Қандастар Ассамблея

Қайғылы белдеудің пайда болу тарихы

04.09.2014 2277
Қазақ халқының тарихында «анау – сенiң жерiң», «мынау – менiң жерiм» деп ауызша айтқанмен, сол жердi қағазға сызып түсiру рәсiмi болмаған.

Қазақ халқының тарихында «анау – сенiң жерiң», «мынау – менiң жерiм» деп ауызша айтқанмен, сол жердi қағазға сызып түсiру рәсiмi болмаған. Жердi рәсiмдеп шарт жасау бiзге Ресейдiң отарлау саясатымен, яғни шұрайлы жерлердiң шекарасын қорғап тұрған казактар мен қарашекпендiлерге жердi қазақтардан тартып әперу саясатымен бiрге келген.

Бiрiншi Петр 1708 жылы Ресейдi тұңғыш рет губернияларға бөлдi. Солардың бәрi қазiргi Солтүстiк Қазақстан облысының жерiне қараған Сiбiр губерниясы, орталығы Тобыл қаласы болды.

Ресей үкiметi ХVIII ғасырдың ортасында Сiбiрдегi шептерiн нығайта түсу үшiн мұндағы әскердi басқаруға Киндерман деген генералды жiбердi. Киндерман бұрынғы Ишим шебiн кей тұстарында 200, кей тұстарда 50 шақырым оңтүстiкке қарай жылжыта түсiп, оны Орынбор, Ертiс шептерiмен жалғастыруды ұсынды. Бұл отарлау iсiн жасырмақ болып, «Жоңғарлар шабуылынан қорғану үшiн» деп атады. Шынына келгенде, Ресейге қауiп төндiрiп тұрған жоңғарлар жоқ едi. Бұл қазақ­қалмақ соғысын пайдаланып, қазақ даласының шұрайлы бөлiгiн басып алу амалы болатын. Айталық, бұрынғы шекара, «Есiл шебi» қазiргi Лебяжье станциясы, Макушино және Петухов, Мамлют станциялары терiстiгiмен, яғни Сiбiр трактасы бойымен өтсе, генерал Киндерманның ұсынысымен шекара Петропавл­Преснов, Пресноредуть­ Звериноголовск селоларымен өттi. Қазақ жерi болып келген Мамлют ауданының бiраз жерi, Түмен облысының Ишим ауданы, Қорған облысының Петухов, Макушино, Лебяжье, Половинка (Ақсиыр), тағы басқа жерлерi Ресейге қарап қалды. Петропавл – Қостанай тас жолының солтүстiк жағындағы Жамбыл ауданына қарасты жерлер түгелiмен Ресейге қарап қалды. Кеңес өкiметi кезiнде орыс тарихшылары Россияның отарлық саясатын жасыру мақсатында ХVIII ғасырға дейiн Есiл өзенiнiң солтүстiк бетiн бос жатқан жер едi, қазақтар ол жерде қоныстанбаған деп, тарихты бұрмалап келдi. Бұл пiкiрдiң қате екенiн Қожаберген жыраудың мынадай жыр шумақтарымен да дәлелдеуге болады:

 

Атанған бабам Ғали Ашамайлы,

Өсiрген мыңдап тайлақ, құнан-тайды.

Сiбiрге ұрпақтары қоныстанып,

Ел болып ерте кезден қанат жайды.

 

Шалқар көл, ну орманды Сiбiр жерi,

Сiбiрдi мекен еткен Керей елi.

Егiн сап, күн көрудiң қамын ойлап,

Бас қосып кеңес құрған би мен бегi, –дейдi. Жырдағы Ашамайлы Ғалидың Керей шежiресiмен жылын есептесек ХV ғасырға келедi, яғни уақыт жағынан Қазақстан тарихымен үйлес.

Қазiргi Солтүстік Қазақстан облысы жерiндегi қазақтар ХV ғасырда Сiбiр хандығы – Жошы хандығы – Қазақ хандығы құрамында өмiр сүрген қазақтардың ұрпағы екенi анықталып отыр. Қорған қаласынан 7 шақырымдай жерде Бақсары деп аталатын село бар. Бұл Балта Керей Бақсары батыр Райжанұлының (1683­1778) есiмiмен аталған. Сол маңай Бақсары батыр жерi болған. Мокроусов ауданының шығыс бөлiгi Керейдiң Балта атасына тиiстi жер болған. Макушино ауданының Мәртiн, Күмiскөл (Серебрянка), Сетевной ауылдары Таузар Көшебесiне қарасты болған. Салғара ақын (1759­1858) «Көшкен жұрт» атты өлеңiнде:

 

Жиырма ауыл көшiп Балтадан

Жүрекке жара салдырған.

Немеребай, Рай орманын

Есентай жатқа қалдырған.

 

Рай көлi дөңiнде

Туған екен Есентай.

Көшерiнде қиналған

Өз қонысы қия алмай.

 

Дұшпан алды ерiксiз

Бақсары батыр жерлерiн.

Пайдаланды, дариға-ай,

Байлығы мол көлдерiн, – деп жырлайды. Салғара ақынның осы өлеңiндегi ауыл, жер­су аттарын Макушино ауданының картасынан кездестiруге болады. Немеребай орманы деген жерде «Немеровка» селосы бар, «Рай» атты көлi де, «Есентай» атты жерi де бар. Ресей отаршылдары негiзiнен Петухов ауданы жерiнен 15 мың шаңырақ Абақ Керейдi Ертiстiң сыртына Құлынды даласына қоныс аудартқан. Бұл көштi басқарған Бердәулетұлы Жәнiбек батыр (1710­1805) болатын. Осы уақиғаны Сегiз Серi «Туған елiме» деген өлеңiнде былайша жырлаған:

 

Кетiрдi берекеңдi сол көшкен ел,

Күйiндi жұрты азайып Маралдай ер.

Ұтылды қартайғанда ер Жәнiбек,

Бiр кезде болғанменен сiздерге бел.

 

Құлындыға төрт жүйе елiң көшiп,

Баласы Керей-Уақ бағың тайды.

Ол жерге барғаннан соң тұрып қалмай,

Алтайға ауамыз деп тартты қайғы.

 

Азшылығың қоныстан қозғалмадың,

Сөзiне патша әкiмi алданбадың.

Марал ишан дұшпанмен соғысса да,

Ақ туын қолына ұстап пайғамбардың.

 

Осылайша Ресей мемлекетi ХVIII ғасырдың ортасында жоғарыда көрсетiлген жерлерден қазақтарды қуып, солтүстiктегi шекарасын 50­200 шақырымға дейiн кеңейттi.

Тарихта «Горькая линия» («Қайғылы белдеу») деп аталып қалған. Бұл белдеу тұтасымен біздің Солтүстік Қазақстан облысы жерінен өткен.

«Есімдері ел есінде», құрастырған Абай Тасболатов

Ұқсас материалдар