Қандастар Ассамблея

Қазақ руларының ұраны мен таңбасы: Әлім руы

29.12.2015 23599
Әлімұлының тармағы алтау болғанымен енші алып, ұранға шыққаны – төртеу.

Қазақ филологиясының көрнекті қайраткері, қазақ тіл білімінің негізін салушылардың бірі, белгілі түрколог, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәрсен Аманжоловтың «Қазақ тілі диалектологиясы мен тарихының мәселелері» атты кітабының негізінде El.kz редакциясы Қазақ руларының атауын, ұранын және таңбасын бірыңғай стильде бір суретке салып өз оқырмандарына ұсынады.

Әлім руы.

Әлімұлы – Кіші жүз құрамындағы тайпалардың бірі. Таңбасы – алшын таңбасының қосарласқан түрі. Әлімұлының алты тармағы болғандықтан, халық арасында «Алты Әлім» деп аталып кеткен.

Белгілі ақын Көлдейбекұлы Ерімбет шежіресінде Әлімұлына Жаманақ (Шекті), Қарамашақ (Төртқара), Айнық (Қарасақал), Ұланақ (Қаракесек), Тегінболат (Қарасақал), Тойқожаны (Ақ кете) жатқызады. Мұны тарихшылар С. Толыбеков, Х. Маданов, шежіреші Ө. Ахметов те қостайды.

Әлімұлының тармағы алтау болғанымен енші алып, ұранға шыққаны – төртеу. Олар: Жаманақ, Ұланақ, Қарамашақ, Айнық. Әлімұлының сан жағынан көбі – Шекті мен Төртқара. Әлімұлының үлкені болып есептелетін шектіні Ә.Қоңыратбаев, О.Смирнова секілді ғалымдар Бұлғар қыпшақтарымен байланыстырады. Осындай жорамалдардың бәрі Әлімұлы тайпасының тарихын тереңге сілтейді. Әлімұлы Ырғыз өзенінің бойынан Қаратауға дейін көшіп барып, Сырдарияның төменгі ағысындағы Қуаңдария, Жаңадария, Қарақұмдық салаларын, Құлақшы, Барбы-Қайрақты көлдерінің төңірегін жаз жайлап, қыс қыстаған.

Әлімұлы бірлестігіне кірген рулардың кейбір бөліктері Каспий теңізінің солтүстік алқабын, Жем, Темір, Сағыз, Ойыл, Қобда, Жайық өзендеріне дейін жайлап, Арал теңізінің атырабын, Мұғаджар тауының бөктерін, Сырдарияның төм. ағысындағы өлкелерді қыстаған. 1730–43 жылға дейін Әлімұлы тайпасының білікті адамдары тәуелсіздікті қолдан бермейміз деп Әбілқайыр ханға қарсы болған. Бақтыбай батыр мен Сырлыбай би де көпке дейін келісімін бермей жүрсе де, ел іргесінің сөгілмеуін көздеп халыққа басу айтып, хан ұсынысын қолдауға көндірген. 1815 ж. Қоқан ханы Мұхамед-Рақым Әлімұлы тайпасын қол астына қаратпақ болды. Екінші жағынан Ресей мен Хиуа қысты. Үш жақты езгіге шыдамаған Әлімұлы тәуелсіздік күресін бастады. Бұл Жанқожа батыр бастаған көтеріліске ұласты.

Әлімұлы тайпасынан Жалаңтөс баһадүр мен Әйтеке биден бастап алты алашқа белгілі Шекті Мөңке би, Есет, Көтібар, Әулие Құлбатыр, Сартай батыр, Жетес би, Ұранға шыққан Бақтыбай, Жылқыаман Отыншыұлы, Құлбарақ, Жанғожа, Ақтан, Алтай, Арал батырлар, қарасақал Ерімбет ақын, Нұртуған жырау, Жетес шешен, Әжібай, Сопақ, Мырзағұл, т.б. билер шыққан.


Қазақ халқы руларының ұраны мен таңбасы туралы толығырақ мына сілтеме арқылы таныс бола аласыңыздар. 

Дизайнер: Арман ҚАЛИБЕКҰЛЫ

Ұқсас материалдар