Қандастар Ассамблея

Қазақ хандығына арналған дәптерлер шыға бастады

14.08.2015 2246
Қазақ хандығына арналған дәптерлер шыға бастады.

Оралда мұқабасында қазақ хандарының суреті бейнеленген оқушы дәптерлері шығарыла бастады. Бұл іс қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толу мерейтойы қарсаңында қолға алынып отыр. 

 

Басылым бетінен Керей мен Жәнібек, Абылай, Әбілхайыр хандармен қатар Райымбек, Сырым, Исатай мен Махамбет батырлардың да бейнелерін көріп, өмірбаянымен танысуға болады. Игі бастамаға мұрындық болған жергілікті баспахана өкілдерінің айтуынша, бұл жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, тарихи тұлғаларды танып-білуге мүмкіндік береді.

 «Қазіргі кезеңде дәптерлерді алып қарайтын болсақ, бала тәрбиесіне жат түрлі суреттер бейнеленген дәптерлер өте көбейіп кетті. Бұл балалалардың санасын бұзатындығы және болашақта кері әсерін тигізетіні айқын байқалып тұр. Сондықтан да біз балаларды ұлттық тәрбиеде, оң тәрбиелеу үшін осындай бастаманы бастадық. Екіншіден, отандық тауар», - дейді жоба жетекшісі Жантас Сафуллин. 

Бұл бастама жаңа оқу жылы қарсаңындағы үлгілі бастамалардың бірі. Қазақ хандығының мерейтойының насихатын арттыру үшін осындай көп шығынға апармайтын шаралар қолға алынуы тиіс. Жақында Елбасы «Қазақ хандығының 550 жылдығын артық шығынсыз өткізу керек» деп тапсырма берген болатын.

Бүгінде Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты әртүрлі шаралар республикалық көлемде өтіп жатыр. Мәдениет және спорт министрі мерекелік шаралар Астанада және Таразда өтетінін айтты.

«Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу қазақ халқының біртектілігі мен бірлігін нығайту үшін өте маңызды. Біз бірінші кезекте халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізуге көңіл бөлеміз. Сонымен қатар, қазіргі кезде Таразда этнографиялық музей және орталық салынуда. Маңызды археологиялық жұмыстар жүргізілуде», – деді А.Мұхамедиұлы.

Қарағанды облысы, Ұлытау ауданында өтетін мерекелік іс-шаралар да жетерлік. 24-26 тамыз аралығында Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында «Елдіктің терең тамыры» атты мәдени-көпшілік шаралар қарастырылған. АҚШ-тың Вашингтон қаласында «Қазақ хандығына 550 жыл» деректі фильмінің тұсаукесері өтті. ҚР Ұлттық ғылым академиясының мүше-корреспондентi, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрiбаев он жеті ханның өмірі баяндалатын еңбек жазып шықты. «Бұл кiтап үш тiлде – қазақ, орыс және ағылшын тiлiнде жарық көрiп отыр және көпшiлiкке түсiнiктi болу үшiн таза қатаң ғылыми тiлде емес, қарапайым тiлмен жазылды», – дедi тарихшы.


Әзірлеген: Досжан Мейірім. 

Ұқсас материалдар