Қандастар Ассамблея

Қайрат Нұртас: Бұл жүлдеге алдымен Алланың қалауымен, сосын халықтың қолдауымен ие болдым

09.06.2015 5018
Қайрат Нұртас жақын арада тыңдармандарына жаңа әндер ұсынбақ.

Қазақстандық әнші, халықтың сүйікті перзенті Қайрат Нұртас 5 маусым күні Астанада өткен «МузТВ-2015 Гравитация» Премиясында «Қазақстанның үздік жыл әртісі» аталымы бойынша сыйлықтың жеңімпазы атанған болатын. «Қазақстан» телеарнасындағы «Таңшолпан» бағдарламасында қонақта болған Қайрат өз әсерімен бөлісті.

«Сұхбат бермегеніме біраз уақыт болыпты. Бүгін сіздердің бағдарламаларыңызға сәті түсіп, келіп отырмын. Өте қуаныштымын. Маған көбіне көңіл-күйіңіз қалай, жанұяңыз бар ма деген сұрақтарды жиі қояды. Ол менің жеке өміріме қатысты болғасын, жауап беруден бас тартуға мәжбүрмін. Көрермендер менің өнерімді, шығармашылығымды бағаласа деймін», - деп бастады әңгімесін студия қонағы. 

Сыйлықты иеленген кездегі әсерімен бөліскен Қайрат: «Әркімнің өз арманы бар. Өз еліңде мұндай сыйлық алу менің ғана емес, әр әншінің арманы, деп ойлаймын. Бұл жүлдеге алдымен Алланың қалауымен, сосын халықтың қолдауымен  ие болдым. Өте қуаныштымын.  Осы додада қарсылас болған әр әнші мықты талант. Оларға алдағы жобаларда топты жарып шығуларына тілектеспін»,- дейді Қайрат.

«МУЗ ТВ» сыйлығы екі елдің мәдениетін біріктіріп, әншілерін бір-бірімен таныстырды, жақындастырды, бір сахнада ән салуға мүмкіндік берді. Сыйлықтың дәл біздің елде өтуі – үлкен жетістік», - деп ағынан жарылды Қ.Нұртас.   

Алдағы жоспарларымен бөліскен әнші: «Алдағы уақытта тыңдарманға ұсынар 3-4 әнім дайын тұр. Жақын арада ұсынатын боламын. Әндер махаббат жайында. Уақыты келгенде халық бағасын бере жатар»,-деді.

Кездесу соңында «Таңшолпан» бағдарламасының жүргізушісі Ирина Тен Қайрат Нұртасқа Бекболат Тілеуханның «Қайрат мыңдаған тыңдарманның жүрек қылын шерте біледі» деген жазуы бар арнайы сыйлығын табыс етті.


Ақпарат дереккөзі: «Қазақстан» Телерадиокорпорациясының Баспасөз қызметі

Ұқсас материалдар