Қандастар Ассамблея

Қазақ хандығының 550 жылдығымен танымал тұлғалардың құттықтаулары!

11.09.2015 3518
Қазақ хандығының 550 жылдығымен танымал тұлғалардың құттықтаулары!

Бүгін Астана қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығымен барша қазақстандықтарды құттықтап жатқан қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен ел зиялылары, танымал спортшылар мен өнер жұлдыздарының жылы лебіздерін топтастырып, оқырманға ұсынуды жөн деп отырмыз.

Бобров Владимир Яковлевич. ҚР Парламент Сенатының депутаты:

– Осы күндері Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мереке еліміздің барлық аймағында өтіп жатыр. 2015 жыл – Қазақстан үшін өте маңызды кезең болды. Жыл жақсылығымен басталды. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Конституцияның 20 жылдығына орай мерекелік шаралар, ғылыми конференциялар өтті. Енді міне, Қазақ хандығынының 550 жылдығына орай үлкен той өтіп жатыр. Бұл – осы жылы атап өтіліп жатқан ең үлкен, маңызды шара. Елбасының тапсырмасымен мерейтойлық шараларды өткізуді жауапкершілігіне алған арнайы комиссия құрылды. Еліміздің әр аймағында мерейтойға арналған шаралардың жоспары бекітіліп, рет-ретімен тойланып жатыр. Негізгі той Астана мен Тараз қаласында өтеді. Елбасымыз айтып өткендей «Тарихымыз өзгені жаулаудан емес, өзімізді қорғаудан тұрады». Қорғану деген бірігу, ынтымақта болу. Осыны Қазақстан халқының барлығы білуі тиіс. Қазақ хаолқы осы бірілігінің арқасында көп жетістікке қол жеткізді. Ал, ең үлкен жетістігіміз – Тәуелсіздігіміз. 

Жандарбек Мәлібеков, ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы:

– Қазақ халқы кеше ғана қалыптасқан жоқ, оның тарихы өте тереңде екені белгілі. Біздің қазақ даласында ертеден сақ, үйсін, ғұн және де түрік қағанаттары өмір сүрді. Тарихымыз олармен тікелей қатысты. Одан кейін Алтынорда, оның ішінен қазақ хандығы жеке бөлініп шықты. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлытаудағы сөйлеген сөзінде айтқан мәселелердің барлығы, ол кісі ғұндардан бері, қазіргі тәуелсіздік деп келе жатқан мәселелердің барлығы халқымыз үшін маңызды, әсіресе жастар үшін терең маңызды екенін айту керек деген болатын. Ендеше Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау, өскелең ұрпақ үшін ұлы тарих беті.

Нұрлан Әлімжан, актер, әнші:

– Барша қазақстандықтарды Қазақ хандығының 550 жылдық мерейлі тойымен құттықтаймын. Керей мен Жәнібек бабаларымыздың осындай кең байтақ жер, бірлігі жарасқан ел сыйлағаны — біз үшін ұлы тарих. Сол бір заманда алтын орда тігіп, Қозыбасының төрінде ұлттық мемлекет құрды. 200 мың халықтың бірлігін нығайтып, әскерін жасақтады. Сол батыр бабаларымыздың күшімен, ақ найзаның ұшымен ұлан-ғайыр атырапты сақтап қалды. Күрескер ұлы батырларымыздың, хандарымыздың рухы әрдайым разы болсын. Ал, қазақ еліме тілерім: тек қана заманымыз тыныш болып, егеменді еліміз жасай берсін. Әлемге атымыз танылып, мәңгі ел болайық. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнап, әрдайым осындай бақытты күндерде, Қазақ хандығы мерекесін тойлауды жаза берсін.

Марат Әбсеметов, ҚР Ұлттық мұрағатының бас директоры:

– Алтын Орданың заңды мұрагері ретінде Қазақ хандығы өмірге келді. Керей мен Жәнібек хандар Моғолстаннан бөлініп, 200 мың халықпен Қозыбасыда бүгінгі Қазақстан мемлекетінің негізін қалады. Ендеше бұл — тарих сахнасында өткен 550 жыл қазақ халқының, еліміздің ұлы мейрамы. 550 жыл уақыт аралығында қаншама 5 жарым ғасыр артта қалып, жоңғар деген халықты жеңіп, оларды тарихи сахнадан қош айттырдық. Мұхаммед Хайдар Дулати осы тарихи дәуірдің шежіресін жазды. «Тарихи-и Рашиди» деп атады. Онда біздің қалай хандық құрғанымыздың, оның жолында қаншама қиындық көргеніміздің бәрі айна-қатесіз көрсетіліп тұр. Ол тарихи еңбек — біздің құнды мұрамыз. Бүгінгі Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлауымыздың өзі осы еңбектің арқасында. Мұхаммед Хайдар Дулати қазақ хандығының құрылған жылдарын 1465-1466 деп көрсетеді.

Егор Каппель, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Барлық Қазақстан халқын осы ұлы мерекемен құттықтағым келеді. Қазақ хандығының 550 жылдығы – бұл ең маңызды оқиғалардың бірі. Біздің Қазақстанның тарихы өте ерекше және оның түп-тамыры тереңде жатыр. 3000 жылды қамтитын тарихымыз Сақтар мен Ғұндардан басталып, одан кейін Алтын Ордаға жалғасып, кейіннен Қазақ хандығының құрылуына ұласты. Бүгін Ұлы дала мейрамы. Барлық қазақстандықтардың мейрамы. Тәуелсіздік сарайында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиын өткізу арқылы біз ұлы хандарымыз Керей мен Жәнібекке және олардың ізбасарларына құрмет көрсетудеміз. Қазақ даласының аспанында әрдайым бейбітшілік болуын тілеймін. 

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту – бұл мемлекетіміз үшін де, еліміз үшін де үлкен тарихи оқиға. Біз осы мемлекетіміздің тарихын дәріптеу арқылы, тарихи оқиғаларды халыққа жеткізу арқылы жастарды Отанды сүюге тәрбиелейміз. Қазақ хандығының 550 жылдығы – бұл біздің мемлекеттің бар болғанын, қазақ халқы батыр елдің ұрпағы екенін, аянбай елін қорғағанын және осы жер қазақ халқының жері болғанын көрсететін маңызды тарихи оқиға. Бұндай тарихи мерейтойларды жоғары дәрежеде атап өтуіміздің басты себебі, келшек ұрпақтың санасына патриотизм сезімін жеткізу. Қазақ хандығының 550 жылдығы құтты болсын! Еліміз аман, халқымыз мәңгілік ел мұратына жетсін!

Бірғаным Әйтімова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Биыл Елбасымыздың ұсынысымен Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлап жатырмыз. Ата-тегімізді білу, тарихымызды бағалау жастар үшін аса қажет нәрсе. Қазақстанымыздың туы әрі қарай желбіретіп, еліміз дамып жатса, соның өзі осы мерейлі тойымыздың басты мағынасы деп білем. Бұл тек тарихшыларға ғана емес, я болмаса өз елімізге ғана емес, сонымен қатар дүниежүзі елдеріне Қазақстанның үлкен тарихы бар екенін паш ету тұрғысынан да аса маңызды. Қазақ хандарының көреген саясаты мен батыр ұлдарының ергілінің нәтижесінде бүгінгі Қазақстан тәуелсіз, егемен мемлекет.

Бибігүл Төлегенова, КСРО Халық әртісі:

– Бүгінгі мерекені Қазақстандағы ең үлкен мереке деп санаймын. Өйткені, бүгін біз өзіміздің нағыз қазақ екенімізді сезіндік. Менің өкінетінім, біз 70 жыл бойы қазақша айтқанда «мәңгүрт» болған екенбіз. Қазір енді, Құдайға шүкір, болашақ ұрпағымыз үшін қуанып отырмын. Олар біздің тарихты тереңдеп оқып, зерттейтін болады. Балаларымыздың бақыты сонда, олар тарихымызды қазбалап, бұдан да көп деректер табатын болады. Мен соған кәміл сенемін. Осы мерекеміз құтты болсын. Еліміз аман болсын, Елбасымыз аман болсын! Ғалымдарымызға осындай мүмкінді туғызғаны үшін Нұрсұлтан Әбішұлына мың да бір рахмет.

Алмас Өтешев, қазақстандық зілтемірші:

– Барша қазақстандықтарды осы ұлы мейраммен құттықтаймын. Еліміз өсе берсін, көркейе берсін. Біз, қазақ ұлы халықпыз, батырлардың ұрпағымыз. Елбасымыз жаңа бізге үлкен өсиет айтты, адамның арқасын қоздыратын сөздер айтты. Еліміздің шаңырағы ешқашан шайқалмасын, бізден әлі де көптеген батырлар шыға берсін!

Ұқсас материалдар