Қайрат Жолдыбай: Діни экстремизмнің негізгі тамыры – сауатсыздық.

10.06.2016 5299
Сұхбат

Иман – адам баласын екі дүниеде де бақытты ететін ғажайып тылсым қазына. Алайда қазіргі уақытта қоғамда исламның атын жамылған жат ағымдар пайда болды. Әрекет ете бастады. Теріс пиғылды діни ағымдардың ығына жығылып, адасқандар жазықсыз жандарға оқ атып, бейбіт елдің берекесін қашырды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі, исламтанушы Қайрат Жолдыбайдан алған сұхбатымызды ұсынып отырмыз.

Құрметті Қайрат Жолдыбайұлы, «Діни экстремизмнің алдын алу» және «діни экстремизмге қарсы күресу» ұғымдарының арақатынасы жөнінде не айтасыз? Олар тәжірибеде қалай жүзеге асып жатыр?

– Ең әуелі діни эктремизм дегенге тоқталатын болсақ, экстремизм бұл – шектен шығу, үшқаралық дегенді білдіреді. Діни экстремизм дегеніміз бұл – өзін ғана дұрыс санайтын, шектен шығатын және ұшқары ой, көзқарас дегенді білдіреді. Түйіндеп айтқанда, пікірде, түсінікте, сенімде болады одан кейін ол іс-әрекеттерге асқанда террор, терроризм болып жалғаса береді. Енді діни экстремизмнің алдын алу, немесе діни эктремизмге қарсы әрекет жасау дегенді кім қалай түсінеді оны әртүрлі айтуға болады. Бірақ, эктремизмнің алдын алу бұл – бәрі асқынып, болар іс болып, бояуы сіңгеннен кейін болған жағдайда бұл алдын алу болып саналмайды. Бұл – шынтуайтында себебі мен салдарымен күресу болып табылады. Қазақстанның тәжірибесінде мұны толеранттық  көзқарасқа тәрбиелеу, әркімнің өзінің сенімін құрметтеуі, қарсы тараптың пікірін құрметтеу бұл біздің мемлекетіміздің ұстанып отырған негізгі саясаты. Өйткені біз либералды мемлекетпіз. Үш жылда бір рет өтіп тұратын әлемдік діндер лидерлері мен көшбасшыларының құрылтайы осыған дәлел. Бұрында мысалға әртүрлі дін өкілдері бір үстелдің басына жиналып, әңгіме қозғамақ түгілі, тіпті қол алысып, амандаспайтын да, бір-бірін жау санайтын. Осы сьездің ең үлкен жемісі не деп бізден көп адамдар сұрап жатады. Біз айтар едік, бұл жерде бірден бір саяси оқтын бірден жемісін беру мүмкін емес, бірақ, сол өз елдерінде белгілі бір діннің көшбасшысы ретінде саналатын кісілердің келіп, басқа дін өкілдерімен бір үстелдің басына жиналып, ортақ адами құндылықтар төңірегінде әңгіме қозғауының өзі үлкен жетістік. Тарихта көп болмаған дүние. Және  әрбір келген көшбасшының артында жамағаты тұр. Ол жамағаты сол көшбасшыларын тыңдайды, ендеше көшбасшылардың басқа дін өкілдерімен пікір тоғыстырғанын көргеннен кейін олардың да пікірі өзгеріп,  басқа адамдардың көзқарасына құрметпен қарай бастайды. Былайша айтқан кезде ақиқатты немесе жұмақты өздеріне жекешелендіре алмайды. Сондықтан, осы тұрғыдан алған кезде, мұны алдын алудың бір үлкен мемлекеттік деңгейде, халықаралық деңгейде үлкен жемісі бұл біздің Елбасының ұстанып отырған саясаты, осы діндер лидерлерінің сьезінің өтуі болып табылады. Ал, енді екінші жағынан келер болсақ, анау балабақшадан бастап біз мемлекеттік жүйе ретінде төзімділікке тәрбиелеу керек , пікірді құрметтеуге, имандылыққа, мейірімділікке тәрбиелеуіміз керек. Жалпы адамның жүрегінен мейірім кеткен кезде түрлі жаңағындай күштеу, мәжбүрлеу, жәбірлеу сияқты қиянаттар  қылаң береді. Сондықтан, мұның алдын-алудың ең үлкен жұмысы осы балабақшадан бастау керек деп ойлаймын. Сондықтан оны бір ғана әдебиетпен,  бір ғана кітаппен емес, бұл кәдімгідей жан-жақты қарастырылуы керек. Балабақшалардың бағдарламасына ену керек, мұны міндетті түрде «экстремизм» деп жазбай-ақ адамның табиғатын соған кішкентай кезінен бастап тәрбиелеуіміз керек. Мәселен, бүгін көгілдір экраннан көріп жатқан мульфильмдерді қарап көрейік. Көбінесе меніңше, тамшылап болсын экстремизмге тәрбиелейтін элементтері жетерлік. Неше түрлі құбыжықтардың бір-бірін атып жатқанын, қырып жатқанын  көретінің тек. Ал, қазіргі компьютерлік ойындар былайша айтқан кезде болашақ экремистерді дайындап жатыр.  Санасын бір қатыгездікке, ұшқары ойға, менменшілдік, өзімшілдікке  тәрбиелеп жатыр. Мейірімділікті ұялататын мульфильмдер жоқтың қасы, өте аз. Сондықтан біз экстремизммен күрес деген кезде тек қана белгілі бір кітаппен, белгілі бір мақаламен , конференциямен шеше алмаймыз. Мұны концептуалды түрде жан-жақты қарастыру керек. Бұл фильмдерде көрініс табуы керек, мульфильдерде көрініс табуы керек, ол мектептің әрбір кітабында (оқу құралында) көрініс тауып, жанама түрде адамды мейірімділікке, рахымдылыққа тәрбиелейтін, адам сүйгіштікке тәрбиелеуі керек.  Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп және хақ жобасы әділет....» деген өлең жолдары меніңше осы мейірімділікке, адам сүйгіштікке, толеранттылыққа, төзімділікке тәрбиелейтін дүниелер. Абай басқа жерінде айтады: «Мазғұбыма жаның ашып, ішің күйсін, харекет қыл пайдасы көпке тисін, мен сүйгендей сүйді деп иең сүйсін»  дейд. Көптің қамын әуелі тәңір ойлаған, мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін дейд. Адамзатты сүйген үшін, айналасын сүйген үшін Алла да мені сүйеді деген пікірде. Басқа бір өлеңінде айтады: «Адамды сүй Алланың хикметін сез, не қызық бар өмірде одан басқа» деп тағыда адамды сүюге шақырып отыр. Меніңше жаңағы экстремизмнің алдын-алу осылай жан-жақты болу керек, ал қарсы күрес деген бұл – болар нәрсе болып қойғаннан кейін күресетін  нәрселер көп жағдайда жемісі болмайды. Жемісті болуы мүмкін, бірақ бір адамның ауруы меңдемей тұрып емдеген қандай, бәрі болып кеткеннен кейін бір қолын кесіп тастаған қандай? Емделеді бірақ бір жері шолақ болып тұрады сондықтан бұл жерде жан-жақты қарастыру керек. Асқынып кетсе әрине ота жасау секілді іс-әрекеттерге баруға тура келеді. Ол енді бүкіл мемлекетте болып жатқан дүие.

Сіздіңше, бүгінгі экстремистің бет-бейнесі қандай?

– Бүгінгі және кешегі экстремистің негізгі бет-бейнесі біреу. Ол – өзін ғана ақиқат жолындамын, қалғанының бәрі адасып жүр, олар тозақтық және олар дұрыс емес бағытта жүр деп қоғамға ызамен, ашумен, кекпен қарау. Өзін ғана  дұрыс санау. Енді, өкінішке орай бүгін сақал қойғанның бәрін көпшілік экстремист деп ойлайды. Мен оған келіспеймін. Себебі, біздің Шәкәрім де сақал қойған, поптар да сақал қойып жүр тіпті еврейлер де сақал қойып жүр. Әртістер де сақал қойып жүр. Сөзіміздің түйінін айтар болсам, сақал – бұл жалғыз өлшем болмауы тиіс деп ойлаймын. Себебі, сақал ол дінімізде бар нәрсе, ол – сүннет. Қоям деген адам қойып, жақсылап күтуіне болады. Оған дін қарсы емес. Бірақ, өкінішке   қарай, осы экстремистік әрекеттерге барып жатқандардың негізгі белгісі ретінде сақал мен қысқа балақтың адам санасына бірінші оралуы бұл шынымен де сол экстремистік пікірдегі көп адамдардың    осындай киіммен, осындай бет-бейнеде жүруі бір көрген адамға сондай ассосация береді. Санасында жаңғырып тұрады. Телеарнаны қосып қалсаң жарып жатқандар кімдер? Қысқа балақты, ұзын сақалдылар. Жаңағындай басқа біреуге қатты сөз айтып, қоғамнан оқшауланып, ерекшеленіп жүрген дер кімдер? Олар көбінесе сол қысқа балақ, ұзын сақалдылар. Осы бейне қағамда бір ассосация берді, экстремистік қарекеттерге барып жатқандардың көбі сондай болғандықтан, дұрысы да, бұрысы да сол ұғымға кіріп кетті.

Діни экстремизм – діни білім мен тәжірибенің жоқтығының, саясат пен діннің араласуының тікелей салдарынан пайда болды деп айтылып жүр? Сіз не айтар едіңіз?

– Жалпы діни экстремизмнің негізгі тамыры – бұл сауатсыздық. Бір жақты оқу және әлеуметтік жағдайдың жоқтығы, мемлекеттің бір толыққанды идиологиясы болған кезде немесе идиеология әлсіз болған кезде қылаң беретін дүниелер. Егер жастайынан белгілі бір мемлекеттік, діни идиеологияға  дұрыстап тәрбиеленетін болса бала  меніңше, мұндай әртүрлі ұшқары ойлар, төзімсіз іс-әрекеттер болмайтын еді. Сондықтан, бұл тікелей жаңағындай білімсіздіктен, сауатсыздықтан жүйелі бір идиологияның жоқтығынан туындайтын дүниелер болып табылады. Біз қазіргі таңда зайырлы мемлекет деп дін мен мемлекеттің арақатынасын әлі күнге дейін дұрыс бағытта шеше алмай отырмыз. Мысалы, ешбір діни бірлестіктер осы уақытқа дейін қаржыландырылмай келді. Осы жерде ұтылған кім болды? Ұтылған – өз жерінде Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы болды. Олай дейтініміз, кез-келген конфессияның кез-келген діни бірлестіктің діннің артында үлкен-үлкен алпауыт мемлекеттер, үлкен-үлкен қаржы ұйымдары тұр. Мысалға, проваслав бүкіл айлығын Мәскеуден алады, олардың бүкіл жағдайын солар шешіп отыр. Басқа дін өкілдері де сондай. Ал, енді біздің дінімізге келгенде жергілікті адамдардың қаражатымен, мецанаттардың қайырымыдылық көмегімен болып отыр. Ол үнемі үздіксіз, жүйелі түрде болмағандықтан әр жерде әрқалай көрініс тауып жатыр. Мәселен, мен бір жылдары Малайзияның діни басқармасында сапармен болдым. Сол елдегі барлық мешіттерді Малайзия өзі қаржыландырады, айлықтарын өзі төлейді және діни басқармасында 700 адам жұмыс істейді. Ал, енді біздің діни басқармада бар-жоғы 20-ға жуық адам істейді олардың жартысы ғана маман қалғандары көмекші, хатшы т.б. деген сияқты адамдар. Сонда 10 адаммен бүкіл мемлекеттің діни идиологиясын қалай жүзеге асыруға болады?  Және бұл басқа діни бірлестіктермен тең тұрса мысалға егова мен кришнайттар бүкіл мемлекеттің идиологиясын биік қойып, одан бір есеп алған дұрыс па? Бұған енді мемлекетіміз енді-енді ғана көңіл бөліп отыр. Бірақ, біз кадр дайындау мәселесі бойынша әжептәуір көштен ілгері қалып қойдық.   Дегенмен, жоқққа шығармаймыз, ақырын-ақырын маман  даярланып жатыр. Мүмкіншіліктерінің шеңберінде 10 медресе ашып отыр, Нұр-мұбаракта оқытып жатыр. Соңғы жылдары жыл сайын мемлекет тарапынан Нұр-мұбарак университетіне 100 білім гранты бөлінетін болды. Оғанға дейін ондай гранттар бөлінбеген. Университет ақылы болғаннан кейін көп балалар шет елдерде тегін гранттарда оқығанды жөн санайды. Ол жерден не алып келетіні тағы белгісіз. Осындай мәселелер реттелмей, біздегі  эктремизм  өрши береді. Отандық кадрлар дайындау мәселесі шешілу керек. Шет елде қай жерде оқуға болатынын нақтылап белгілемей, және оны қадағалаусыз қалдырмау жолдарын   реттемей бізде экстремизм, терроризм мәселесі бүгін-ертең шешіледі деп айта алмаймын.

Сіздің пікіріңізше терроризм мен террордың айырмашылығы неде?

– Террор деген ағылышынша «мәжбүрлеу», «үркіту», «қорқыныш» деген мағынаны білдіреді. Қорқыныш салатын бір әрекет деуге де болады. Ал енді терроризм бұл – әлдеқандай бір мақсатты жүзеге асыру үшін белгілі бір адамға, белгілі бір қоғамға немесе белгілі бір мемлекетке жасалатын мәжбүрлеу, үркіту, қорқыту әрекеттерінің саясиланған, ұйымдасқан түрі деп айтуға болады. Терроризм бұл – белгілі бір мақсатқа жету жолындағы саясиланған, ұйымдасқан мәжбүрлеу, үркіту, қорқыту әрекеттер.

«Жиhад» деген не? Оның терроризммен байланысы бар ма?

– «Жиhад»  сөзі араб тілінде белгілі бір нәтижеге, мақсатқа жету үшін яки бір істі істеу үшін бар қажыр-қайратың мен ынта-жігеріңді төгу, тырысу, күресу деген сияқты мағыналардың бірі. «Жиhад»  ұғымының аясы өте ауқымды. Бүгінгі таңда теріс бағыттағы ақпарат салдарынан көптеген адамдар   жиhадты қару алып соғысу деп біржақты түсінеді. «Жиhад» – адамның Алла Тағаланы тануына кедергі келтіретін барлық тосқауылдарды жою. Жаратушы мен адамның арасындағы бөгеттерге сауатсыздық, әлеуметтік жағдайдың төмендігі, ерік-ойдға, санаға жасалған шектеулер жатады. Ендеше, «жиhад» деп осы бөгеттерді жою үшін жасалатын барлық іс-шара, күреске айтылмақ. Алла ризалығы үшін істелген әрбір іс-қарекет  «жиhад» саналады. Қандай да болсын қиын жағдайларға қарамастан күн сайын үздіксіз бес уақыт намаз оқу, кейде аптап ми қайнатар ыстықта ораза ұстау, Алла Тағаланы өзге жандарға түсіндіру үшін істелген әрбір іс, қоғамдағы кейбір керітартпа келеңсіздіктерді түзету үшін атқарылған үлкенді-кішілі барлық шара исламдағы  жиhад ұғымының аясына кіреді. Жиhад – ең әуелі өзіңді түзету. Ішкі дүниеңді, жүрегіңді тазарту. Болмысыңды қызғаншақтық, қанағатсыздық, сабырсыздық, жалқаулық, тәкаппарлық секілді күллі жаман қасиеттерден арылтып, олардың орнын көркем қасиеттермен толтыру.         

Қазақстандағы діни радикализм туралы сөз қозғалса сәләфизм тақырыбы баса айтылады. Сәләфизмнің Қазақстан үшін дәстүрлі болып табылатын ханафи мазхабынан басты айырмашылығы неде?

– Ең алдымен біз ханафи мазхабы туралы айтар болсақ, мазхаб деген «мектеп» деген сөз. Бір ғана хадисте  исламдағы бір ғана оқиғаны әркім әртүрлі түсінуі мүмкін. Адамның санасы әртүрлі болғандықтан оған ықпал ететін қоғамдық, тарихи, замануи факторлар әсер ететін болғандықтан бір мәселені әркім әртүрлі түсінуі мүмкін. Орта Азиядан шыққан ғалымдар исламды ерекше түсінген, кеңінен түсінген. Тікелей мағынасында емес астарлы мағынасын, ар жағында тұрған мақсатты мағынасын терең түсінуге тырысқан. Хадистерге бүтіндей қарауға тырысқан, яғни исламның рухын түсінуге тырысқан. Сондықтан біздің ата-бабаларымыз 12 ғасырдан бері мұсылман болса да, өзінің ұлттық ерекшелігін жоғалтпай діні мен дәстүрін қатар ұстап келе жатқан халық, кешірімді, мейірімді халық.  Кәпір келсе де үйінен сүтін беріп шығарып салатын қонақжай, дархан халық. Оның дархандығына қандай да бір діни көзқарас кері әсер етпеген. Мен ылғи айтамын, қазақ намазын оқыған сонымен қатар келіндері сәлем салғанжұрт. Ешбір қайшылық жоқ. Сонымен қатар, оразасын ұстап, қымызын ішкен. Азанын шақырған, домбырасын тартқан, бәйгеге ат қосқан, саятшылығын жасаған халық. Дін дәстүрді бір-біріне қайшы қоймай, әп-әдемі сабақтастырып, астастырып ұстап келгнен халық. Негізі ханафи мазхабының ерекшелігі осы.

Ал, сәләфизм дегеніміз – сәләф деген «бұрынғылар» дегенді білідіреді. Бұл жалпы сәләфия ағымы дейміз мұның ең үлкен ерекшелігі – бұл пайғамбарымыздың заманында, және одан кейінгі буын,  сахабаларды көргендермен және оларды көрген тетелес буынның ұстанымымен жүреміз, алғашқылардың ұстанымымен жүреміз деушілер. Алайда, алғашқылардың өзі дінді әртүрлі түсінген. Сахабалардың өзі әр-әр жерге тарап кеткен. Ханафи мазхабы Иракта алғаш рет қалыптаса бастады. Ол жерде пайғамбарымыздан үнемі айырылмайтын Ибн Масхут деген сахабаның көзқарастарының төңірегінде жетіп, пісіп өрбіген мектепті біз ханафи мазхабы деп айтамыз. Ендеше белгілі бір көзқарасты алып, міне осы Пайғамбардың жолы деп жекелеп алу бұл – дұрыс емес. Олар ақиқатты монополиялап алған, бізідікі ғана дұрыс қалғандары тозақта деп қоғамға дұшпан көзімен, тозақтық көзбен қарағаннан кейін ол қоғаммен ешқашан сіңісе алмайды. Сәләфизмнің тағы бір ұлттық ерекшелігі – заманның, қоғамның ерекшелігімен санаспайды, бірден жаңғындай өздері түсінген исламға шақырып, оған келіспеген адамдарды айыптап, қаралап, дұшпан, тозақтық деп санағандықтан бұл радикализмді тудырып отыр.

Қазақстанда осы сәләфизмді ұстанатын адамдар бар ма?

– Әрине, бүгінгі таңда жер-жерде мұның өкілдері бар. Бұлар интернет арқылы шетелде оқып жүргендер де бар. Үйді үйге бөлініп, пәтерлерге жиналып өздерінің уағыздарын да жүргізіп жүргендер бар. Меніңше, осы жерде баса айта кетерлік мәселе – мына қазіргі Заң бойынша діни уағыз кез-келген жерде жүргізілмейді. Ол үшін арнайы рұқсат керек. Екіншіден, діни уағыз жүргізетін адамның арнайы рұқсатнама қағазы болу керек. Осы Заң жұмыс істегенде біз үйді-үйде әр-әр жерде тығылып, уағыз айтпайтын едік. Және де уағыз айтатын адам міндетті түрде Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әрекет етуге тиіс болатын еді. Бірақ, өкінішке қарай, бұл Заңымыз күшіне енгенімен әлі толық жұмыс істемей отыр. Тоқ етерін айтқанда «өлі Заң» деуге болады. Осыны қадағалау керек деп ойлаймын.

Радикалды діни ағымдарға қалай қарсы тұруға болады?

– Кейде біздің мемлекеттегі кейбір кісілер қоғамда исламның салтанат  құрғанын қаламайды. Исламданып кетеміз деп ойлайды. Сондықтан, тіпті дәстүрлі діннің өзінің табиғи мемлекет қолдауымен дамығанына көп көңіл бөлмеуі де мүмкін. Бәрі емес, кейбір кісілер. Аллаға шүкір, Елбасының бұл тұрғыдағы саясаты мен көзқарасы бізге көп көмек берді. Талай жерде мешіттердің салынуына ықпал етті. Мына Әзірет Сұлтан мешітінің өзінің арнайы таңдалып салынуының өзіне тікелей бастама көтерген Елбасы. Бірақ мен байқаймын мемлекеттің кейбір тұлғалары исламның қоғамға қажет нәрсе екенін, діни идиологияның қоғамға аса керек екенін, адамзаттың соған зәру екенін түсінбегендіктен бұған көп көңіл бөле бермейді. Сондықтан радикализмге қарсы тұрудың бір жолы – белгілі бір   өзіміздің дәстүрімізбен сабақтасқан, білім мен ғылымды қолдайтын, адамзатты имандылыққа, ізгілікке шақыратын дінімізге жан-жақты қолдау көрсетіп, арнайы идиология ретінде  ұстану керек мемлекет. Сол кезде радикализмнің жолы кесіледі. Ол үшін кадрлар даярлануы керек, радиотолқындар, телеарналар ашылу керек, газет-журналдар, сайттар, ғылыми зерттеу орталықтары жұмыс істеп тұруы керек. Мысалы, Малайзиядағы 700 адам не істейді? Соны ойлану керек. Бүкіл мемлекеттің идиологиясына оң өзгеріс алып келетін іс-әрекеттер жасалу керек. Қанша ғалымдар жиналып  отыр, ғылыми зерттеу орталықтары жұмыс істеп отыр. Ал, бізде осы дін мәселесін, исламды  зерттейтін ғылыми зерттеу орталығы бар ма?   Мысалға, қанша кітап шығыпты, ғылыми зерттеу орталығында ғалымдар отырса кез-келген діни ағымның бет-пердесін сыпырып, оның жағымсыз жақтарын, дұрыс емес жақтарын сипаттап, әшкерлеп беретін зерттеу орталығы жоқ. Кітаптар жазатын мысалы ханафи мазхабы дейміз. Ханафидің ерекшелігі неде осыны ғылыми тұрғыда зерттеп, диссертациялық еңбек қорғататын ғылыми зерттеу орталығы болса қандай тамаша.  Бұлардың бәрі қарастырылмаса радикализммен күресу мүмкін емес. Өйткені біз ашық ақпарат кеңісітігінде, қоғамында өмірі сүріп жатырмыз. Ақпарат деген интернеттен ағып жатыр, шет елде қанша  бала оқып жатыр. Солардан қорғап қалатын жалғыз нәрсе ол – дәл сол қарумен біздің мемлекетіміздің кәдімгідей ақшаны құйып тұрып жұмыс істеу керек. Сол кезде ғана біз қоғамды арашалап қаламыз.

Ислам туралы айтқанда заманауи өмір салты, білім мен мәдениетті дінмен ұштастыру мәселесі де қылаң береді. Басқаша айтқанда, ислам мен модернизацияның астасуы мүмкін бе?

– Ислам діні 15  ғасырдан бері бар. Ол өзінің өміршеңдігін жоғалтқан емес. Оның ерекшелігі сол. Ол заманға қарай кейбір тармақ принцптері түлеп отырады. Мысалға, исламның негізгі қағидалары сонымен қатар күлли қағидалары бар.  Күлли қағидалары ешқашан ғылыммен, қоғаммен, әдеттілікпен қайшы келуі мүмкін емес. Ғылымды қолдап отырған ислам. Алғашқы оқы деп түсуі исламның, белгілі бір киімд бізге міндеттемеген. Иа, рас әйелдердің кейбір жерлерін жауып жүруі шариғаттың талабы. Бірақ, қарамен киесің, мынандай пішінде киесің деп шектемеген. Әркім өзінің талғамына қарай , заманына  қарай, менталитетіне қарай  киім таңдай білген. Қандай түсті таңдаймын десе де өзі біледі. Бірақ, шариғатта әурет деп саналатын жерлерін жауып жүруі парыз. Міне осы күлли қағидалар бұл ешқашан дінге қайшы келмейді. Бұл адамзаттың ортақ құндылығы деп айтуға болады. Ал, енді тармақ мәселелері болады. Ол заманға қарай, қоғамға адамға қарай өзгеріп отырады. Сондықтан, модернизацияны егер біз қазіргі қоғамның  талаптары дейтін болсақ, адамгершілікпен астасатын барлық талаптары  ислам дініне  сай келеді. Бірақ ғылым деп бүгін-ертең жақсы болып, сосын жаман болатын дүниелерді ислам қолдамайды. Көптеген ғылыми нәрселер бүгін жақсы болғанымен, адамзаттың моральдық жағын таптап кетеді. Бүтіндей қарай алмайды кейде. Мысалға, бүгінгі таңда ғылым шексіз  даму үстінде. Мәселен, әйел кісінің сперма банкілерінен күйеусіз балалы болуы. Барады да кез-келген еркектің ұрығын сатып алып, соны өзінің жатырына салғызып бала туады. Бұл батыста рұқсат етілген дүние. Бірақ, осыны ислам  ғылым деп  қолдамайды. Өйткені, бұл адамзаттың ыдырауына, ұрпағының шатасуына, тектің жоғалуына әкеліп соғатын дүние. Шәкәрім батыстағы ғылымды көріп, «Ғылым деген бұл болса адыра қалсын, демеске бара жатыр ішім күйіп» дейді. Сондықтан, адамгершілік пен адами құндылықтармен діннің негізгі қағидаларымен қайшы келмеген жағдайда ол бүгінгі модернизациямен толықтай  қабыса алады. Интернет дейміз бе, спорт дейміз бе, өнер дейміз бе бұлардың барлығы адамға, адамгершілікке, адами құндылықтарға қызмет еткен жағдайда ислам әрқашан соның жағынды, толықтай қолдайды.

Соңғы кездерi баспасөз беттерiнде, теледидар хабарлары мен әуе толқынындағы таралымдарда бiзге орыс тiлi арқалы енген «фундаментализм» (iргешiлдiк) сөзiн жиi кездестiрiп жүрміз. Бұл қандай мағана береді?

– «Фундаментализм» деген – бұл ең алғаш рет христиан әлемінде пайда болған. Көбінесе бұл батыста эволюцияға Дарвиннің пікірлеріне қайшы туған пікірлер, әрекеттер, ұйымдар деуге болады.  Дарвинге қарсы шыққан сосын тағы айта кетерлігі шіркеудің көзқарастарына қайшы келетін ғылымға өзгерістерге қарсы тұрған әрекет болып басталған.  Бұл енді әр дәнде әртүрлі сипатқа ие. Католиктерде де бар. Бұл – үнділерде де, юдейлерде де бар. Бұл ұғымды қазір көбінесе исламмен байланысты деп айтып жүр. Ислам фундаментализмі дегенді тарқатар болсақ, фундамент дегеннің өзі «іргелену» ғой. Өзінің негізінде қалуы, негізін қалауы деген мағынада болса керек. Енді жалпы исламның бүкіл қағидаларының бір қоғамда салтанат құруын күшпен  және мәжбүрлеу әрекеті арқылы жүзеге асыру идеясын мен фундаментализм дер едім. Исламның қағидаларының салтанат құруы үшін саяси билікке ұмтылу деген сөз ғой.

Ислам дінінде әйел адамдарға орамал тағу, ұзын киім кию парыз ба? Орамал тағу арабтың, түріктің әдет-ғұрпы деп түсінушілер де бар. Осының ара жігін ажыратып берсеңіз.

– Орамал тағып, ұзын киім кию үрдісі – тосырқап, таңдана кейде түсінбей, тіпті жатырқай да жақтырмай да қарайтын тосын құбылыс емес. Жаhанданудың арқасында біз бүгінгі таңда батыс мәдениетінен барынша әсерлендік. Әсерленгеніміз соншалық, оған ес-түссіз беріліп, жақсы-жаманын ажыратып жатпастан, залалы мен пайдасын сараламастан оларға қатты еліктедік. Сондықтан, біздің қоғамда әйел адамның етек-жеңін қымтап жүруі, жартылай жалаңаштанудан да тұрпайы көрінуде. Қоғамда заман талабына ілесудің өлшемі «жалаңаштану» сияқты көзқарас қалыптасты. Ал, орамал тағып, ұзын киім киіп жүрген жандар замана көшіне ілесе алмай,  қатардан қалып кеткен ескішіл адамдардай бағалануда. Алла Тағала әрбір жаратылысқа өзіндік ерекшеліктер тарту еткен. Әйел адамның қоғамдағы, отбасындағы орны, жалпы болмысы, тәні ер адамдарға қарағанда мүлдем ерекше. Әйел адам осы ерекшеліктерін қорғай білген кезде ғана, қоғамдағы биік мәртебесін сақтай алады. Әйел адам өзінің аналық мейірімімен, күйеуіне деген ізеттілігмен қымбат. Ол осы қасиеттерімен әрдайым жоғары тұрады. Осы тұрғыдан алғанда орамал тағу, ұзын киім кию – әйел адамның нәзік болмысы мен әдемілігін бөтен адамдардың арам пиғылынан, сұқ көзінен сақтайтын бірден бір қорған. Әйелдердің басын жауып, ұзын киім киюі – Құранның тікелей бұйрығы. Құранда әйел адамның киетін киімінің нақты формасы айтылмаған. Тек әйе баласы өзінің дене бітімін қатты кескіндемейтіндей кеңдікте, жүзі, екі қолы, тобықтың төменгі жағынан тыс басқа барлық жерлерін жабатындай кез-келген киім үлгісін таңдап кисе болғаны. Бұл шарттар орындалғ  аннан кейін, сәнді әрі жарасымды жалпы эстетикаға сай киім киюге ислам діні қарсы емес. (Киім үлгісі тур конкурс)Сауд арабиясы мен Ирандағы әйелдер сияқты қара киіп жүру үрдісі барша мұсылмандарға парыз киім үлгісі емес. Ондай киім үлгісі олардың өз әдет-ғұрыптары мен қоғамына қарай таңдалған. Сондықтан Құран өлшемдерінен шықпау шартымен әр қоғам киім үлгісін өзінің менталитеті мен әдет-ғұрыптарына, заманына қарай әрі өмір сүрген жерінің климатына ыңғайлы етіп таңдай алады.    

Соңғы кездері қаламызда Букмекерлік кеңселердің саны артуда. Аталмыш кеңселерде спорттық ойын түрлеріне бәс тігудің шариғатымыздағы орны қандай? Соның ұтысынан түскен ақша шариғат тұрғысынан адал болып санала ма? Букмекерлік кеңселердің шариғатымыздағы орны қандай?

– Спорт ойындарының  құптарлық түрлері болады. Мысалға, мемлекет өзі күрестен дода өткізіп, бәйге жарияласа, ұтқандарға ынталандыру мақсатында бірінші орын, екінші орын  деген сияқты жүлде береді. Мұнда тұрған ешқандай қателік жоқ. Ал, енді екі адамды төбелестіру арқылы үшінші бір адамдар немесе топтар бәс тігіп, солардың есебінен ақша табатын болса бұл харам болып саналады. Қазіргі таңда құмар ойындарының бірі – букмекерлік кәсіп. Бұл кәсіп ежелгі Рим империясы тұсында пайда болған. Алғашында «бәс» (ставка) тек ат жарыстары мен жекпе-жек ойындарына ғана тігілген. Бертін келе бұл ойынға бұқа, ит, қораз төбелестері қосылды. Ал жиырмасыншы ғасырдан бастап, спорттың кез келген түріне бәс тігілетін болды. Қазір футбол, теннис және гольф ойындарына миллиондап бәс тігілуде. Ақша табудың бұл түріне исламда қатаң тыйым салынады. Рұқсат етілмейді. Себебі, бұл кәсіп құмар ойынына жатады. Бұл туралы Алла Тағала: «Ей, мүміндер! Арақ, құмар ойын, тіктеп қойылған пұттар және таяқшалар – шайтанның лас амалдарынан. Ендеше, құтылуларың үшін осындай нәрселерден аулақ болыңдар. Расында, шайтан ішкілік пен құмар ойыны арқылы араларыңа дұшпандық, кек салуды және Алланы еске алудан, намаз оқудан бөгеуді қалайды. Енді тыйыласыңдар ма?!»[1],-деген. 

– Мұндай кәсіптің астарында жеңіл жолмен еңбексіз табыс табу тұрғаны айдан анық. Себебі ақша тіккен адамның бағы немесе бабы шауып, ұтысқа кенелсе, тек ғаламтор арқылы дауыс беру арқылы тіккен ақшасының екі есе қарымын алып, қомақты қаражатқа кенеледі. Сонымен қатар кеңсе басшылары да ұтылғандардың есебінен күн көріп, біреудің ақшасын маңдайы терлемей, белі ауырмай иеленеді. Бұған ислам шариғатында тыйым салынады. Жоғарыдағы аятта «Құмар ойындар шайтанның лас істерінен» делінген. Ал ғалымдар еңбексіз келетін табыс – құмар ойынына жататындығын айтқан. Сахаба Абдулла ибн Омар (р.а.): «Құмар ойыны – еңбексіз, оңай табыспен келеді», – дегенін жеткізген. Осы жөнінде ибн Жәриж де Ата ибн Мәйсәраның «еңбексіз, жеңіл табыспен келетін көлденең табыстың бәрі да құмар ойыны», – деп баға бергенін айтқан. Ал Мәкхуль: «Жеңіл жолмен келетін табыс – құмар ойыны болып саналады, ал құмар ойыны – ақша табу немесе ақшаның жеңіл әрі қиындықсыз және әділетсіздікпен жұмсалуы»[2], – деп анықтама берген. Бұл кәсіп, біріншіден, адамның «ұтып қалармын» деген жалған үмітпен бар ақшасын салуға дейін апарады. Сол арқылы ойыншы өзінің осы іске қалай тәуелді болып қалғанын  байқамады. Екіншіден, осы жалған үміттің желеуімен ең қымбат уақытымен мал-дүниесін далаға шашады. Ысырыпшылдыққа жол береді. Исламда ысырапшылдыққа жол жоқ. Үшіншіден, адам өзін-өзі бос қиялға үміт артып, соған сенуге тәрбиелейді. Қорыта келе айтарымыз, жеңіл табыс, құмар ойындарының бәрі де адамға психикалық және моральдық, материалдық залал келтіретіндіктен Исламда қатаң тыйым салынып, харам етіледі. Себебі ол адамды жалқаулыққа, маңдай терін төкпей, қиындықсыз мол табысқа бата қалуға үйретеді. Мұндай кәсіп жеке тұлғаға, қоғамға зияндарын келтіріп қоймай, тіпті отбасының шырқын бұзуға да жеткізеді. Мұсылман адам мұндай жолдармен емес, өзінің маңдай тері, адал кәсібімен ғана ас ішіп, өмір сүргені абзал.

Оқырмандарға қандай тілек айтар едіңіз?

Пайғамбарымыз айтады: «Екі көз бар, олар – тозақ отын көрмейді» дейді. Яғни тозақ оты оларға тимейді дейді. Біріншісі бұл – Алланы еске алып, көзіне жас алған адам. Екіншісі – Отанын қорғап, көз ілмеген жауынгер дейді. Сондықтан, әрбір Отанын қорғау үшін әскерде жүрген әскери қызметте жүрген азамат міне осы хадистің аясына кіреді. Алланың ризашылығы үшін, елін қорғау үшін олар көз ілмей жұмыс істеп отыр. Ендеше ең әуелі Алла Тағала осы сауаптан бәрімізді мақұрым етпесін. Екіншіден, тек қана имандылық, береке-бірлік, ынтымақ, тыныштық тілеймін. Әскер сапында жүрген әрбір жауынгердің отбасына Алланың нұры, жақсылығы жаусын деймін.


Әңгімелескен – Балым Ғаниқызы

 

 

        

 

 

       

 

    

 

Ұқсас материалдар