Қандастар Ассамблея

Айнұр БОЛАТҚЫЗЫ: Армандап жүрген рөлдерімнің бірі осы Жанна еді!

11.03.2014 5043
Жақында Қаллеки театрында "Жанна д'Арк" қойылымының тұсаукесері өтеді. Осы ретте жалын жұтқан Жанна д'Арктың рөлін сомдайтын Айнұр Болатқызымен сұхбаттасқан едік...

Жақында Қаллеки театрында Жанна д'Арк қойылымының тұсаукесері өтеді. Осы ретте жалын жұтқан Жанна д'Арктың рөлін сомдайтын Айнұр Болатқызымен сұхбаттасқан едік...

– Айнұр, осы күнге дейінгі рөлдердің қайсысын ерекше атап өтер едіңiз?

– Театрға алғаш келгендегі ең алғаш ойнаған рөлдерім әрине ыстық, ол  ҚР еңбек сіңірген қайраткері Б.Ұзақов қойған М.Әуезовтың  «Қара қыпшақ Қобыланды» пьесасындағы Қарлығаш  рөлі,  одан кейін ҚР Халық қаһарманы Ә.Мәмбетов қойған  Ғ.Мүсіреповтың «Қыз Жібегіндегі»  Жібек және Э.Флоримонның «Түлкі бикешіндегі»  Дениза сияқты рөлдер болатын.  Содан кейінгі рөлдерді  менің шығармашылық өмірімнің келесі кезеңіне  ауысу деп есептедім, себебі бұл рөлдер менің актриса ретінде шыңдалуыма, өсуіме септігін тігізді.  Оларға:  ҚР Халық қаһарманы Ә.Мәмбетов қойған    Ш.Айтматовтың  «Ана-Жер-Ана» шығармасындағы  Әлиман және   Ә.Нүрпейісовтың  «Қан мен теріндегі»  Ақбаланы жатқызар едім. 

Кейіннен сомдалған кейіпкерлерім жайында айтсам:  ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ә.Оразбеков қойған «АБАЙ» спектакліндегі Әйгерім және  «Айман-Шолпандағы» Теңге, сондай-ақ   ҚР еңбек сіңірген қайраткері Е.Тәпенов қойған  А.Цагарелидің  «Гамарджоба»  спектакліндегі Ханума,  ҚР еңбек сіңірген қайраткері Н.Жұманиязов сахналаған   И.Штраустың «Жұбайлар жұмбағындағы»  Розалинда сияқты  әлі де көрерменін жоғалтпай, репертуардан түспей келе жатқан рөлдерім бар.  Тағы бір айта кетерім, мен үшін  мүлде басқа амплуа,  басқа образ ол –  ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ә.Оразбеков қойған Ж.М.Шевренің  «Ізгілік формуласы» шығармасындағы  Жан рөлі мен М.Фриштің «Дон-Жуанның думаны» атты пьесасындағы  Донна Эльвира рөлі.  


– Өнердің қызығы мен қиын жолдары туралы не айтасыз?

– ҚР  еңбек сіңірген қайраткер  Есім Сегизбаев,  Т,Жүргенев атындағы қазақ  мемлекеттік өнер академиясында ұстазымыз болды, сол кісінің бізге  «Мен сендерге театрмен мәңгілік «ауырыңдар»   деп тілеймін»  дегені бар еді.  Өнерге деген махаббатты студент кезімізден бойымызға сіңірген осы кісі.  Өнерге деген махаббаттың арқасында бар қиындықтарды жеңіп келем. Тек, Алла қуат берсін. Әйтпесе, бұл жолдың қызығы да, шыжығы да мол ғой, қайсы бірін айтайын...  
– Ағартушылық қызметіңiз туралы айта кетсеңіз.  Шәкiрттеріңіз туралы. Мысалы, қай шәкiртіңізбен мақтана аласыз?

– Ұстаз болған оңай емес. Өзің білесің, Ұлттық Өнер Университетінде «Актер өнері мен режиссура» кафедрасында ұстаз болып жұмыс істеймін. Шәкіртті өнерге тәрбиелеп, білім беріп шығарудағы жауапкершілік, ол –  үлкен жауапкершілік. Бір қызығы,  сол студенттерден көп нәрсені үйренеді екенсің. Мен ағартушылықта 2004- жылдан бері жүрмін. Сол уақыттан бері оқу ордасынан үлкен өмірге, сахнаға қанат қаққан шәкірттерім қазір Атырау, Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Қарағанды және Астана қалаларындағы театрларда жұмыс істеп жүр. Олардың әрбір рөлдері мен республикалық фестивальдерде алып жүрген марапаттарына, оларға қатысты айтылып жүрген жақсы пікірлерге қатты қуанамын. Атап айтсам, Қаллеки таетрының дарынды актрисасы атанып, осы күнге дейін өзін жақсы жақтарынан ғана көрсетіп жүрген жас актриса А.Жетпісбаева былтыр  республикалық фестивальда «дебют» номинациясын жеңіп алды. Сондай-ақ, Ш.Ордабаев, Ж.Оспанов, Р.Қылышбаева, Ж.Қасымова, Н.Жеңісұлы, Б.Байғалиева, Г.Құрмантаева   болашағынан үлкен үміт күттіретін актерлер.



– Ойнасам деп армандаған,  уақыт өткiзiп алып, сол күйi арман болып қалған рөлдер бар ма?

– Әрине, ондай рөлдер бар ғой, бірақ,  айтпағанды жөн көріп отырмын.  Себебі, әттеген-ай, уақыт өтіп кетті...дегеннен гөрі, мен үнемі алдағы күнге үмітпен қараймын. Алла жазса, алар асуларым да, керемет рөлдерім де  әлі алда. Негізі,  мен өте бақытты актрисамын!

– Жеке өміріңіз маған таныс болғанмен, басқаларға таңсық. Енді  отбасыңыз жайында айта отырсаңыз…

 
– Иә, құдай қосқан өмірлік  жолдасым – қазақ театр өнері мен эстрадасына танымал актер Нүркен Өтеулов.  Алла берген Бейбарыс және Ақарыс деген асықтай екі ұлды тәрбиелеп отырмыз. Бейбарыс қазір он екі жаста, Ақарыс болса жетіде. Ұлдардың екеуінің де музыкалық қабілеттері бар. Бейбарыс заманауи болып табылатын  брэйк биін ұнатады және азын-аулақ марапаттарға да қол жеткізіп үлгерді. Ақарыс әлі кішкентай болса да сол ағасынан би үйреніп, домбыра үйірмесіне қатысып жүр. Олар тіпті ертеңгі күні өнер жолын таңдаса да қарсы болмас едім.

– Өнерге ендi келген жас актрисаларға қандай талап-тiлек айтар едіңіз?

– Заман бір орнында тұрмай өзгерген сайын өмірлік құндылықтар да өзгеріп отырады ғой. Ал, онымен бірге адамның мінез-құлқы да өзгеріске ұшырайды.

Мысалға, бұрын кітап оқысақ, қазіргілер ұялы телефон шұқылайды. Бұрын бірін-бірі кездесуге шақыру үшін хаттар жазатын болса, қазіргілер тағы сол  ұялы телефонға жүгінеді. Бұрынғылар  мерекеде  қолына гүл алып барып  құттықтаса, қазіргілер тағы да ұялы телефон көмегімен шеше салады. Мен бұларды неге айтып отырмын, жалпы біз қазір тек саусақ ұшын қозғалтып қана әрекет ететін еріншектер кезеңін басымыздан өткеріп келеміз. Жас актрисаларға айтарым, еріншектікке бой алдырмаңыздар. Өнерге деген махаббат, ол ең алдымен жан-тәнімен еңбек етуден, үнемі білімді толықтырып, дамып отырудан тұрады. Сондықтан, актриса болу үшін допломның болғаны өте аздық етеді. Ол үшін өзін профессионалдық жағынан тынбай шыңдап отыру керек.

– Айнұр, киноға түсу жоспары бар ма ойыңызда?

– Ол енді, ұсыныстарға байланысты ғой, егер шақырып жатса, әрине.
– Егер,  уақытты кейiнге шегерсек, қайтадан  осы мамандықты таңдар ма едіңіз?

– Жасырмай атайын саған, мен бала күнімде  балерина болуды армандайтынмын, кейін әнші болсам деген де армандар жылтыңдап тұрды. Ал, маңдайға осы актрисалық тағдыр жазылыпты. Бірақ, ешқашан өкінген емеспін, иә, ойланбай-ақ  тағы да осы жолды таңдар едім.

– Қазақ театр өнерінің қазіргі жағдайы мен осыдан 10 – 15  жыл бұрынғы театрды салыстырып не айтар едіңiз?

– Салыстырсақ, арасы жер мен көктей ғой. Тәуелсіздік алған жылдары біраз театрлар шаңырақ көтерді. Солардың біразы қазір 22-23 маусымдарынының шымылдығын түріп отыр.  Олардың алғашқы жылдары қалыптасу жағына жұмсалды деп ойлаймын. Одан кейін даму кезеңі болса, нағыз шарықтау шегіне осы бес-алты жылда  жеткен шығар. Қазір бәрі дамыған уақыт қой. Заманауи техника бар дегендей. Өткен жылдың соңғы айында режиссер Сайлау Қамиев «Қозы көрпеш – Баян сұлу» мюзиклін қойды. Көрерменнің жақсы қабылдағанына сіз бен біз куә болдық. Тіпті, «классикалық туындыдан мюзикл жасау деген қалай болар екен...» деп, Қазақстанның түкпір-түкпірінен көрермендер келді.   Болашақта сондай ауыз толтырып айтарлық жұмыстар көп болады деп сенемін. Жалпы жаңашылдықтың экспертизасына барып жүр деп  Маңғыстау облысындағы режиссер  Г.Миргалиеваны да атап кеткенім жөн.  Сондықтан, «театр» деген ұғым өзгермегенмен, әр заман театрының өз ерекшелігі, алар биігі бар. Біздің заман театры осындай жаңашылдықтарымен танылып келеді.

Жалын жұтқан Жанна д'Арк! Бұл, бұйыртса,  сәрсенбі күні премьерасы өтетін спектакль. Осындай аңызға айналған тұлғаны, яғни басты рөлді сомдау бақыты мен жауапкершілігі сізге бұйырыпты. Премьера алдындағы көңіл-күй қалай? 

– Шүкір, бәрі де ойдағыдай. Бұл тарихи тұлға болғандықтан зерттеу, іздену, көп оқу керек болды. Шынымды айтсам, армандап жүрген рөлдерімнің бірі осы Жанна еді. Бағана айтқан «Ізгілік формуласындағы» Жан рөлін ерекше атап кеттім ғой. Ол бір ізетті, мейірімді жүректің иесі. Ол рөлді ойнағаннан соң кәдімгідей ерекше күйде жүремін. Жалпы, өмірде, көмегіңе  мұқтаж жандарға  дер кезінде қол созып, көзіңнен де, жүрегіңнен де мейірім төгіліп тұрғанға не жетсін!..

Жанна д'Аркқа келетін болсақ, бұл тіптен басқа амплуа. Ол жайында енді айтпай-ақ қояйын, премьераға шақырамын!  

Міндетті түрде барамыз! Ендеше, тек қана сәттілік! Әңгімеңізге көп рақмет.

Әңгімелескен:  Әсел Мұздыбай, Астана, 09.03.14.

Суреттер: Актрисаның жеке мұрағатынан.

Ұқсас материалдар