Қазақ руларының ұраны мен таңбасы: Қыпшақ руы

30.12.2015 12059
Қыпшақ — қазақ халқының, басқа да бірқатар түркі халықтарының негізін құраған ежелгі тайпа, орта ғасырларда Орта Азия мен Шығыс Еуропаны мекендеген аса ірі ұлыстардың бірі.

Қазақ филологиясының көрнекті қайраткері, қазақ тіл білімінің негізін салушылардың бірі, белгілі түрколог, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәрсен Аманжоловтың «Қазақ тілі диалектологиясы мен тарихының мәселелері» атты кітабының негізінде El.kz редакциясы Қазақ руларының атауын, ұранын және таңбасын бірыңғай стильде бір суретке салып өз оқырмандарына ұсынады.

Қыпшақ — қазақ халқының, басқа да бірқатар түркі халықтарының негізін құраған ежелгі тайпа, орта ғасырларда Орта Азия мен Шығыс Еуропаны мекендеген аса ірі ұлыстардың бірі.

Қыпшақ атауы ежелгі түркінің Шина Усу ескерткішінде алғаш кездеседі (қазақша «Қыпшақтану»). Махмұт Қашқари еңбегі бойынша, 9 ғ-дағы Қыпшақтардың құрамына имақ, субар, қаңлы, қарабөрікті, тоқсаба, жете, бөрлі, т.б. рулар мен тайпалар енген. Қыпшақ Түрік қағандығы ыдырағаннан кейін алғашында Қимақ қағандығының құрамында болып, 11 ғасырдада бөлініп шықты. Қыпшақ хандығы тез арада күшейіп, Қыпшақ Орта Азия мен Шығыс Еуропаға тарала бастады. Шыңғыс хан империясының батыс бөлігіндегі Жошы ұлысын (Алтын Орда) тарихшылар Дешті Қыпшақ деп атады. 13 — 14 ғасырларда Қыпшақ сөзі жалпы «түркі» ұғымын алмастырып, Алтын Ордадағы саудагерлер үшін қыпшақ сөздігі — «Кодекс Куманикус» шығарылды. Алтын Орда ыдырағаннан кейін Қыпшақ көптеген ұлыстарға бөлініп кетті. Бір бөлігі Қазақ хандығының құрамына кірді. Н.А. Аристов қазақ халқының құралу кезінде көлденең, ұзын, танабұға, қарабалық, т.б. Қыпшақ рулары болған деп көрсетсе, В.В. Радловтың айтуынша ол кезде Қыпшақ тайпасы құрамында торайғыр, түйшіке, қытайқыпшақ, бұлтың, қарабалық, көлденең, танабұға, ұзын, көкмұрын рулары болған. Қазақ шежірелерінде 92 баулы Қыпшақ деп аталады, бірақ ешқайсысында оның барлығы бірдей таратылмайды. Шежіре бойынша Қыпшақтардың өсіп-өнуі төмендегіше сипатталады: Қыпшақтардан ақтамсопы, одан құлан-қытай, одан сүлімалып, одан кебекалып, одан мүйізді сарыабыз. Мүйізді сарыабыздан қытай-қыпшақ, қарақыпшақ, сарықыпшақ, құланқыпшақ тарайды. Қазақ құрамына енген Қыпшақ шежіресі бойынша, қарақыпшақтың ірі-ірі бес атасына (ұзын, бұлтың, көлденең, қарабалық, торы) бөлінеді.

Қыпшақтар – XI ғасырдың басында бұрынғы қимақ, қыпшақ және қуман тайпалары қоныстанған аумақта әскери-саяси үстемдік қыпшақ хандарының қолына көшті. Қыпшақтардың билік басына келген билеуші әулеттік шонжарлары оңтүстік және батыс бағыттарда белсенді қимыл жасай бастады, мұның өзі оларды Орта Азия мен Оңтүстік-Шығыс Еуропа мемлекетімен тікелей белсенді қарым- қатынас орнатуға жеткізді.

XI ғасырдың екінші ширегінде қыпшақтардың әскери-тайпалық шонжарлары Сырдарияның теменгі және орта аңғарынан, Арал өңірі мен Каспий өңірі далаларынан оғыз жабғуларын ығыстыруына экономикалық та, саяси себептер де болған еді. Саяси фактор ең алдымен XI ғасырдың бас кезінде Орталық Азия тайпаларының батыс бағытында қозғалуына ұласқан сыртқы оқиғаларға байланысты болатын. Сонымен бірге қыпшақтардың өзін-әзі билеуге және өз мемлекетін құруға ұмтылған әулеттік топтардың орталықтан аулақтау сарынының маңызы аз болған жоқ. XI ғасырдың бірінші жартысында күшейген қыпшақ тайпаларының көсемдері, тегінде, жайылымдық жерлердің тапшылығына ұшырап, сонымен қатар Еділ бойы, Үстірт және Сырдарияның төменгі ағысы арқылы өтетін аса маңызды сауда жолдарын өз бақылауына алуға ұмтылған болса керек. Азияны Еуропамен жалғастырып жатқан жолдың бұл учаскесі маңызды баю жолдарының бірі ретінде мейлінше қажетті болатын.

Қыпшақтар билігінің Арал өңірі мен Сырдария бойындағы аймақтарға таралуына байланысты этникалық-саяси жағдайдың өзгеруіне қарай XI ғасырдын 2-ширегінің басында «Оғыздар даласы» (Мафазат әл-гузз) деген атаудың орнына «Қыпшақтар даласы» (Дешті Қыпшақ) деген атау пайда болды.


Қазақ халқы руларының ұраны мен таңбасы туралы толығырақ мына сілтеме арқылы таныс бола аласыңыздар. 

Суреттің авторы Арман ҚАЛИБЕКҰЛЫ

 

Ұқсас материалдар