Қандастар Ассамблея

ҚАЗАҚ МАЛЫНЫҢ ТҰҚЫМЫН АСЫЛДАНДЫРУ ЖАЙЫНДА

27.08.2014 4048
Бұл күнге шейін қазақ əлі малының санын көбейтумен бо- лып, тұқымын асылдандыру жайында ойланған да жоқ. Сол се- бепті қазақ малы уақтанып, азып барады.

 

Бұл күнге шейін қазақ əлі малының санын көбейтумен болып, тұқымын асылдандыру жайында ойланған да жоқ. Сол себепті қазақ малы уақтанып, азып барады. Мұнан бірнеше жыл бұрын Орынбордан Мəскеуге апарған өгіздердің еті 15 пұттан кем болмай жүруші еді, бұл кезде орта өгіздің еті 13 пұттан артпайтын болды.

Мал уақтанған екен – онан қорқуға жарамайды, білім мен еңбек сіңірген кісі малдың тұқымын түзеуге болады. Ғалымдар- ға жəне мал бағу біліміне жүйрік тəжірибелі адамдарға мағлұм, мал тұқымының асыл жері шет патшалықтарда екені, ол жер- лерде жүйрік айғырдың басы 200 мың9 сомға шейін барады; бұқаның қымбаты 3 мың, қатта бес мың сом болады, жақсы қошқарларға қымбатсынбай 500-600 сом береді екен. Осы малдардың бойындағы асылы əуелден-ақ осындай болмаған, жүре түзелген. Малдың тұқымын асылдандырушылар көп еңбек сіңірген, ақылмен іс еткен, асырауы, бағып-қағуы жақсы болған, айғыр, бұқа, қошқарларды өз малдарының арасынан-ақ танып салған.

Рас, бұл – ұзаққа созылатын жана көп шыдам керек қылатын жұмыс, бірақ ақыры қайырлы, неге десеңіз, малдың тұқымы асылданып, қазақтың қазіргі отырған жер-суына үйреншікті болып өседі.

Екінші жол оңайырақ жана қызығырақ, бұл жол қазақ малын басқа асыл тұқыммен шатастырмақ – қан араластырмақ. Бұл ірет көрмеге оңай болса да, тəжірибеде қиын. Анық білу керек: əлгі тұқым алмақшы болған малдарға, қазақ жерінің ауасы жа- рамды ма екен, ол мал қазақ жерін жерсіне ме екен. Осыларды салыстырып, бұл тұқымнан пайда бар-жоғын жете білу керек. Ресейде мал тұқымын осы жолмен асылдандырамыз деушілер көп болған, бірақ соның көбі мақсаттарына жете алмаған. Себебі көбінесе тапқан тұқымдары жарамсыз болып ұшыраған, тұқым түзелу орнына бұзылған, малы жерсінбеген.

Енді қазақ малына келсек, жылқы, қой, ешкі секілді малдардың тұқымын асылдандыру үшін шеттен іздемей-ақ, қазақтың өз малынан таңдап, ең жақсы тұқымынан үйірге айғыр, қошқар салу керек. Қазақ малының тұқымы өте жақсы, жалғыз-ақ соны тағы да арттыруға біраз еңбек сіңіру тиіс. Сиыр тұқымын асылдандыру үшін қазақтың өз малынан табылған жақсыларын, сұрыптап араластыруға керек, болмаса тəжірибеде тəуір пайдасы көрінген қалмақ  сиырларынан тұқым алу керек (Астырқандық иаки Тсаритсіндік деген тұқымдардың біреуі болсын). Бұл айтқан іретше тұқымның тазаруына бірінші себеп болатын нəрсе – малды жақсы асы- рап жақсы күту, егер бұған салақтық қылса, еткен еңбек босқа кетеді. Міні, сол себепті қазаққа шөп шабатын мəшине алу керек. Жаңа шөпті қуратпай, мезгілінде шауып алу керек. Осы күнге дейін «осы жарайды» деп өлшеп шаппай, шама келгенше көп шабуға керек. Мал қыс күнінде азыққа тарықпаса, іріленіп тез өседі. Қазақтың егін салатын жерінде тай, тайыншаларды, айғыр, бұқаларды сұлымен асырау артық. Жас малды неғұрлым жақсы асыраса, өскіш келеді. Айғырлар, бұқалар күшті болса, балалары да асыл жана берік болып туады. Бірақ айғырлар, бұқалар аса семіріп кетпесін, соны ескеруге тиіс. Қазақ малын жылы орында ұстау жарамайды, аса нəзіктендіріп алып, қысқа тебінге шығуға жарамайтын болып кетпесін. Əрине, тымсуық борандарда далаға шығармай, қолда күту артық.

Жұрттың көбі үйірге қосатын айғыр, бұқаларының жақсы- жаманына көз жібермейді. Малдың еркек, ұрғашы екі жағы да бірдей тəуір болса, тұқым асыл болуын естен шығармасқа керек. Жана қазақ малы құнажын, дөнежінінде балалайды. Бұ да пайдасыз нəрсе, малдың тұқымы уақтанып өспей қалады. Тұқым үшін малдың еркегі болсын, ұрғашысы болсын ең берігін, күштісін, сұлуын таңдап аларға керек. Нашарын тұқымға қоспау тиіс – ол еркектерін піштіріп, ұрғашыларын сатуға немесе сойыуға ылайық.

Жақсы айғыр, жақсы бұқа өздерінде болмаған қазақтар басқа жерден сатып алсын немесе үйірге сала тұруға алсын. Бұлай реті келмесе, өздерінің жақсы биелерін тұқым алу үшін жақсы айғырдың үйіріне қоссын. Қазақ жылқысынан жүйрік, жортақ, жорға көп шығады, міні, осыларды піштіріп тастамай, тұкымға арнау керек, шет патшалықтарда осылай етеді.

Қазақ жылқысының түқымын асылдандырып, өлшеуге толарлыққа жетістірсе, əскерге керек аттарды өкімет те жақсы бағамен қазақтан алып түрар еді.

Қазақ сиырының тұқымы онша жаман емес, бірақ сүйегі уақ, сүті аз. Жоғарыда айттық, тұқымды қалмақ сиырынан алу керек деп. Бұл туралы жақсы тəжірибе бар. Жақсы дейтініміз сол: қалмақ сиырының тұқымы өзі əуелде қазақтан шыққан: Бұл тұқым суыққа төзімді, жайылып оттауға көнімді келеді. Бұл сиырлар қазақтың осы күнгі тұтынып отырған сиырынан ірі, етті көп береді, жұмысқа шыдамды, бір айыбы сүтті болмайды.

(Бенкевиш)

 А.Байтұрсынұлы / "Ел - шежіре"

Ұқсас материалдар