Қандастар Ассамблея

Айшолпан туралы фэнтези түсірілмек

14.04.2016 6259
Қазақтың құсбегілік өнері

«20th Century Fox Animation» студиясы Моңғолияда тұратын Айшолпан Нұрғайып есімді бүркітші қыз туралы анимациялық картина түсірмекші.

Сурет: npr.org

Бұдан бұрын британдық режиссер Отто Белл  жас құсбегі туралы деректі фильм түсірген болатын.  «The Eagle Huntress» деп аталған фильм биыл қыста АҚШ-та өткен "Санденс" кинофестивалінде таныстырылды. Анимациялық фильмге осы туындыдағы желі арқау болады деп күтіліп отыр.

Деректі фильмнен анимация жасау және оны әлемнің кей елдеріне тарату мүмкіндігі 2 миллион долларға бағаланған. Мультфильмде Айшолпанның даусы «Жұлдызды соғыстар» фильмі арқылы танылған актриса Дейзи Ридли дыбыстайды.

87 минуттық «The Eagle Huntress» деректі фильмінде екі дәуірге жуық тарихы бар саятшылық өнері дәріптеледі. Алтайдағы қазақ малшыларының қоңыр тіршілігі, Айшолпанның өзін құсбегілікке баулыған әкесі туралы ойлары осы фильмде қамтылған. Сондай-ақ, мұнда жас құсбегінің бүркітшілер фестивалінде өзінен жасы үлкен бүркітшілермен сайысқа түсіп, жеңімпаз атанған сәті де еніпті.

«Sony Pictures Classics» компаниясы  «The Eagle Huntress» фильмін Оңтүстік және Латын Америка, Германия, Австралия, Жаңа Зеландия, Скандинавия (Швеция, Норвегия, Дания) елдері мен Азия нарығында көрсету құқығын сатып алыпты. Ал, арнайы саундтректі австралиялық әнші Сиа жазған.

Айшолпанның БАҚ бетіндегі имиджіне келсек, АҚШ-тағы Вильгельм және Мария колледжінің профессоры Барбара Дж. Кинг соңғы жылдары ауа райының күрт бұзылуының әсерінен Моңғолияда 250 құсбегі қалғанын, ал, Айшолпанның кішкентай бүркітші қыз ретінде әлем назарын өзіне аударғанын жазды. Сонымен қатар, бірер жыл бұрын шетелдік «Daily Mail» басылымында Айшолпан туралы «Алтын қыз: Қазақтың салт-дәстүріндегі асыл құндылықтардың бірі – құсбегілік өнерді игерген он үш жасар жалғыз қыз» деген тақырыпта мақала жарияланған.


Әзірлеген Жансая Төлеген

Ұқсас материалдар