Қандастар Ассамблея

Ая Өміртай: "Журналистер қауымы оқырманның көкейіндегіні жеткізе білуі керек".

04.10.2014 4352
Қазіргі заманның БАҚ өкілдеріне қояр талабы жөнінде осы саладағы мамандардың өз аузынан естігенді жөн көріп, жас мультимедиялық журналист Ая Өміртаймен сұхбат жүргіздім.

Белгілі тележурналист, қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің жетекшісі болып қызмет етіп жүрген Берік Уәли бір сұхбатында: «Өзім 15 жыл тележурналист болған соң, қарайсың. Көресің. Салыстырасың. Кәсіби журналисттік тұрғыдан айтарым, жастарға көп еңбектену керек. Бұл әдеттегі айтатын жаттанды сөз тіркестері емес. Бұл заманда мәтінді жаттап алып, міңгірлеп тұрғаның өтпейді», деген болатын. Орынды айтылған сөз. Қазіргі заманның БАҚ өкілдеріне қояр талабы жөнінде осы саладағы мамандардың өз аузынан естігенді жөн көріп, жас мультимедиялық журналист Ая Өміртаймен сұхбат жүргіздім.

- Сәлеметсіз бе, Ая. Алдымен өзіңізді таныстыра кетсеңіз?

- Сәлеметсіз бе. Мен «Қазконтент» АҚ-ға қарасты BAQ.kz ақпараттық порталының журанистімін. Осыған дейін бірнеше ірі сайттарда жұмыс істеп, біраз тәжірибе жинақтадым. Қазақ журналистикасының қара шаңырағы болып табылатын Әл Фараби университетінің түлегімін. Ол жерде жаңа медиаға қатысты шетелден келген көптеген білікті ұстаздардан дәріс алғам.

- Жаңа медиа демекші, сіз өзіңізді әмбебап журналистпін деп есептейсіз бе?

- Толыққанды әмбебап журналистпін деп айта алмаймын, бірақ соған тырысып жүргендердің бірімін. Батыстық журналистиканың стандарттарына салатын болсақ, мультимедиялық журналист деген – ол өзі сурет пен видеоға түсіре алатын, ақпаратты өзі өңдеп, дер кезінде жариялай білетін жан-жақты журналист. Бұл ретте, мен әлі қалыптасу үстіндемін десем болады.

- Отандық ақпарат құралдарының арасында мультимедиялық журналистика саласынан кімді ерекше атап өтер едіңіз?

- Бұл платформада жұмыс істеп жүргендердің арасынан «Азаттық радиосын» ерекше бөліп айтар едім. Мен ол жерден тәжірибеден өткенмін. Сол кезде байқағаным, ондағы журналистер оқиға орнынан видео түсіріп, сонысын монтаждап, репортаж бергенге өте шебер. Сондай-ақ, олар әлеуметтік желілерде де белсенді.

- Журналист ретінде сізден кеңес алып қалсақ. Мақала оқырмандар арасында кең талқылау тудыру үшін не істеу керек?

- Алдымен қоғамдағы өзекті мәселені қозғау керек. Айтылмай жүрген тақырыптарды зерттеген абзал. Журналистер қауымы оқырманның көкейіндегіні жеткізе білуі керек. Сонымен қатар, мақала жазғанда бейтараптылықты ұстанған жөн. Өзіме келер болсақ, мен тақырып қоюға келгенде біраз кідіріп, қиналатыным рас. Өйткені материалдың оқылуына тақырып көп әсер етеді. Бұл ретте, мен шетелдік мамандар өткізетін семинар, треннингтерге қатысуға кеңес беремін.

- Журналист болам деушілердің құлағына алтын сырға. Ая ханым, сұхбатыңызға рахмет. 

Ұқсас материалдар