Қандастар Ассамблея

Айтыс (2)

25.08.2014 11363
Айтыс табиғи дамуына, тақырыбына, көркемдік ерекшеліктеріне, мақсаты мен міндетіне қарай ғылымда төмендегідей түрлерге жіктеледі:

Айтыс табиғи дамуына, тақырыбына, көркемдік ерекшеліктеріне, мақсаты мен міндетіне қарай ғылымда төмендегідей түрлерге жіктеледі:

Әдет-ғұрып айтысы:

а) Бәдік,

 ә) Өлі мен тірінің айтысы,

б) Жар-жар,

в) Қыз бен жігіт айтысы (қайымдасу)

г) Қағысулар үлгісіндегі айтыстар.

Ақындар айтысы:

а) Ру айтысы,

ә) Жұмбақ айтыс,

б) Дін айтысы,

в) Жазба айтыс,

г) Қазіргі күнгі айтыс.

Әдет-салт А.-ы топтық түрде, қандай бір рәсімді атқару мақсатында, жаттанды өлеңді дағдылы әуенмен жікке бөлінген екі тараптың алма-кезек хормен орындауы арқылы жүзеге асады. Бұл туралы М.Әуезов: «Бұл алуан- дас әдет-салт айтысы, көбінесе, өнер жарыстыру айтысы емес, тек дағдылы жолды атқару (жар-жар), ырым, наным бойынша ем-домға арнап айту (бәдік) ретінде ғана орындалады. Ондай айтыстардың өлең сөздері де көбінше ауыздан-ауызға көшіп жүретін жаттанды сөздер болады. Сондықтан, әдет-салт айтыстарында «жеңу», «жеңілу» сияқты қорытындылар болмайды және өзге өнер жарысының айтысындай бір жаққа екінші жақтың жол беруі, бәйге тартуы болмайды», – деп жазды. Жар-жар, бәдік, өлі мен тірінің А.-ында шынымен сауықтан гөрі салттық қызмет басым, сол себептен олар А. өнерінің ежелгі арналары болып есептеледі; бұларды жалпы сыртынан топтап, ғұрыптық фольклор жүйесіне жатқызуға болады. Аталған ғұрыптық үлгілерден жігі ашы- лып алшақтап, өнер түрі болып саналатын ақындар А.-ына бір табан жақындап тұрған аралық буынға қыз бен жігіт қайымдасуы мен қағысулары жатады. Қыз бен жігіт А.-ын қайымдасу деп те атаған, мұнда той-томалақта кездескен екі жас бір-бір шумақ өлең айтысып, өзара қалжыңдасады. Әріптестер бір-бірінің сырт көрінісіндегі, киім-кешегіндегі, мінез-құлқындағы, туыс-туғанының басындағы оғаш жайттарды сынау арқылы бір-бірін тапқырлықпен сөзден тосып, сүрінтуді көздейді. Мұнысы көбінде жаттанды болып келеді, әйткенмен қайымдасу жас ақынды баулитын, болашақта шаршы топқа шығуға дайындайтын тәрбие мектебі деуге болады. Көлеміне қарай А.-ты түре, сүре деп екіге бөледі. Кәсіби ақындардың ұзақсонар ырғасқан жыр сайысы сүре А.-қа жатса, қысқа да шапшаң қайымдасу негізінен түре А.-қа жатады. Бұл туралы М.Әуезов: «Түре айтысты атақты ақындармен қатар, айтыс өнеріне жаңа машықтанып жүрген көпшілік те қолданады. Бұл бір-бір ауыздан қайтарылып отыратын шапшаң жауаптасу үлгісі. Осы түр жас желеңді ойын-сауықта айтысқа төселдіреді. Түре айтыстың бір ауыз өлеңі екі үлгіге бөлінеді. Оның біріншісі бастауыш түрі, ең оңайы қайым өлең, екінші үлгісі қара өлең», – деп жазды. Мысалы,

Қыз:

Атымды шешем сүйіп қойған Еркін,

Той болса түзетемін камшат бөркім.

Қолыңда еркің болса мені алғандай

Неше жүз үйіңде бар сенің жылқың?

Жігіт:

Атыңды шешең сүйіп қойған Еркін,

Той болса түзетесің камшат бөркің.

Ер күшінен тау аударылар деген бар ғой,

Алармын, болмаса да жалғыз жылқым.

 

Мықты ақындар айтысында керісінше жаттандылық аз, суырыпсалмалық басты шарт болып саналады. А.Байтұрсынов айтыстың желісі мен мақсаты жөнінде былай деген болатын: «Айтыс екі палуан күрескені сияқты, екі ойыншы ұтысқаны сияқты, екі батыр жекпе-жек ұрысқаны сияқты, екі ақынның бірін-бірі сөз жүзінде аңдып, бірінің-бірі қапысын тауып жеңу үшін айтатын өлеңдері. Ақындар әдісін сөз арқылы жұмсап, бірін-бірі сөзбен шаншып, жеңеді. Әрқайсысы сөзбен шаншуға қолайлы,осал-оңтай жерін іздейді. Басында, ісінде, жұртында, ұлтында болған осалдық, кемшіліктерді айтып, сөзбен ұялтып, яки сөзбен қамап, жан-жағын бөгеп, тоқтатады». Жалпы, А. өнерінің композициялық құрылымы ежелгі заманда адам санасындағы мифтік жұптық тайталас (бинарная оппозиция) құбылысына негізделіп пайда болғаны байқалады. Әсіресе, рулық- тайпалық қоғам тұсында оның өзегінде жатқан қарама-қайшылық әлеуметтік жіктердің өзара қызу тартысының айнасына айналды, А. сол кезеңде буыны бекіп, бұғанасы қатып, жеке жанр ретінде қалыптасты деген қорытынды жасауға негіз жеткілікті.

Ғалымдар тарапынан «халықтықроман» деп бағаланған, елдің тұрмыс-тіршілігі, өмір-салты, рухани мәдениетінен мол мағлұмат беретін революциядан бұрынғы дәстүрлі сүре А.-тар жанрішілік түрлерге, мазмұнға, көркемдік тәсілдерге аса бай. Ондай түрлерге жұмбақ А., дін А.-ын жатқызуға болады. Бұларды сүре А.-та ақындар білім сынасу үшін тәсіл етіп те қолданған. Ондай кезде сауал мен жауап тосын да күрделі болған, ал, кей жағдайда жас ақындар қайымдасу кезінде үлкендерден құлақ түріп үйренген жұмбақтарды, діни философиялық сұрақтарды бір-біріне қоятын болған және оған дағдылы жауап берілетін. Мәселен, «Қыз Болық пен Елентайдың айтысында» әлемнің жаратылыс туралы жауап-сұрақтарда сол дәуірдегі адамдардың ғарыш туралы байырғы дүниетанымы көрініс тапты. Жұмбақ А. пен дін А.-ы белгілі дәрежеде тыңдаушының таным көкжиегін кеңейтуге, олардың білім деңгейін ұштауға қызмет еткен деуге болады.

Жазба айтысты негізінен бір-бірінен жырақта отырған оқыған ақындар өзара білім дәрежесін сынау, ел өміріндегі қайшылықты мәселені қозғау үшін қолданғанымен А.-тың басты қасиеті суырыпсалмалық сипаттан, ән-әуеннен ада болғандықтан бұл түр халық бұқара арасына аса кең жайыла қоймаған. Әйткенмен С.Торайғыров, М.Дулатұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы секілді ақындар әдеби шығармаларында А.-ты көркемдік тәсіл етіп қолданған. Ал мысал А. түрінде иесі хайуанмен, немесе ақын дом- бырасымен айтысады. Мысал А.-та екі ақын жекпе-жекке түспейді, тек бір адам екі кейіпкердің атынан өзі сөйлейді. Әлбетте, бұнда екі кейіпкер бар, екі айтыскер жоқ, яғни А. формасы мысал жанрында әдіс ретінде қолданылып отыр, сол себептен бұны ғалымдар шартты түрде ғана А. үлгісіне енгізеді.

Әдеб.: Ф. Л-ий. Свадебные обряды у киргизов Оренбургского ведомоства // МВ. 1862, №№151, 154, 158; Әуезов М. Айтыс өлеңдері // Қазақ әдебиетінің тарихы. Фольклор. 1-том. Алматы: Қазақ ССР Ғылым академиясының баспасы, 1948; Е.Ысмайылов. Ақындарайтысы// ҚӘ. 1964, 14 август; Тұрсынов Е. Қазақауызәдебиетін жасаушылардың байырғы өкілдері. Алматы: Ғылым, 1976; Каскабасов С. Родники искусства. Алма- Ата: Өнер, 1986; Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. 16-том. Алматы: Жазушы, 1985; Жармұхамедұлы М. Айтыс өлеңдерінің арғы тегі мен дамуы. Алматы: Мұраттас, 2001; Қасқабасов С. Ой өріс. Астана, 2009.

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»