде тұрады.

Көрменің ашылу салтанатында кәсіпкер Нұрлан Смағұлов жәдігер жинауды қашаннан қолға алғаны туралы айтып берді.

«Бірден айта кетейін, мен ең бірінші бұл туындыларға қатты қызықтым. Сосын барып жинауға кірістім. Кез келген коллекция жинаушы адам «мынау ұнайды, мынау ұнамайды» дегенді ескерместен жия береді. Менде де басында солай болды. Басында таңдауыма өнертанушылардың пікірі әсер етсе, кейін келе өз қалауыммен жинай бастадым. Қазір үздік туындыларды танитындай дәрежеге жеттім», – дейді кәсіпкер.

Сондай-ақ, Нұрлан Смағұлов қазақстандық суретшілердің туындыларын басқа елден әкелгенін де жасырмады. Мәселен, бірнеше картинаны Sotheby's және Christie's аукционынан, шетелдегі суретшілер әулетінен сатып алғандығын айтады.

«Мен Christie's аукционына қатысқанымда суретші Евгений Сидоркин мен мүсінші Рысбек Ахметовтың туындылары қойылды. Мұндай қазынаға қол жеткізу үшін Еуропаның коллекция жинаушыларымен таласуыма тура келді. Нәтижесінде берілген жоқпыз, қажет деп тапқан үздік туындыларға қол жеткіздік. Бұл туындыларды Қазақстанға қайтару борышым деп есептедім. Бағалы картиналар өзіміздің музейлерде ілулі тұрғанын қаладым», – дейді Нұрлан Смағұлов.

Көрмеге жиналған көпшілік Нұрлан Смағұловтан бұл дүниелердің бағасы қанша болғанын сұрады.

«Ең алғаш коллекцияма енген белгілі мүсінші Сэрэнжаб Балданоның туындысы болатын. Оның құны 100 доллар болды. Кейінгілерінің бағасы есімде жоқ. Бір білетінім, жеке коллекциямдағы ең қымбат шыққаны Фернан Леженің «Әйел мен тотықұс» атты туындысы. Қазір бұл картина Мега ойын-сауық орталығындағы Crudo ресторанының қабырғасында ілулі тұр. Картинаның көлемі – 6х4 метр, туынды 77 элементтен тұрады. Лондон қаласынан жеті таңбалы сомаға сатып алғанмын», – деп атап өтті.

Нұрлан Смағұлов коллекциясындағы туындыларды сатып, одан пайда көруді ешқашан жоспарлмаған.  

«Мен бұған бизнес ретінде қарамаймын. Керісінше – бұл бизнестен санаңды басқа арнаға бұру. Ал, жәдігерлер мен өнер бұйымдары маған эстетикалық ләззат сыйлайтын баға жетпес дүние. Ешкіммен жарыспаймын, ешкіммен бәсекелеспеймін. Өкінішке қарай, бізде өнер бұйымдары саудасы дамымаған. Коллекция жинаушылар күннен күнге азайып барады. Сол үшін колекциямдағы жәдігерлердің 99 пайызы отандық өнер иелерінің туындылары. Өз басым осындай туындылардың көшірмесін көбейтіп, тізімін жасап жүргеніме қуаныштымын. Қазір менің коллекциямдағы жәдігерлерді пайдаланып курстық жұмыстар мен дипломдық жұмыстар жазып жүр. Мен барлық туындыларымды өз балаларыма қалдыруды көздемеймін. Мен барынша көпшілік үшін қолжетімді болғанын қалаймын. Болашақта бұл туындылар музейлерге қойылып, барша Қазақстан жұртына тиесілі болатындығына сенем», – дейді.


Әзірлеген: Досжан Мейірім.

Ұқсас материалдар