Қандастар Ассамблея

Айдар Махметов: "5 секунд уақыттың да салмағы бар"

17.02.2015 3142
Назарларыңызға «Самұрық-Қазына» АҚ Бұқарамен байланыс департаментінің директоры

Ақпанның 12-і күні Назарбаев Университетінде «Болашақ» бағдарламасының түлегі , «Астана» Президенттік кәсіби спорт клубының бас менеджері әрі  «Самұрық-Қазына» АҚ Бұқарамен байланыс департаментінің директоры – Айдар МАХМЕТОВПЕН кездесу өтті.

Айдар Махметов туралы ақпарат:

1979 жылы Астана қаласында туған.

1996-2000 жылдары Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті шет тілдер факультетін үздік бітірген, 

2000-2002 жылдарКассель университетінің экономика магистрі (Германия)

2007-2011 жылдар Кельн университетінің (Германия) саяси ғылымдар докторы, 

2011 жыл– Лондон, Ш. Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың иегері,

2002-2003 жылдар - Швейцария, Германия,Каратэ-шидоканнан әуесқойлар мен кәсіпқойлар арасында үш дүркін әлем чемпионы, ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

2006 жылғы қараша мен 2007 жылғы қазан айларында «Қазына» тұрақты даму қоры» АҚ инвестициялық менеджері. 
2008 жылғы қаңтар-тамыз айларында DEG – даму және инвестициялар банкінде жұмыс жасады, Кельн қаласы, Германия. 
2008 жылғы қазан мен 2010 жылғы қазан айы аралығында Гейдельберг қаласы, Германияда цемент өндіретін әлемдік ірі концерндердің бірі HeidelbergCement Group (DAX неміс индексіне кіреді) ТМД елдері бойынша басқармасында аға кеңесші болды, . 

2010 жылғы қарашадан 2011 жылғы қарашаға дейін «Астана» велокомандасының коммерциялық директоры болып қызмет істеген, Ницца қаласы, Франция (бас демеуші «Самұрық-Қазына» АҚ өкілі ретінде). 

2012 жылғы ақпан айынан бастап «Самұрық-Қазына» АҚ Бұқарамен байланыс департаментінің директоры болып қызмет істейді. 2012 жылғы желтоқсанда «Астана» Президенттік кәсіби спорт клубының бас менеджері болып тағайындалды. 

Кездесудің негізгі мақсаты университет қабырғасында білім алып жүрген жас буынмен жастар саясатын талқылап, пікір алмасып, сұрақтарға жауап беру болды. Студенттер «Болашақ» бағдарламасының емтихандары туралы, Қазақстандағы магистратура мен доктарунтурадан шет елдік оқу орындарының айырмашылықтары жөнінде сұрап, толық ақпарат алды.  Айдар Әлімжанұлы Елбасының тікелей бастамасымен ашылған «Болашақ» шәкіртақы бағдарламасы іске асырылған 21 жылдың ішінде жоғары білімді кадрларды қалыптастыруға айрықша үлес қосқаны туралы айтып, ендігі кезекте «Нұрлы жол» ұлттық идеясын  жүзеге асыру маңызды екенін ерекшеледі. 7 жыл Германияда болған тәжірибесімен бөлісіп, Қазақстанда іске асырған қызықты жобалары туралы әңгіме қозғады.

Айдар Махметов:

- Қазіргі таңда тек мамандығыңды біліп отыру өте аз. Жан-жақты бола білу керек. Оқып, ізденіп, жүрген ынталы адам әрдайым алғыр болады. Осындай қызметкерлер бәсекеге қабілетті Қазақстанды құруға бірден-бір үлестерін қосады, Елбасымыз жолдаған «Нұрлы жол» бағдарын жүзеге асыруға көмектеседі. Міне, сол мақсатта жас буынмен кездесіп, жиған терген тәжірибеммен бөлісіп, студенттерді мазалап жүрген сұрақтарына жауап беруге келдім.

 

«Адамның тұлға ретінде қалыптасуында оның қаны, ата-тегі маңызды рөл атқарады. Шет елдік ғылымдардың айтуы бойынша, адамның жетістіктеріне ген 20-30 % себепші болады. Мен бұнымен келіспеймін. Өзімнің және айналамдағы таныстарымның тәжірибесі негізінде адамның өміріндегі жеткен мақсаттарына, алған асуларына ата-ананың қанымен берілген қабілеттер, қасиеттер мен алған тәрбие  70-80 %-дай әсер етеді деп айта аламын. Бұған келтірер дәлелдерім де көп. Ал қалған 20-30 %  өмірлік тәжірибемен және жеке ізденіспен келеді», - деді Айдар кездесу барысында.

 - Айдар, Жас буынға қандай маңызды кеңес бере аласыз?

- Өмір беріп  тұрған мүмкіндіктерді толықтай  қолдансын деймін. Жұмысқа орналасқан кезде өзге қызметкерлерден артықшылығыңды көрсетіп, адамдардың есінде қалатындай болу керек. Мысалы, тіпті лифт ішінде басшылықпен кездесіп қалсаңыз, сол 5 секунд ішінде міндетті түрде өзіңізді таныстырып, осы жердегі жұмысыңызды өте бағалап, жаңа жетістіктерге талпынатындығыңыз туралы айтып үлгіріңіз. Себебі, бұл өте маңызды.

 

Жамин Елгезекова, Халықаралық қатынастар факультетінің 2 курс студенті:

- Бүгінгі келген қонағымыз өте қызықты кейіпкер болды. Айдар  Әлімжанұлы  жұмыс бапты адам болса да, әрдайым спортпен шұғылданып, іс-шараларға қатысып, белсенді өмір сүреді. Шет елде 8 жыл оқып, жұмыс істесе де, жеткен жетістіктеріне, жұмысындағы лауазымына қарамай халқының ұлы болып отанына оралды. Қазақстанның дамуына аянбай еңбек етуде. Осындай адамдар біз үшін үлкен үлгі және мақтауға тұрарлық жандар.

Кездесу соңында Айдар студенттерге спорт саласынан сұрақтар қойып, дұрыс жауап бергендерге кішігірім сыйлықтар сыйлады. Ал студенттер қауымы келген қонаққа естелік ретінде күнтізбе мен фуражка ұсынды.

Айгүл ШЕРНИЯЗОВА

Ұқсас материалдар