Қандастар Ассамблея

Қазақ хандығы тұсындағы ханымдар мен ханшалар!

29.06.2015 3728
«Алып анадан туады» деген даналы сөз бар.

«Алып анадан туады» деген даналы сөз бар. Қазақ тарихында есімі алтын әріппен жазылатын аналарымыз, ханымдар мен ханшалар жетерлік. Ол үлкен зерттеуді, тыңғылықты ізденісті талап етеді. Қазақ Хандығының 550 жылдығына орай бұл мәселе де жауабын табуы тиіс.

Қазақ халқының дана, батыр және шешен әйелдері туралы мағлұматтар  дерек көздерінен жинастырылатын болды. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-да «Қазақ хандығы тұсындағы ханымдар мен арулар» атты республикалық ғылыми-тәжiрибелiк конференцияда ҚР Мемлекеттiк хатшысы Гүлшара Әбдiқалықова осылай деп мәлім етті.

«Сан ғасырлық тарихымызда ел бірлігі үшін басын бәйгеге тігіп, жерін қорғау үшін атқа қонған, бір ауыз сөзбен билік айтқан дана, батыр және шешен әйелдер туралы деректер баршылық. Дегенмен, жазба деректер, нақты фактілер қамтылған құжаттар бүгінгі заманға толық күйінде жеткен жоқ. Алдағы уақытта мұндай құнды деректерді әлем елдерінің мұрағаттарынан, өз еліміздегі дерек көздерінен жинастырып, ұрпақ игілігіне ұсынсақ деген ойымыз бар», – деді Мемлекеттік хатшы.

Биыл ел болып атап өтіп жатқан Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында отандық тарихшы ғалымдар алдағы уақытта зерделенетін бірқатар мәдени және тарихи құндылықтар бар екенін алға тартуда.

«Соның iшiнде қазақ хандығы ұғымын  мемлекетшiлдiк және дәстүр категорияларымен жүйелеп, байыта түсу керек деген пiкiрдемiн», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Осы орайда ол хандық туралы толыққанды ұғым қалыптастыру үшiн хан ордасында елдiк деңгейдегi кеңестер мен тарихта қалған ханымдар мен ханшалар, би мен батырлардың аналары мен асыл жарлары туралы тарихи мағлұматтарды терең зерделеген жөн екенін тапсырды.

Мемлекеттік хтшы ханға әдiлдiгiн айтқан Қарашаштан бастап, ел тұтқасы болған Айғаным мен Фатима ханшалар, жауға қарсы шапқан ержүрек Гауһар мен Бопай сияқты батыр жарлар, сондай-ақ есiмдерi тұтас жұрттың тәрбиесі бесiгiне айналған басқа да аналардың рухани тұғыры уақыт өткен сайын асқақтай беретінін атап өтті.

«Көшпендiлер ұғымында тiршiлiктiң бастауын, өмiрдiң жалғасын сабақтастырушы ретiнде әйелдер қауымы ерекше құрмет тұтылған. Бiз ұлт танымына, ұлт парасатына, ұлт пәлсапасына өзгенiң емес, өз көзiмiзбен қарайтын кезеңде көтерiлдiк. Сондықтан жаугершiлiк замандарда кiрменi өзекке теппеген, кеңестiк кезеңде қуғын-сүргiнге ұшырап, қазақ жерiне айдалып келген ұлттар мен ұлыстарды бауырына басқан. Сол арқылы өзiнiң ерекше өмiр сүру салты мен ұлттық дәстүрi мен толеранттылықтың үлгiсiн көрсеткен халқымыздың тамаша қасиеттерiн танып, ұлт тарихындағы ұлы аналардың ұлағатын жас ұрпақтың санасына сiңiру бiз үшiн көкейкестi мәселе. Осы ұлт дәстүрi деп аталатын генетикалық кодымыздың бастауы да, жалғастырушысы да әйел аналар екенi ақиқат», – деп атап өтті Г.Әбдіқалықова.

Айта кетейік,  аталған республикалық ғылыми-тәжiрибелiк конференцияны ҚР Президентi жанындағы әйелдер iстерi және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ  мен Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы ұйымдастырды.  Конференцияға қатысушы ғалымдар Айғаным ханша, Бопай ханым мен Бай Ананың, Тойқара ханымның және қазақ халқының өзге де белгілі өкілдерінің есімдері жайында баяндамалар жасады.


Әзірлеген: Досжан Мейірім.

Ұқсас материалдар