Қазақ қолөнерінің классигі

17.06.2014 2360
Бұл жайлы Павлодар облысының Баянауыл ауданына қарасты Торайғыр ауылының тұрғыны, зейнеткер Шолпан Әбілғазықызы әңгімелеп берген еді.

Еуропалықтар «Қазақ қолөнерінің классигі» деп атаған Қамар Қасымұлы туралы әңгімені оның саз аспаптарын жасайтын тұңғыш шебер,алғашқы аспаптар шеберханаларының ұйымдастырушысы болғанынан бастағанымыз жөн болар. Бұл жайлы Павлодар облысының Баянауыл ауданына қарасты Торайғыр ауылының тұрғыны, зейнеткер Шолпан Әбілғазықызы әңгімелеп берген еді.

  Саз аспаптарының үлгілерін дамытып,жетілдіріп, бүгінгі қажеттілігімізге жаратқан Қамар Қасымұлын тек шебер деп,бір қырынан ғана қарасақ,онда біз оның тарихи ғылыми еңбегіне қиянат жасаған болар едік. Ол-арганология, яғни аспаптың өзі туралы ғылыммен айналысқан тұңғыш қазақ аспаптанушы.
Қамар Қасымұлы орыс оркестрінің біздің ұлттық оркестрімізге арналған шығармалар ерекшелігін бере алмайтындығын,сондықтан ұлттық аспаптардың үн ерекшелігін,табиғатын бұзып алмау үшін оркестр аспаптарының құрамын табуда басқаша ізденді. Сөйтіп, ол халық шеберлері жасаған көне аспаптарды басшылыққа алды.
Қ Қасымұлы түрлі халықаралық деңгейдегі көрмелерге де қатысқан. Өзіне қатысты жиған-терген жеке архивінде араб әрпімен жазылған 48 беттік 7-8 қалың дәптер, көптеген суреттер, аспаптардың түрлі үлгіде түсірілген фоталары, құжаттар, «Қазақ ҚСР-нің еңбек сіңірген қайраткері» куәлігі, «Еңбек Қызыл ту» орденін алғаны жөнінде деректер, хаттары сақтаулы.
Құраманғазы оркестрі ұйымдасқан сәтте сол кездегі мәдениет жөніндегі нарком Темірбек Жүргенов ел ішінен Қамекеңді алдырып, оркестрге негізделген аспап жасауды жүктеген екен. Жалпы, Қамар Қасымұлы ең алғашқы шеберханасын Жамбыл атындағы филармонияда құрған. Өзінің араб әрпімен жазылған қолжазбасында оның «Менің болшағымнан кейінгі барым да,бақытым да осы өнерім» деген сөзі бар.
Сұлтанмахмұт ақын мен Қамар түйдей құрдас, дос, өте сыйлас болған екен. Содан белгі болсын деп «Сұлтанмахмұт Гүләйімнің атын Қамардың есімімен атап кеткен» дейді көнекөз қариялар.
Қамар Қасымовтың қазақ мәдениетіне сіңірген еңбегі жайлы 1992-93 жылдары өнер зерттеуші, Ықлас атындағы қазақ халық аспаптры мұражайының қызметкері, Қ.Қасымұлы мұрасын зерттеуші Зәбира Сыпатай қызы «Мәдениет» және «Алматы ақшамы» газеттерінде «Киелі өнер ұстасы», «Ескерусіз қалған есіл ер», «Аспаптанудың атасы кім атты?» мақалалар жариялаған. Қазақ өнері мен мәдениетінде өшпес із қадырған Қамар есімін бізден гөрі көршілес Моңғолия, Қытай, Қырғыз елдері және Еуропа жұртшылығы тез таныды.
Осы орайда Баянауыл ауданы Сұлтанмахмұт Торайғыров ауылының тұрғындары осы ауылдағы мәдениет үйін Қамар Қасымұлының есімімен атауды жөн көріп отыр. Бұл ойымызды ҚР мәдениет қайраткері, аспаптанушы, этнолог Зәбира Сыпатайқызы Жәкішева да қолдайды. Торйғырлықтардың осы ойы іске асса, мәдениет үйінде өтетін шараларда Қамар Қасымұлының да аты да жиі аталып, жас ұрпақ та оның өнер жолына қанығып өсер еді. Республикалық, обылыстық және аудандық аспапшы шеберлер сайыстары, ел ішіндегі күйші-домбрашылар мен қобызшы-жыраулар сайыстары, қазақтың домбрамен айтатын дәстүрлі ән өнері жарыстарында да оның есімі жаңғырып отырар еді.Биліктегілер қолдау танытып,ауылдағы мәдениет үйі Қамар Қасымов атымен аталса,бұл біздің де ұлттық өнер мен мәдениетті дамытуға қосқан бір үлесіміз болмақ.

Ұқсас материалдар