Қандастар Ассамблея

Қазақ халқын билеу туралы 1868-ші жылы шыққан уақытша положение

27.08.2014 2736
1868-ші жылы крестьян положениесіне ұқсасырақ қылып қазақ туралы жаңа положение шығарылды.

1868-ші жылы крестьян положениесіне ұқсасырақ қылып қазақ туралы жаңа положение шығарылды. Бұл положение бойынша қазақтардың болысқа, ауылға бөлінуі бұрынғы ретте қалып, əлеумет істері мұжықтардыкі секілді басқарылатын болды: қазақтарды ауылға бөлгенде, аталас-тұқымдас болуын ғана есепке алмай, айырған жерінің һəм шаруасының ретіне қарай бөлді, өйткені ол кезде қазақ мынау туысқаным, мынау ағайыным деп, бөгде елдерді жатырқамайтын дəрежеге жеткен еді. Болыс, яки ауыл қанша үйден құралуға мүмкіндігі хақында белгілі бір мөлшер шығарылды (бір ауылнай елде 100-ден 220- ға шейін, бір болыста 1000-нан 2000-ға шейін үй болады деп). Əр болыстың жеріне шек тартылды, əр болыстың жері өз арасында шаруалары һəм малдарының санына қарай бөлінетін болды. Əр ауылдың жеке кісілерінің де жер пайдалануы осы ретпен болды. Əр ауылға һəм əр ауылдағы адамдарға жер бөліп беру əлеумет приговорларымен бекитін болды. Бөліп алған жерлерінің шегі белгіленіп, жер  бөлу хақындағы приговорлар бірте-бірте низамға айналады. 1868-ші жыл положениесі бойынша əр ауыл өз жерін бөліп алған соң, крестьяндар секілді жеке шаруа иелері де өзіне сыбағалы жерлерін меншіктеп алатын болды.

1822-ші жыл уставында қазақ істерін билеу туралы болған кемшіліктерді 1868-ші жыл положениесі бойынша крестьяндардыкі секілді волостной һəм аулный исходтар толтырды, бірақ қазақ халқының көшпелілігі себепті һəм қысқы мекендері бытырап жатқандықтан, крестьяндарды билеу тəртібіне үйлеспейтін орындары болды.

Əр болыстың өкілі болып əр ауылнайдан елубасылар сайланатын болды (50 үйден бір кісі), əр ауылнайдың өкілі болып əр 10 үйден бір онбасы сайланатын болды.

1822-ші жыл уставы бойынша һəм ауылнайлыққа ақсүйек заттылар (төрелер) һəм наград алған қара қазақтар ғана сайланатын жол қалып, əлгі  айтылған  лауазымдарға  жасы  25-ке толған, елге қадірі бар һəм басы соттан аман əрбір қазақ сайлануға хақылы болды. Болыс һəм ауылнайлардың хақтары (праволары) орыс волостной старшиналары һəм селский старосталарымен теңеледі: олардың міндеті қол астында тəртіп сақтау һəм закон жолымен халықты билеу. Олар исход жиюға, басында тұруға һəм таратуға ерікті болды. Жарлықтарын орнына келтірмегендерге жеңіл жаза һəм айып салуға да ерікті болды. Қызмет бабында қазақтың болыс-ауылнайлары крестьяндардыкінен жоғарырақ болды, мысал: болыстарды губернатор бекітеді, ауылнайларды уездный начальник бекітеді. Ал крестьянға қарағанда, волостной старшиналарды бекітуші мировой посредниктер сиезі, селский старосталары ешкім бекітпей-ақ қызмет атқара береді.

1868-ші жыл положениесі əлеумет істерін басқаруды ауылнай, болыстарға тапсырып онша көңілдегідей болмаса да, бұлардың атқаратын міндеттерін де белгілеп берді.

Крестиан исходтары секілді елубасы, онбасылар сиезіне берілген ерік: лауазым иесі кісілерді сайлап шығару, оларға жалование лайықтау, ауылнай арасының һəм жеке үй иелерінің жерлерін бөліп беру, қазыналық алым һəм қара шығындарды бай-салықпен бөлу.

Бұл положение бойынша қазақ тұрмысында көзге түсерлік өзгеріс – бұрынғы жасақ беру орнына түндік ақша (ауыз ақша) төлену болды.

1868-ші жыл положениесін шығарушылар алымды малға салуға қазақ малының анық есебін білу қиын екендігін сезіп, түндік бас алым төлетуді шығарды. Осы ретпен əр болыстан қанша алым жиылатындығы үй санына қарай болды. Үкімет бір болысқа түскен алымды белгілеген соң, бұл алымды əр ауылнай ел һəм ауыл адамдары өзара қалай бөлісу еркі волостной һəм ауылнай сиездерге берілді. Алымды бай-жарлысына қарай, кəсібіне-табысына қарай һəм пайдаланып отырған жерінің аз- көбіне қарай бөлу жолы, яғни «бай-салық» қылу керек екендігі көрсетілді.

Алым төлеу жолы жаңадан өзгерген соң қазақтарға крестьяндар (сельский обыватель) секілді қызмет бабындағы міндетті жұмыстарды да орындауға жарлық болды; қазақтар жол түзеді, көпірлер салды, су бөгеді, төрелерге һəм əскер керегіне лау беретін болды, басқа осындай істерге міндетті болды.

1822-ші жыл уставы шықпастан бұрын қазақ билігі (соты) өзінде еді, қазақ өз тентегін өзі тыйушы еді. Ол кезде сайланған би жоқ, қазақтың қадірлі, халық қалаған билері билік айтушы еді. Биге екі жағы келіп жүгініп, бидің билігі əділ саналып, оны бұзамын деу болмаушы еді. Қазақтың мұндай билері, ілуде біреу болмаса, қиянат билік айтпаушы еді. Егер бірен-саран көріне қате, əділдікке қайшы билік айтылса, мұның дұрыс- терісін хан сынаушы еді. Мұндай билікті хан сынаудан бастап қазақ билігі жоғарылы-төменді дəрежеге (инстанцияға) бөлінді. Қазақтың бұрынғы тұрмысы-рəсімі өзгере бастаған соң, халық ру-руға бөлініп көбейе бастап, бытыраңқы тəртіп əр ел шаруасының ыңғайымен əр жерді мекен етіп, бұрынғы жұрт тегіс сыйлайтын тура билер азая бастады. Мұның бұлай болу себебі де көрініп тұр: бір бидің билігіне ырза болып, қол қусыру үшін бір атаның ұлы я бір тайпа елдің ғана ырзалығы һəм биді құрметтеуі шарт емес, бидің айтқаны екі болмас үшін əлгідей көбейіп, ыдырап кеткен рулар тегіс құрметтеп, тегіс бас июлері керек. Міне, сонан бері би сайлаумен қойылатын заң басталды.

Жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді еске алып, 1822-ші жыл уставын шығарушылар қазақ билігін екі түрге бөлді: бірінші, жеке би. Мұның тексеретін ісіне шек қойылған жоқ, даулы істердің қандайын да болса қарады. Екінші, окружный приказ. Мұнда жеке бидің үстінен ырза болмай шыққан даугерлердің істері сынға алынады. Окружный приказға түскен істерді аға сұлтан председатель болып, заседательдерді серіктікке алып тексеретін болды.

Міне, сол уақыттан бері қарай қазақ соты бірте-бірте крестьян положениесінің жолына жақындады. Əсіресе Сібір крестьяндарының соты 1822-ші жылы мынадай тəртіпке түсіп еді: бірінші дəрежелі сот – волостной правления, екінші дəрежелі – земский яки окружный сот.

1822-ші жыл уставы қазақ народный сотынан əр жұртта болатын ортақ істерді (мысалы, хакімдерге қарсылық, мемлекетке берген антқа опасыздық һəм кісі өлімі) шығарып тастап, қазақ арасында болатын өзге істерді түгел билер қарауына тапсырыды. Билер қанша сомалық ақыға билік айтады, жазықтыларға қанша айып-жаза салады – ерікті болды. Сонан əріге билігің жүрмейді деп, кескен жоқ. Қазақ билеріне билікті қазақ рəсімінше айтуға жол берілді, егер рəсім бойынша айтылған биліктері мемлекет законының негізіне қайшы келмейтін болса.

1868-ші жылғы уақытша положение 1822-ші жыл уставындағы сот істерінің ауданын онша тарылтпай, жалғыз-ақ окружный приказдарды қалдырып, оның орнына волостной сиез билерін шығарды. Волостной сиез билеріне, егер екі жағы ырза болып жүгінсе, бірінші дəрежедегі билерге (жеке би) тиісті істерді де тексеруге ерік берілді.

Онан кейін болған жаңа өзгерістер: 1) Əр болысқа қараған елдер арасындағы дауды бітіретін чрезвычайный сиез билерінің соты шықты. Чрезвычайный сиез билері волостной сиез билерінің үстінен берілген шағымды істерді де қарауға ерікті болды. 2) Билер тексеретін істердің мөлшері белгіленді: жеке билер 300 сомға шейін даулы істерді тексереді, бұлардың тиянақты (окончательный) билігінің мөлшері 30 сомға шейін. Волостной сиез билері қандай сомалық дауды болса да тексере алады, бірақ тиянақты билігі 500 сомға шейін. Волостной сиез билерінің тағы да тексеретін ісі – жеке билердің тиянақсыз (неокончательный) биліктері; чрезвычайный сиез тексеретін істеріне мөлшер айтылмаған, олардың қандай билігі болса да, тиянақты деп есептеледі. Бұл общий правиладан неках9 іс- терін шығаруға ұйғарылған, мұндай істерді тексеруші екінші дəрежелі сот администрация хакімі уездный начальник.

А.Байтұрсынұлы / «Ел - шежіре»

 

Ұқсас материалдар